МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІН ҚАБЫЛДАДЫ
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Чехия колледжінде оқитын атыраулық Абай Нұрсұлтановты қабылдады»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Халықаралық қатынастар» факултетінде оқитын студент А.Нұрсұлтанов 2016 жылы қаладағы №38 мектеп-гимназияның 9 сыныбын тәмамдап, 2017 жылы Чехия елінде оқуын жалғастырады. Осы жылдың ақпан айынан 4-курсты қашықтан оқуда.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жастар атынан алғысын білдірді.
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевтан келген жауап хатты Абай Нұрсұлтановқа оқып, табыстады. Онда «Құрметті Абай! Тәуелсіздік жылдарында біз өзімізге деген сенім тұрғысынан белсенді өмір сүретін патриот, мақсат айқын және жауапты жастар ұрпағын өсірдік. Дәл Сіздердің қатарларыңыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығының жарқын символы. Оқуыңды аяқтаған соң біліміңді отанымыздың игілігі үшін жұмсайтыныңа сенімдімін»,- делінген.
Ал, А.Нұрсұлтановтың өзі «алғашында менің жазған хатым, Мемлекет басшысына жетпейтін шығар деп ойладым, алайда жауап хат келгеннен кейін әр адамның дауысы Президентке жететініне сендім»,-дейді.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов алдан үлкен үміт күттіретін Абайға жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ, Президенттің артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.