ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ: АЛДА — БІЛІМ СЫНАҒЫ!

3-   Міне, оқу жылы да аяқтала келді. Мектеп түлектерінің он бір жылдық білімін сарапқа салатын маңызды шара – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің өтуіне де санаулы күндер қалды. Аталған шараға облыс мектептерінің қаншалықты дайын екендігін саралау мақсатында облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен ҰБТ өткізу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. 

Орта мектепті бітірушілердің білім сапасын бағалау – Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу биыл біздің облыста 4-8 маусым күндері аралығында жүзеге асады. 
Облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиевтың айтуынша, тест өткізу пункттеріне сақтық шаралары үшін металл іздегіштер алынып, бейнежазба камералары, ұялы телефон байланысын тұншықтыратын құралдар орнатылды.
Биыл облыста орта мектепті бітірушілер саны 5040-ты құраса, тестілеуге қатысатын түлектер – 4141. Бұл барлық бітірушінің 82,2 пайызын құрайды. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 83,2 пайыз еді.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Рима Қобданова қаладағы ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, барлық тест өткізу пункттері қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атырау қаласы бойынша орта мектепті биыл 1799 оқушы бітірсе, соның тек 1564-і ғана Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге тілек білдірген.
Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан оқушылардың ҰБТ-ға қатысу деңгейі төмен екендігін айта келіп, оқушылардытүгелдей қатыстыруға жұмыстану керектігін, қалалық білім бөлімінің жұмысы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің қорытындысы бойынша бағаланатынын баса айтты.
Сондай-ақ, аудандардың басшылары да сөз алып, ҰБТ-ға дайындық жұмыстарының толыққанды жүріп жатқандығын жеткізді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл алғашқы рет өтіп отырған жоқ, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Өткен жылмен салыстырғанда, биыл айтарлықтай үлкен өзгерістер жоқ. Дегенмен, бұл шараға үлкен мұқияттылықпен қарау керек. Облыста бүкіл материалдық-техникалық, ұйымдастыру мәселелері толығымен шешілді. Ендігі кезекте аудан әкімдеріне балаларды тасымалдауға, жатақханалар мен сауықтыру орындарына күні-түні кезекші орнатуға, тамақтардың сапасына үлкен мән беруді тапсырамын. ҰБТ аяқталған соң аудандар көрсеткішінің рейтингісін шығарып, сондай-ақ, соңғы жылдары төмен нәтиже көрсетіп келе жатқан он мектептің тізімін жасақтап, тиісті шаралар қолдану керек. Өйткені, бұл тестілеудің қорытындысы облысымыздың республикадағы рейтингісіне үлкен әсер етеді, – деп, ішкі істер бөлімдері қызметкерлеріне де ҰБТ кезінде өз істеріне аса жауапкершілікпен қарап, өткен жылы өзге облыстарда орын алған жағдай өңірде қайталанбауын нақты тапсырды. Ол үшін орнатылған металл іздегіштерді, бейнежазба камераларын, ұялы телефон байланысын тұншықтырғыштарды пайдалануды талап етті.
Бұған қоса облыс әкімінің орынбасары Құрманғазы ауданының білім беру сапасына ерекше тоқталып: «Былтыр «Алтын белгіге» үміткер 176 оқушының 45,5 пайызы білімдерін ақтап шықты. Биыл үміткерлер саны 179-ға жетіп отыр. Оның ішінде бір ауданның өзінде «Алтын белгіге» 37 үміткері бар Құрманғазы ауданын ерекше атап өту керек. Ауданда былтыр да үміткерлер саны көп болған. Бұл ауданның білім беру жүйесінің жоғарғы деңгейін көрсетеді», – деді ол.
Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің қорытындысы бойынша екі түлек 124 балл жинақтаған еді. Осыған орай, сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан биылғы жылы бұл көрсеткішті көтеріп, ең жоғары 125 балл жинақтаған түлекке айрықша қамқорлық жасалатынын жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз