Жарнама
Білім

ҮЛКЕН ҮМІТ ЖЕТЕЛЕП

— Злиха Қадырбайқызы, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын өткізуге облыс мектептерінің дайындық деңгейі қандай?
— Айтып кететін ең басты хабарлама – аталған тестілеу форматына биыл өзгерістер енген жоқ. Облыста тестілеу үш лекпен өтеді. Сынаққа қатысушыларды тасымалдау және тамақтандыру ұйымдастырылады, жатақхана орындары дайын.
Облыс мектептерінде кешендік дайындық бағдарламалары енгізіліп, психологиялық, ұйымдастырушылық, технологиялық, ақпараттық бағытта жұмыстар жүргізілуде. Ең басты мақсат – оқушыларды психологиялық тұрғыда дайындауға үлкен көңіл бөлініп отыр.
Өңірде биыл Ұлттық бірың-ғай тестілеу Жылыой, Индер, Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандары орталықтарында, Мақат ауданының Доссор кентінде және Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде орналасқан тестілеу орталықтарында маусымның 2-6 күндері аралығында өтеді. Исатай ауданында тестілеу пункті болмағандықтан, бұл ауданның түлектері сынақты облыс орталығында тапсырмақшы. Айта кетсек, 2769 мектеп бітіруші тасымалданып, 439 түлек жатақханаға орналастырылады.
— Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің білім сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасқан 10 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысының білім көрсеткіші үшін ең сәтті кезең деп қай жылды бағалайсыз?
— ҰБТ жүйесі енгізілгеннен бергі нәтижелерге көз жүгіртсек, ең сәтті деп өткен оқу жылының қорытындысын айтуға болады. Бұл кезде облысымыздың орта көрсеткіші 74,1 пайыз болды. Атыраулық үш түлек 125 балл жинап, мерейімізді асырды. Ал, биыл мектеп бітірушілердің 152-сі «Алтын белгіге», 81-і «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында.
— Көрсеткіштерге сүйене отырсақ, жыл сайын ұлттық гимназиялар, қазақ-түрік лицейі, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназия түлектері жоғары балл жинап, жалпы білім беретін орта мектептердің деңгейінен басым келеді. Осы орайда өз пікіріңізді білдірсеңіз.
— Бұл – мамандандырылған оқу орындары болғандықтан, мұнда пәндер тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ, бағдарламадағы сағат санының көптігі, материал мазмұнының күрделілігі бұл білімнің де жоғары, сапалы болуына, әрине, септігін тигізеді. Сондықтан, бұл оқу орындарында білім сапасының жоғары болуы тестілеу нәтижесінде де өз жемісін береді. Алайда, бұл бала осындай мамандандырылған мектепте оқуы тиіс деген сөз емес. Баланың өз қабілеті мен таңдауына қарай жалпы орта білім беретін мектептерде де оқушылар жақсы білім алуда. Яғни, мамандандырылған оқу орындары оқушыларының білім деңгейі де, жалпы білім беретін орта мектептер шәкірттерінің деңгейі де орта білім оқу бағдарламасын меңгеруімен бағаланады.
— Оқушылар алдын ала дайындық тестілеуден өтіп келеді. Бұл шараның әзірге нәтижесі қандай?
— Түлектердің ҰБТ-ға психотехникалық бейімделуі үшін қала, аудан мектептерінде бекітілген жоспарға сәйкес ай сайын байқау сынақтары жүргізіліп келеді. Қолда бар нәтижелер бойынша облыс көрсеткіші наурыз айында 75,3, сәуірде 73,4 орта ұпайды құрады.
— Тест сұрақтарына биыл қандай өзгерістер енгізілуде? Тест сұрақтарын дайындайтын мемлекеттік комиссия құрамында атыраулық мамандар бар ма?
— Соңғы жылдары тест сұрақтарына қатысты кемшіліктер реттелді. Сұрақтар оқу бағдарламасы шеңберінде құрастырылуда. Биыл да сұрақтарда орын алған өзгерістер туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Ал, екінші сұраққа келер болсақ… Иә. Облысымыздың педагог мамандары, құрастырылған тест тапсырмаларын тексеруден өткізуге және спецификасына байланысты үлгі-нұсқаларын дайындауға жыл сайын қатыстырылып жүр.
— Пәндерге келер болсақ. Рейтинг бойынша түлектер қай пәнді көбірек таңдауда?
— Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік ерекшелігіне байланысты түлектеріміздің көбі техникалық, экономикалық мамандықтарды таңдайды. Осыған байланысты бүгінгі таңда мектеп түлектерінің көбірек таңдайтын пәні ретінде физика, география, ағылшын тілі, тарих, биология пәндерін атауға болады.
— Оқушының тест тапсыруға ниет білдірген сұранысын қабылдамайтын сынып жетекшілеріне қандай шаралар қолданылуда және мұндай жағдайлар кездесті ме?
— ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау жыл сайын 10 наурыздан 25 сәуірге дейін қабылданады. Осы жерде айтып өтетін басты мәселе – ҰБТ-ға қатысу – әрбір шәкірттің өз құқығы және таңдауы. Бұл жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Сондықтан, тест тапсыруға ниет білдірген оқушының сұранысын қабылдамау жағдайлары кездескен жоқ.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button