Креативті Ұлдана ұстаз
Қай мемлекеттің де негізгі тірегі – білімді де білікті азаматтар. Әсіресе ұстаздар қауымының орны бөлек. Бұл мамандық көп қырлылықты, қажымас еңбек пен талмай ізденісті талап етеді. Бүгінде осындай талап үдесінен шығып жүрген ұстаздардың бірі – жас та болса көпке үлгі Ұлдана Наурызбаева.
Елдің батыстағы қақпасы іспетті Құрманғазы ауылының тумасы Ұлдана Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Екі шетел тілі» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Туған ауылындағы Абай атындағы жалпы орта мектебінде «педагог-сарапшы» санаты бойынша ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп жүргеніне де біршама жылдың жүзі аунаған. Жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2020 жылы аудандық «Jas Daryn» және жастар премиясынан «Үздік жас ұстаз» номинациясына ие болды. Сол жылы облыстық телеарна мен радиоға, басқа да телебағдарламалардың тікелей эфиріне шақыртулар алып, кең көлемде сұхбат беріп, өз тәжірибесін көпке бөлісті.
Сол жылы британдық кеңес ұйымдастырған Халықаралық «TҺе Best English Vidеo lesson» байқауынан І орын, The ATENK Internationаl Virtual Conference «Bridging the Gap in Noth Kazakhstan: Think globelly, act locally» сертификаттарын қанжығасына байлады. Соның нәтижесімен британдық кеңестің ресми сайтының lmpact Stories бөліміне де сұхбат беріп, өз қызметі туралы пікір бөліскен. Бұл жөнінде біздің газеттің бетінде де жазылған еді.
Қазіргі оқыту үйретудің мазмұны да, соған сай амал-тәсілдері де күрделілене түсті. Әрқашан ізденісте жүріп, теориялық білімін кеңейтіп, өмірлік тәжірибесін өзгелерге үйрете жүріп жоғарғы сынып оқушыларына арналған грамматикалық тұрғыдағы бірнеше бейнесабақты YouTube каналына жариялап, шәкірттерінің кәсіби дамуына жағдай жасап отыр.
2022 жылы облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауынан сертификат алып, сол жылы ағылшын тілін оқытатын жекеменшік «Advance» атты орталық ашуы да оның тәжірибесіндегі зор жетістіктердің бірегейі. Орталықтың көптеген оқушылары шет тілінде еркін сөйлеу дәрежесіне жетіп, білім додаларында топ жарып, жүлделі орындарды да иеленіп жүр. Мектеп бітіргендері танымал жоғары оқу орындарына түсіп, үздік студент атанып келеді.
Сондай-ақ Ұлдана ұстаздың былтыр АҚШ елшілігі мен Қазақстандағы Fulbright қоғамдастығы ұйымдастырған оқыту семинарында «Үздік білімі үшін» сертификатын иеленуі де бекер емес.
Ұлдана Наурызбайқызы оқушылар арасында шет тілінде дебат түріндегі пікірсайысты қалыптастырған. Осы еңбегінің нәтижесінде облыстық дебат пікірсайыс турнирінен оқушылары ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Шәкірт алғысына бөленіп жүрген ардақты мұғалімнің алға қойған мақсаты да айқын.
– Болашақта шет тіліне қызығушы ортаның қалыптасуын әлі де кеңейте түсіп, заман талабына сай шет тілінің қажеттілігін тек оқушыларға емес, жалпы көпшілікке үйреткім келеді, — дейді ол.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде мұғалімнің еңбегі зор. Ал, ұстаз деген ұлы есімге қашан да сай болып, мінсіз қызмет ету кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Жас та болса осындай атаққа сай, білім беру саласынан өзіндік орнын алған Ұлдана ұстаздың бойында креативтілік қасиет те басым. Оның бүгінгі цифрлық заманның балаларын мектеп бағдарламасына қызықтырып, оқушының бойына жан-жақты дағды қалыптастырудағы шеберлігіне ерекше ден қойғаны қуантады.
– Креативті мұғалім әуелі білімді болуы тиіс. Оқушыға білім беріп қана қоймай, соны ұтымды пайдалана білу де маңызды. Қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы болғандықтан, жыл сайын жаңарып жатқан әдістерді күнделікті қызмет барысында қолдана білу – мұғалімнің ең басты міндеті. Креативті маман қазіргі заманға сай цифрлық сауаттылығы жоғары, интербелсенді болуы шарт. Әр оқушыны жеке тұлға ретінде көріп, олардың қоғамда орнын табуға септігін тигізе білген дұрыс. Білім бағдарламасындағы сәт сайынғы өзгерістерге, жаңашылдықтарға кез-келген уақытта дайын болып, оны жедел игеріп, білім алушыларға сол арқылы жұмыс жасауды үйретіп отырса – нағыз жаңашылдықтың көрінісі. Бұл жолда өзіме сын көзбен қараудан еш тартынған емеспін, — дейді Ұ.Наурызбаева.
P.S. Ойынан да, сөзінен де нағыз білікті ұстаздың белгілері байқалып тұрған Ұлданаға біз де қызыға қарадық. Мұндай мұғалімнің алдында отырып, білім нәрімен сусындаған шәкірттердің де зор жетістікке жетіп, олардың вундеркиндтердің қатарынан орын алары да сөзсіз.
Тоғжан ЕРМЕК