
«Келешек мектебі»: Облыста 6 жаңа білім ордасы салынып жатыр
Білім саласында жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалардың бірі – «Келешек мектебі». Бұл бастама елдегі үш ауысымды оқыту мәселесін жойып, балаларға қолайлы әрі заманауи білім ортасын ұсынуды мақсат етеді. Осыған байланысты Атырау өңірінде қандай жұмыстар қолға алынғанын облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиевадан сұрап білдік.

– Айнагүл Ғибатоллақызы, алдымен «Келешек мектебі» ұлттық жобасының негізгі мақсаты мен облыс үшін маңыздылығына тоқталып өтсеңіз…
– Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр. Негізгі мақсаты – ел бойынша үш ауысымы, апатты жағдайдағы және оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін түбегейлі шешу. Атырау облысында да бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Келешек мектебі» шалғай ауылдардағы балалардың білім алуына, қаладағы оқушы жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – болашақтың мектебі. Заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту арқылы біз оқу сапасын да жаңа деңгейге көтереміз.
– Қазір облыста қанша мектептің құрылысы жүріп жатыр және олар нақты қай елдімекендерде орналасқан?
– Қазір облыста «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында алты жаңа білім ордасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа мектептердің үшеуі облыс орталығы – Атырау қаласында, нақтырақ айтқанда, «Ақсай-2», «Жұлдыз-2» және «Жұлдыз-3» шағынаудандарында бой көтеріп жатыр. Әрқайсысы 900 орындық. Сонымен қатар Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға арналған екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал Құлсары қаласындағы «Атырау» шағынауданында 1 200 орындық тағы бір жайлы мектеп салынып жатыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5 100 бала білім алады деп күтілуде.

– Бұл білім нысандарының жалпы мектептерден ерекшелігі неде?
– Бұл – жай ғана мектеп емес, жайлы және қауіпсіз орта. Әр мектеп жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған кедергісіз орта қалыптастырылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сонымен қатар спорт залы, асхана, акт залы, кітапхана, психолог, логопед және медициналық кабинеттер, заманауи оқу сыныптары, физика-химия зертханалары мен STEM кабинеттері бар. Мұның бәрі – балалардың жан-жақты дамуына арналған кешенді орта.
– Білім ордаларының құрылысы қашан аяқталады?
– Алты мектептің құрылысын биыл аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде үшеуі келесі жылы пайдалануға берілмек. Мысалы, Атырау қаласындағы «Жұлдыз-2» және «Жұлдыз-3» шағынудандарында салынып жатқан мектептер №39 орта мектептегі үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге ықпал етеді.

– Алдағы оқу жылында тағы қандай жоспарлар бар?
– 2023-2025 жылдары аралығында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында барлығы 9 жаңа білім беру мекемесін салу жоспарланып отыр. Өткен жылы оның үшеуі тапсырылып, бір ауысымда 2 700 оқушыны қабылдауға мүмкіндік берілді. Жоспарланған межелер толық іске асқанда өңірдің білім беру саласында үлкен серпіліс болады деген жоспар бар.
– Құрылыстың сапасы мен мерзімі де маңызды мәселе. Қадалағалау жұмыстары қалай жүргізілуде?
–Иә, бұл өте орынды сұрақ, Құрылыс жұмыстары тиісті мердігер компанияларға жүктелгенімен, облыстық білім беру басқармасы мен техникалық қадағалау мекемелері күнделікті бақылау жүргізіп отырады. Әрбір құрылыс кезеңі жіті тексеріліп, мемлекеттік стандарттарға сәйкестігі қадағаланады. Өйткені балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін ең маңыздысы – сапа.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жарқын келешек үшін жасалып жатқан жұмыстар жалғасын таба берсін!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА