ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ТАЛАП – КРЕАТИВТІЛІК

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында «...барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды» деп айрықша атап көрсетті. Өте орынды талап. Қазіргі мектептің оқу-тәрбие үдерісінің стратегиялық мақсаты ата-бабаларымыз жинақтаған рухани құндылықтарды арттыруға қабілетті толыққанды шығармашылық тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

 Осыған байланысты мектеп қоғамға шешуші ықпал етуі үшін білім беру сапасын арттыру мәселесі туындайды. Ол мұғалімнің шығармашылық ойын, өзін-өзі дамыту мен жетілдіруге деген ізденістерін жан-жақты дамытуды қарастырады, бұлар өз кезегінде жоғары кәсіби шеберліктің айқын дәлелдемесі екендігі де қапысыз. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімнің педагогикалық біліктілігінің негізгі көрсеткіштері мыналар деп түсінген жөн: 1) белсенді педагогикалық қызмет; 2) шығармашылық тұлғаны тәрбиелеу барысындағы педагогтің рөлін түсіну; 3) жалпы және кәсіби мәдениетін үздіксіз көрсету; 4) зерттеушілік қызметі; 5) жеке тәжірибесін қорыту; 6) оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелілігі.

Ең басты назар аударатын жайт – ендігі жерде жоғарыдағыдай мақсатты жүзеге асыру сабақтағы «мұғалім – оқушы» секілді дәстүрлі қарым-қатынас формасымен үйлеспейтін басқа педагогикалық жағдай жасауды талап етеді. Баланың өзін-өзі тануы мұғалімнің оны тұлға ретінде тануына байланысты, оның барысында ұстаз баланың талпыныстарына, ғажап, жоғары, рухани ізденушілігіне серпін беріп, оны қолдап отыруы тиіс. Айталық, бір ғана музыка пәнінен дәріс беруді мысалға алып ойымызды қорытып көрелік.

Шәкірттен дербес тұлғаны қалыптастыру үшін музыкалық білім беру мазмұнын қайта қарастыру, талдау қажет және де оны тұлғалық-бағдарланған тәсіл аясында модернизациялап, дамыту саласына бағыттауы тиіс. Мұғалімнің, тәлімгердің, балаларды шабыттандырушының шығармашылық ізденістерінің мәні тұлғаның үйлесімді-креативті дамуына жағдай жасаудан тұрады.

Мектептегі музыка сабағы оқытудың негізгі формасы ретінде әрбір оқушымен тұлғалық-бағдарланған әдіспен жұмыс істеу мүмкіндігін қиындатады, бірақ оқытуды саралаудың параметрлерін бөліп көрсетуге болады. Атап айтқанда, бұлар: а) сабақтағы оқу материалының көлемі мен күрделілігі; ә) мұғалім қолданатын әдістер мен тәсілдер; б) қарым-қатынас ерекшеліктері және педагогикалық бағалау.

Мұғалім оқушылардың білімін, машықтары мен дағдыларын қалыптастыру үшін кәсіби құзыреттілік пен сәйкес әдістер-тәсілдер жиынтығын меңгере отырып, оқушының тұлғасын үйлесімді дамытуға және оның өзін іс жүзінде көрсетуіне жағдай жасайды. Оның рухани байлығы мен көңілінің кеңпейілділігі, тәрбиелілігі мен жалпы және эмоционалды мәдениетті жоғары деңгейі – негізгі және айрықша қасиеті.

«Музыка мұғалімі» мамандығында жалпы педагогикалық және өзіндік ерекшеліктері (көркемдік-музыкалық) үйлесім тапқан, олардың барлығы педагогика саласына жатады, музыкантқа да қатысы бар. Педагогикалық қызмет сапасы, кәсіпқойлық, шеберлік, қазіргі қоғамда бәсекеге қабілетті болу талпынысы – осының барлығының өзіндік мәні бар. Өз қызметінде жоғары дәрежеге қол жеткізу, жұмыстағы кемшіліктерді жою үшін өз бетімен үздіксіз кәсіби білім алу құралдарын қолдануға болады.

Музыка мұғалімінің өз бетімен көркемдік білім алуының өзіндік ерекшелігі бар екенін де ұмытпаған жөн. Музыка өнердің ең күрделі де, қиын түрі бола отырып, оның басқа жанрларымен салыстырғанда визуалды, пластикалық немесе вербалды қолдаудан ада. Әуенді қабылдауға байланысты үдерістер құпия түрде жүзеге асады, барынша көп уақытты талап етеді. Сондықтан, музыкалық шығармаларды есту арқылы көркемдік-бейнелі қабылдау, қиялы, эмоциялары, көркемдік сезімі алғашқы орынға шығады. Мұғалім осылардың көмегіне жүгіне отырып, сабақта көбіне ауызекі немесе орындаушы интерпретатор, қиялы мен салыстыру арқылы оларды түпнұсқаға барынша жақындату арқылы музыкалық шығарма мен оқушы арасындағы медиум рөлін атқарады. Ол – әншінің, концертмейстердің, вокал педагогінің, режиссердің, актердің, музыка жетекшісінің, психологтың, әдіскердің рөлін қатар алып жүретін әмбебап маман. Бұл ретте музыка мұғалімі педагог шеберлігі құрылымын толықтай ашатын педагогикалық техникалық және мынадай машықтарды меңгеруі тиіс: музыкалық, әншілік, орындаушылық, шешендік, күнделікті сабақты өнер сабағына айналдыруға мүмкіндік беретін әртістік қабілеттері.

Музыкалық-педагогикалық қыз-меттің ерекшелігі – оның құрамдастарында көркемдік-шығармашылық компоненттердің болуында, ол мұғалімнің сабақта шығармашылық үдерісті ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Ұстаз музыканы театрландыру, әндерді сахналау, концерттік бағдарламаны құрастыру, мектепте мерекелік іс-шаралар, конкурстар өткізу немесе оларға қатысу барысында байқалатын сөз өнері, режиссерлік машықтарды терең меңгеруі тиіс. Сондықтан да, музыка мұғалімінің педагогтық-тәрбиелік қызметі музыкалық репертуарды іріктеу мен сынып сабақтары мен үйірме сабақтарының жоспарларын әзірлеу, оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын қалыптастыру мен оларды сабақтан тыс қызметтің ұжымдық формаларына (хор, ансамбль) тартудан тұруы тиіс.

Музыка сабағында пәнаралық байланыстарды (қазақ, орыс, ағылшын тілдері, әдебиет, бейнелеу өнері) қолдана отырып, «сыни ойлауды дамыту» педагогикалық технологиясын, пікірсайыстар мен шығармашылық педагогикалық шеберханалары технологиясымен сабақтарды құрылымдау үлгілерін қолданған жөн. «Құрманғазы шығармашылығы» тақырыбын өткенде қазақ тілі, тарих және өлкетану пәндерінің мағлұматтарын жан-жақты пайдалану оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуда ауқымды мүмкіндіктерге ие. Нәтижесінде, балалар бірнеше пән бойынша мәлімет алады, бұл олардың өзіндік кәсіби бағыттарын табуына септігін тигізеді.

Музыка сабағында жиі кездесетін «Отан», «Туған жер» тақырыбын өткенде карта бойынша композитордың немесе оның шығармасының туған жеріне виртуалды саяхатты ұйымдастыру, суреттер, иллюстрациялар салу, музыкалық сызбалар, тестілер, компьютерлік тұсаукесерлер құрастыру, сөзжұмбақтар мен шарадалар шығару, өлеңдер, пікірлер, музыкалық тақырыптарға арналған көрмелер арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру, сабақты жетілдіру мүмкіндігі туды. Халқымызда «Ұстаздан шәкірт озар» деген мақал бар. Атақты ақындар мен жазушылар, әншілер мен күйшілер өз шығармалары арқылы міндетті түрде өздерінің ұстаздарына деген құрметтерін де жеткізген.

Жалпы білім беретін мектептің музыка мұғалімінің кәсіби дайындығының іргетасын құрайтын негізгі компоненттеріне оның көркемдік-есту қабілеті, нақты вокалдық-сөздік интонациялауға қабілеттілігі, танымдық, талдамалы және зияткерлік сұраныстарын дамыту, музыкалық және жалпы дүниетанымын кеңейту, қоғамдық-саяси белсенділігі, педагогикалық шеберлігі жатады. Музыка сабағы – бұл өмірдегі өз орныңды табуға көмектесетін, шынайылығын, адамның бір-біріне деген сенімін, әлемге, өмірге деген ашықтығын сақтауға септігін тигізетін мектеп пәндерінің бірі, мұның өзі оқушылардың өз ойларының тереңіне бойлауына жол ашып, әрбір баланың өздігімен және әлеммен үйлесімділікте шығармашылық тұрғыда дамуына жан-жақты мүмкіндік берері сөзсіз.

Біз мұғалімнің бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел келешегін тәрбиелейтін дербес өнегелі тұлға ретінде қалыптасуы үшін ең қажетті компоненттерді бір ғана музыкадан (соның ішінде жалпы білім беретін мектептерде онша мән беріле қоймайтын пән деп те есептелетіні бар) дәріс беретін ұстазды мысалға ала отырып түсіндіруге тырыстық. Ең бастысы, ендігі талап – қайсы пәнді оқытса да әр мұғалім креативтілікке қол жеткізуге жұмыстануы тиіс екендігі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойып отырған «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуы да білім беру саласындағы әр қызметкерге осы жоғары талап үдесінен табылуды міндет етіп қояды.

Ләтифа ІЗМҰХАМБЕТОВА,

«Өрлеу» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының талдау және сараптау бөлімінің жетекші маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз