Италияның білім беру жүйесі қандай?
Бұл туралы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Мұнай — газ өнеркәсібін зерттеу институтының директоры Бекнұр Омарбеков әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп жазады atr.kz тілшісі.
“Ата-анамның қолдауымен Шет ел асып докторлық пен пост докторлық қорғадым. «Ғылым – кенің, ауырсаң – емің»- деп Шәкәрім хәкім Құдайбердіұлы айтпақшы, ғылыми жұмысымды шетелде жалғастырдым. Италия елінде L‘Aquila Университетінде, Инженерия факультетіндегі, «Horizon Europe -Target» бағдараламасымен, Цифрландыру (Индустрия 4.0) лабораториясында 3 жыл (2009-2012ж) арасында PhD ғылыми диссертациялық жобамды жасаған жылдарым- алтын кезең. Неге Италия мемлекеті, себебі Италия — ғаламшарға көрнекті суретшілер, сәулетшілер, мүсіншілер, философтар, дизайнерлер, ғалымдар мен инженерлерді сыйлаған әлемдік өркениет бесігі. Дәстүр бойынша ел жалпы ғылыми және қолданбалы салалардағы, өнер мен бизнестегі ғылыми-зерттеу қызметіне ресурстарды инвестициялайды. Франция, Ұлыбритания және Германиямен бірге университеттерде білім берудің біртұтас жүйесін құру үшін Еуропалық жоғары білім аймағының негізін қалаушы ел болып табылады.Жыл сайын әртүрлі елдерден шамамен 35 000 студент жоғары білім алу үшін Италияның негізгі қалаларына ағылады. Олар цифрлық технологиялардан, бизнестен, лингвистикадан, сәулеттен дизайн мен сәнге дейінгі әртүрлі салаларда білім мен мамандық алады”,- дейді Бекнұр Омарбеков.
Бекнұр Оразғалиұлының айтуынша, классикалық батыс университеттік жүйесі Италиядан, дәлірек айтқанда Болоньядан шыққан. Итальяндықтар еуропалық академиялық білім берудің барлық дерлік салаларында, әсіресе сәулет, дизайн, қолданбалы ғылымдар мен өнерде көшбасшы болып табылады.Бұл елдің әр қаласында дерлік ежелгі университет бар. Ал елдің өзі әлемдегі ең ірі экономикалардың қатарында және тұрақты дамыған елдердің қатарында. Орташа білім деңгейі де өте жоғары: АДИ бойынша Италия әлемде 26-шы орында.
Өзімнің докторлық қорғаған L‘Aquila университеті Стэнфорд немесе MIT сияқты танымал емес, бірақ бұл кәрі құрлықта өте беделді және белсенді дамып келе жатқан университет. Университет Италиядағы үздік университет болып табылады және білім сапасына, оқытушылар деңгейіне және студенттерді таңдауға өте жоғары көңіл бөлінеді.
Бакалавриат итальян тілінде жүргізіледі; магистратурада мамандықтардың жартысы (және барлық техникалық) ағылшын тілінде оқытылады; докторантурада әлеуметтануды және кейбір басқа пәндерді қоспағанда, барлық дерлік оқыту ағылшын тілінде өтеді.
“Осы жолы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен Италия Республикасына баруы сол бір 15 жыл бұрынғы ностальгияны, алтын кезеңді көз алдыма қайта әкелгендей болды. Сол бір әсерді, ғылым жолындағы сол бір ерекше қимас сәттер менің әлі күнге дейін жадымда. Дана халқымыз: «білімдінің күні – жарық, білімсіздің күні – кәріп», – деп бекер айтпаса керек. Жарық күнге ұмтылып, білім биігін бірге бағындырайық, достар! Екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықтың берекесі арта берсін”,- деп жазды ол facebook парақшасында.