«IQАNAT-2024» мәресіне жетті
«IQanat — 2024″ олимпиадасы қорытындыланып, салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Қазақстан Үкіметінің өкілдері, ІQanat құрылтайшылары, қамқоршылық кеңестің өкілдері қатысып, олимпиада жеңімпаздарын марапаттады. Білім бәйгесіне еліміздің әр өңірінен 1000 бала, оның ішінде Атырау облысынан 33 оқушы қатысты.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, ІQanat қамқоршылары барлық шығынды толық өтей отырып, Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқитын 100 баланы атады. Атыраудың намысын қорғаған 3 оқушыға — Бағытжан Нұрсұлтан (Индер ауданы), Мәдина Мақсотқызы мен Мүбәрәк Құнанбай (Жылыой ауданының қамқоршыларының жеке гранттары) ІQanat мектебіне оқуға грант берілді.
Сонымен қатар жүз оқушы IQ Advance жоғары оқу орындарына арнайы тереңдетілген дайындық бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында Аружан Аязбай (Индер ауданы), Ақарыс Серікқали (Исатай ауданы) мен Гүлжайна Серікқызы (Исатай ауданы) бар.
800 финалист олимпиададан кейінгі IQIP (IQANAT Intensive Program) бағдарламасының қатысушылары қатарына еніп, оның шеңберінде үш жыл ішінде тәжірибелі оқытушылар, тәлімгерлер мен кәсіби бағдар берушілер балаларды ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға дайындайды, ағылшын тілін үйретеді, сондай-ақ болашақ мамандық пен жоғары оқу орнын таңдауға көмектеседі.
Олимпиада аясында балалар үшін сарапшылар медиасауат, AI және дизайн сана, шешендік шеберлік, қаржылық және құқықтық сауат, қызмет таңдау сияқты тақырыптар бойынша дәрістер өткізді. Сонымен қатар оқушылар ғылыми сынақтарға қатысты. Жасөспірімдердің көкжиегін одан әрі кеңейтіп, қызыққа батыру үшін ұйымдастырушылар Алматы қаласындағы ботаникалық бақ пен орталық мемлекеттік музейлерге саяхат жасатты.
Атырау облысының қамқоршылары мен облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева салтанатты шараның құрметті қонағы болып, атыраулық балаларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ