Индерде 3 мектеп аралас тілде оқытылады
ҚАЙ САЛАДА БОЛМАСЫН ЕҢБЕКТІҢ САНМЕН ЕМЕС, САПАМЕН ӨЛШЕНЕТІНІ МӘЛІМ. БІЛІМ БЕРУ ІСІНДЕ ДЕ СОЛ. ИНЕМЕН ҚҰДЫҚ ҚАЗҒАНДАЙ ОСЫНАУ ҚИЫН САЛАДА БАЛАҒА БІЛІМ БЕРІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ӨЗГЕЛЕРДЕН ОҚ БОЙЫ ОЗЫҚ КӨРІНУ ОҢАЙ ЖҰМЫС ЕМЕС. МҰНЫҢ АРТЫНДА КӘСІБИ МАМАНДАРДЫҢ ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ МАҢДАЙ ТЕРІ МЕН АЛТЫН УАҚЫТЫ ЖАТЫР.
СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ОБЛЫСТА БІЛІМ САПАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫЛАҒАНЫ БАЙҚАЛАДЫ. ОҒАН ӘЛЕМНІҢ ӘР ТҮРЛІ ЕЛДЕРІНДЕГІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН АНЫҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ PISA ЗЕРТТЕУІ БОЙЫНША АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТКЕНІ ДӘЛЕЛ. ОСЫ ӨҢІРДІҢ ӨРЕНДЕРІН САПАЛЫ БІЛІММЕН СУСЫНДАТЫП, ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚПАЙТЫН ШӘКІРТТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРГЕН АУДАННЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ ДЕНДЕР АЙМАҒЫН АТАУҒА БОЛАДЫ. 15 ОРТА, 3 ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ 11 МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕСІ БАР АУДАНДАҒЫ АХУАЛМЕН ЖАҚЫНЫРАҚ ТАНЫС БОЛУ ҮШІН АУДАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ОРЫНША ДІЛМҰҚАШЕВАМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Орынша Матайқызы, «жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деп халқымыз тегіннен тегін айтпаса керек. Бала күнінде берілген тағылымды тәрбиенің адамның бой түзеуіне зор септігін тигізетіні рас. Сондықтан әңгіменің әлқиссасын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастайықшы…
– Айтуыңыз орынды. Балдырғанның бойындағы білім мен тәрбие негізі мектептен емес, балабақша табалдырығынан қаланады. Аудандағы 11 балабақшада 1-6 жас аралығындағы 1224 бүлдіршін тәрбиеленуде. Қазір жаңа оқу жылына Indigo.kz сайты арқылы бос орындар жарияланып, балаларды қабылдау жүзеге асып жатыр. Дегенмен әлі де балабақша кезегінде тұрған 1300-ден астам балдырған бар. Жалпы , мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткішін жоғарылату мақсатында елді мекендерден балабақша салу үшін Индер ауданы әкімдігі бекіткен қадамдық жоспар жасақталды. Соған сәйкес былтыр Аққала ауылында 90 орындық балабақша құрылысы басталды. Қазір құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер компанияның ұсынысымен жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу мәселесі бюджеттік комиссияда қаралуда. Ал, Көктөғайдағы дәл осындай балабақшаның құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек Құрылыс пен Ынтымақ ауылдарынан 50 орындық, Өрліктен 90 орындық балабақша салу жоспарланды.
– Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Осыдан-ақ біз жас ұрпаққа толыққанды білім берудің қаншалықты мәнге ие екенін аңғарамыз. Индерлік оқушылар өткен оқу жылын қалай қорытындылады?
– Иә, салаға жүктелген жауапкершілік жоғары. Ауданда жалпы орта білім беретін 15 мектептің 3-уінде ғана аралас тілде, қалғаны қазақша оқытылады. 13 мектеп типтік үлгідегі ғимаратта, 1 мектеп сәйкестендірілген ғимаратта орналасқан. Апатты жағдайдағы Қ.Есқалиев атындағы орта мектебі Есбол ауылында салынып жатқан 320 орындық мектептің құрылысы аяқталған соң көшіріледі. Қазір құрылыс жұмысы уақытша тоқтап тұр. 2023 — 2024 оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептерін 6410 оқушы аяқтады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны 150 балаға өскен. Оқу жылының қорытындысымен озаттардың саны – 912, оқу екпінділер саны – 2217 болып, білім сапасы – 56,2%. «Алтын белгіге» – 13, «Үздік аттестатқа» 25 оқушы қол жеткізді.
– «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген халықпыз. Орталықтағы озық әдістерден анағұрылым алыста болғанымен талантты балалардың әсіресе, ауылдық жерлерден көптен шығатыны белгілі. Дарынды оқушыларды қолдау бағытында қандай жұмысты қолға алдыңыздар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білім берумен қатар дарынды оқушыларға қолдау білдіру, оларды жан-жақты дамыту міндеттерін жүктеді. Аудандағы дарынды оқушылардың қабілет-қарымын шыңдап, таланттарын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында «Жас дарын» жобасы аясында бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшасында «Жас дарын» айдары ашылды. Онда әркез дарынды, қабілетті оқушылар мен олардың жеткен жетістіктері туралы жарияланып отыр. Мысалы, өткен оқу жылында II-VII сыныптар арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары бойынша «Зерде» байқауының облыстық кезеңіне қатысқан 7 оқушының үшеуі І орын, ІІ-ІІІ орындардың әрқайсысын 2 оқушыдан иеленді. Республикалық кезеңге қатысқан Інжу Жалғас, Бану Асылбекқызы, Нұрасыл Мәдениетұлы жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал, облыстық ғылыми жобалар байқауында 2 оқушыға І орын, 2 оқушыға ІІІ орын бұйырды. Былтырғы оқу жылында тұңғыш рет ұйымдастырылған ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың Астана қаласында өткен республикалық кезеңіне Индер ауданынан 6 оқушы қатысып, 4-еуі жүлделі орынға ие болса, 1 оқушы арнайы грамотамен марапатталды. Оқушылар арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың республикалық кезеңіне де қатысып, ұстаздарының еңбегін ақтаған бір топ шәкірт жүлделі орындарға қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатты. Республикалық Абайтану олимпиадасында, облыстық «Әбіш оқулары», «Абай оқулары» шығармашылық байқауларында, «JasSkills – Atyrau 2023» облыстық шеберлік чемпионаты мен XVІ Президенттік олимпиаданың екінші (іріктеу) кезеңінде, өзге де көптеген байқауларда топ жарған талантты балаларымыз бар.
– Алтын уақытын ағарту ісіне арнап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздардан Атырау өңірі кенде емес. Дейтұрғанмен, әлі күнге дейін әсіресе ауылдық жерлерді білікті кадрмен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ал, сіздерде қанша маман жетіспейді?
– Аудан бойынша жұмыс істейтін 920 педагогтың 852-сі жоғары, 68-сі арнаулы орта білімді маман. 2024-2025 оқу жылына жалпы білім беретін мектептерден 20, қосымша білім беру мекемелерінен 22 жас маманға сұраныс түсті. Жас маманмен қамту мақсатында облыстық білім беру басқармасына, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттеріне және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжіне сұраныстар жолданды. Тамыздан бастап білім беру мекемелерінің интернет-ресурсында немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында және мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау бойынша педагог лауазымына тағайындау жұмыстары жүргізіледі. Білім сапасын жақсарту мақсатында өткізілетін педагогтардың біліктілігін арттыру курстары – мұғалімдердің шеберлігін жетілдіру мен дамытудың басты негізі. Биылғы оқу жылында пәндік құзыреттілікті дамыту, функционалдық сауаттылықты арттыру, педагогтардың практикалық дағдыларын дамыту курсынан 151, қысқа мерзімді мектеп басшылары курсынан 7 мұғалім өтіп, білімдерін жетілдірді. Айта кетерлігі, қызметкерлердің қатарында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алғандар да бар. Өткен оқу жылында осы мемлекеттік марапатты Махамбет атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебер мұғалімі Ардақ Қайырлиева иеленді. Бұл атаққа облыс бойынша саусақпен санарлық адам ғана иеленсе, соның алғашқысы да Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог Ақмарал Ғабдуллина болғаны біз үшін зор мерей.
– Себебі неден екені белгісіз, бүгінде ауыр дертті балалар көбейді. Дегенмен онсыз да қамкөңіл балаларды ортадан бөле-жару орынсыз. Ауданда ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау қарастырылған ба?
– Ауданда арнайы маманмен толық қамтылған №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде 126 бала бар. Сонымен қоса, 2021-2022 оқу жылында «Инклюзия-Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Көктем» қазақ орта мектебі жанынан инклюзивтік қолдау сыныбы және өткен оқу жылында «Айналайын» бөбекжай-бақшасынан арнайы түзеу тобы ашылып, онда облыстық психологиялық-педагогикалық кеңестің қорытындысы бойынша балалар оқып-тәрбиеленіп жүр.
– Білуімізше, аудандағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп – тірек мектебі саналады…
– Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамаларының іске асырылуына орай, былтыр «Қазақстан халқына» және «Білім беруді тұрақты дамыту» қоғамдық қорының аясында аудан бойынша Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасына қатысқан еді. Тиісті қаржы бөлініп, мектептің материалдық-техникалық базасы толықтырылды. Жобаға сәйкес оқу кабинеттерімен қатар, STEAM, робототехника, инклюзия, киностудия кабинеттері ашылып, оқушылардың игілігіне берілді.
– Әңгімеңізге бек рақмет. Шәкірттеріңіз биік шыңдарды бағындырып, еңбектеріңіз ақтала берсін!
Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА