Жарнама
Білім

«ҒИБАДАТТЫҢ ЕҢ АРТЫҒЫ – ҒЫЛЫМ ІЗДЕУ»

Тарихқа зер салсақ, мұсылмандар дін ілімін ғана емес, дүниелік ғылымға да аса мән беріп, ерекше қолтаңбаларын қалдырды. Атап айтқанда, медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді ғылымдарды дамытқан. Әсіресе, халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламаларды дәріптеп отырған.

Ислам діні ғалымдарға ерекше құр­мет қалыптастыра білді. Мұсылман үмбеті қай ғасырда да ғалымдарды құрметтеп, әр сөзін алтынға балаған. Ұстазға шә­кірт­тері екінші әке ретінде қарады. Өмірде алған ілімінің пайдасы мен берекесін көру үшін ұстаздарының ақ батасын алуға құлшынған. Төрт халифаның бірі хазірет Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның қырық жыл қызметшісі болуға бармын», — десе, мәзһабымыздың негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болма­сын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», — деп ұстазға, ғалымға қанша­лық­ты құрметпен қарау керектігін білдірген.

Ислам дінінде уақыт құнды, қадірлі, бағалы келеді. Сол себепті адам баласын өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, бала­ғат сөз, күндеу, қызғаныш секілді пайдасыз нәрселермен емес, қолында бар алтын уақытын екі дүниесіне пайда келтірер құндылықтармен өткізуге шақырады.

Мұсылмандар адамзат тарихында кітап, компас, шыны, мата, чек, т.б. шығарып, тұрмыстық қолданысқа енгізген. Исламды ғылым діні деп білген Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Хафиз ад-Дин әл-Кердери, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хасан Әли Жалайыри, Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, берісі Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлыларымыздың есімдері тарих қойнауында алтын әріптермен қалды. Олар өздері өмірден өтсе де, өшпестей мұра қалдырды. Міне, ислам нағыз болашақтың жарқын нұры, баянды бақытымыздың кепілі.

Бүгінгі ХХІ ғасыр – ғылым мен жаңа технологиялар дамыған заман. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген даналық сөз дәл қазіргі біздің шаққа арналып айтылғандай. Негізінде өнер, ғылым, білімге құмарлық мұсылмандарға тән сипат. Өйткені, дініміз бізден осы нәрселерді қалайды. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ғибадаттың ең артығы – ғылым іздеу» десе және бір хадисінде: «Қараңғы білімсіздер мен білім талабындағының парқы – өлі мен тірідей» деп ілім иесінің әрдайым жоғары тұратындығын білдіруде. Иә, ғылым, білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты бүгінгі ғасырымыз нақ дәлелдеуде. Өнер, білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де әрқашан білімге көңіл қоюымыз қажет.

Қазіргі таңда біз діни біліммен дүниәуи білімді бөліп-жармай, бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Бұрынғы өткен мұсылман ғалымдары тек дін ілімін ғана үйреніп, дүние білімін тәрк еткен жоқ. Кейінгі кездері дін жолына түскен бәзбіреулер «тек дінді ғана үйрену керек, басқа білімнің қажеті жоқ» дегенді шығарып жүр. Ол мүлде дұрыс емес пікір. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби бабамызды алсақ, ол философия сынды көптеген ғылымды әлемге паш етті. Ибн Сина медицина, физика салаларын жетік меңгерді. Дәл осылай ислам ғалымдарын мақтанышпен тізбектей беруге болады. Айтпағым, мұсылман баласы діни білімді ғибадатын дұрыс орындау үшін, ал дүниәуи ілімдерді еліне пайдасын тигізер маман болу үшін үйренуі тиіс.

Жас түлекке өмірдің сынағы мен соқпағына еш мойымай, батыл да қайтпас қайсарлықпен қадам жасап, әрдайым білім мен ғылымға ден қойып, бойдағы күш-жігерді елдің ертеңіне жұмсай біл дегім келеді. 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button