
Ғылымға арналған ғұмыр
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұхамбетовтың 80 жасқа толу мерейтойына арналған “дөңгелек үстел” отырысы өткізілді. Ол «Атырау облысының құрғақшылық жағдайындағы жемшөп өндірісінің өзекті мәселелері мен келешегі» деп аталды.

Болат Мұхамбетұлы саналы ғұмырын аймақтың, қалаберді еліміздің аграрлық саласын өркендетуге, экономикасын дамытуға арнаған адам. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Агрохимия және топырақтану» мамандығын бітірісімен, ғылымға бет бұрды. Кандидаттық диссертациясын «Ақтөбе облысының жартылай шөлейтті аудандарында сортаң-кебір жерлерді малазықтық бағыттағы екпелі шөп егу мақсатында игеру» тақырыбында қорғады. Ал докторлық еңбегі «Малазықтық дақылдарының Каспий маңы ойпатының тұзды аймақтарында өсіп-өнуге бейім түрлерін таңдау» деп аталды. Ғылыми жұмыстарын өзі зерттеу жүргізген өңірлердің табиғи-климаттық жағдайын, басқа да ерекшеліктерін ескере отырып жүргізді.
Барлығы 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Шөлейтті аймақтарда өсіруге төзімді, құнарлылығы жоғары түйежоңышқаның бірнеше сортын шығарып, патент алды. Дақылдың төзімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу үшін оны топырағы сортаң және тұзды жерлерде экологиялық сынамадан өткізіп, оң нәтижеге қол жеткізді. «Топырақтың су режимі және өсімдіктердің суару нормасын анықтау» деп аталатын жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқу-әдістемелік құралын жазды.
Ғалымның ғылымға сіңірген еңбегі елеусіз қалмай, лайықты бағаланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен, өзге де марапаттармен ұлықталды.
Бұның бәрі алқалы жиынның кіріспе бөлімінде баяндалды. Осыны әңгімесіне арқау еткен университет ғылыми кеңесінің төрағасы, басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов мерейгерді құттықтап, сый-сияпатын ұсынды. Дәл осындай құрметті оның Алматы және Ақтөбе қалаларынан келген әріптестері, ұжымдастары мен шәкірттері де көрсетті.
Салтанатты шара одан әрі «дөңгелек үстел» басындағы дидарласуға жалғасты. Тақырыптық баяндамалар тыңдалып, талқыланды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор