Жарнама
Білім

Ғылымды дамыту үшін қолайлы орта қажет

Қазақстандағы ғылыми қалашық құрылысы бұл – заманның талабы деуге болады. Өйткені ғылымды дамыту үшін жағдай жасамай, ғылыми зерттеулер талап ету ақылға қонымсыз. Жалпы, бізде ғылым туралы «ол бізге не береді, қандай пайдасы бар, қандай жаңалық ашуға болады, егер әлемде бәрі бар болса?» деген түсінік қалыптасқан. Иә, әлемдік тәжірибеде көптеген ғылыми зерттеулер мен жетістіктер бар. Бірақ олардың кейбірі біздің жергілікті жағдайларға сәйкес келмеуі мүмкін. Себебі климаттық, географиялық және басқа да ерекшеліктер ғылыми нәтижелерге әсер етеді.


Егер ғалымдарға қажетті жағдай жасалса, олар әлі талай жаңалықтар аша алады. Ғалымдар бір жерде шоғырланған кезде пәнаралық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік артады. Өйткені кез келген ғылыми зерттеу тек бір салаға ғана қатысты болмайды. Мысалы, атом энергетикасын зерттеу тек энергетиктермен шектелмейді. Бұл салаға геологтар да керек, өйткені олар уран кен орындарын зерттейді, экологиялық мәселелерді қарастыру қажет, себебі радиоактивті заттар қоршаған ортаға әсер етеді. Сонымен қатар медицина мамандары адам ағзасына ықпалын зерттеуі керек. Егер әркім өз саласында ғана зерттеу жүргізсе, нәтиже әлдеқайда төмен болады. Сондықтан ғалымдардың бірлесіп жұмыс істеуі өте маңызды.
Сондықтан ғылыми қалашықтар құру бастамасы – республика ғылымын дамыту үшін өте маңызды қадам. Мұндай қалалар тек белгілі бір өңірге ғана емес, бүкіл Қазақстанға пайда әкеледі. Шын мәнінде, мұндай қалалар бұдан әлдеқайда ертерек құрылуы керек еді. Егер олар 30 жыл бұрын салынғанда, бүгінгі ғылым әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер еді.
Ғылыми зерттеулер екі бағытта жүргізіледі: фундаменталды және қолданбалы. Фундаменталды зерттеулер – ең күрделісі, себебі олар ұзақ уақытты талап етеді және әрдайым бірден нәтиже бермеуі мүмкін. Мысалы, Атырау облысына қолайлы ағаш түрлерін анықтау бірнеше жыл емес, ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Бірақ фундаменталды ғылымсыз қолданбалы зерттеулерді дамыту мүмкін емес.
Бүгінде тек шенеуніктер ғана емес, бизнес өкілдері де жылдам нәтиже беретін қолданбалы зерттеулерге қызығушылық танытады. Алайда кез келген қолданбалы зерттеу фундаменталды негізге сүйенеді. Сол себепті фундаменталды ғылымға ерекше назар аудару қажет.
Қазақстанда бір емес, бірнеше ғылыми қалашықтар салынса, ғылым мен экономиканың дамуына үлкен серпін береді. Өйткені қазіргі таңда ғылыми зерттеу орталықтарының басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Ал өңірлерде зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер бар.
Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшеліктері бар. Батыс Қазақстанның өзінде төрт облыс болса, олардың әрқайсысының климаты мен табиғи жағдайы әртүрлі. Ал батыс пен шығыстың, орталық пен оңтүстіктің айырмашылығы одан да үлкен. Сондықтан әр өңірде жеке ғылыми орталықтар болуы керек.
Мысалы, Шығыс Қазақстан – экология және түсті металлургия саласындағы зерттеулер үшін маңызды аймақ.
Орталық Қазақстан – көмір және пайдалы қазбалар бойынша зерттеулер жүргізуге қолайлы.
Оңтүстік Қазақстан – ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару мәселелерін зерттеуге ерекше мән беруі қажет.
Батыс Қазақстан – мұнай-газ өндірісімен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлуі керек.
Аграрлық ғылымсыз өмір сүру мүмкін емес, себебі ол біздің азық-түлік қауіпсіздігіміз бен күнделікті өмірімізге тікелей байланысты. Мысалы, Маңғыстау облысында табиғи-климаттық жағдайлар ерекше. Онда белгілі бір мал түрлері ғана жерсінеді. Ал Оңтүстік Қазақстанда жайылымдар кең, жем-шөп мол. Мұндай айырмашылықтарды ескеріп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керек.
Сондықтан әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми қалашықтар құру – елдің ғылыми және экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын маңызды қадам.

Мәнсия ЕСЕНАМАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, экология кафедрасының меңгерушісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button