Жарнама
Білім

Енді Қазақстанда әлемдік деңгейдегі дипломға ие бола аласыз!

«Study in Kazakhstan» көрмесі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, қазақстандық студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың әлемдік еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Қазірдің өзінде еліміздің көптеген өңірінде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының саны артады деп күтілуде, сөйтіп қазақстандық студенттер оларға ҰБТ қорытындысы бойынша жалпы негізде оқуға түсе алады. Мұндай зор мүмкіндікті ұсынатын көрменің жұмысы биыл Атырау өлкесінде жалғасын тапты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, көрменің мән-маңызының зор екенін атап айтты.

­­­– Мектеп табалдырығымен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған әрбір оқушының алдында нақты мақсат, асқақ армандар тұрады. Алған білімін шыңдаудағы алғашқы басты мұрат – дұрыс мамандық таңдау. Қалаған мамандықтың жемісті нәтижесін көру үшін дұрыс жоғарғы оқу орнын таңдау да өте маңызды. Алдағы уақытта экономиканың дамуына өз үлесін қосқысы келетін жастарға жергілікті атқарушы билік тарапынан үлкен қолдау болады. Оқушыларға үздік жоғары оқу орындарының жетістіктері мен бағдарламалары жайлы кең көлемде ақпарат беріледі. Бұл келешекке салынған даңғыл жол іспетті. Биылғы мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар, ақ жол тілейміз! — деді Д.Шамұратов.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов жастарға кәсіптік бағдар беру әлеуметтік мәселе екенін, бұл бүкіл қоғамның алдында үлкен жауапкершілік жүктейтініне тоқталды.

Жиын барысында республика Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қосдипломдық бағдарламасы туралы ақпарат берді.

– «Study in Kazakhstan» – қазақстандық талапкерлерге өз елімізде оқи отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес білім алып, халықаралық деңгейдегі дипломға ие болуға ықпал етеді. 2022-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 23 стратегиялық серіктестік орнатты. Соның нәтижесінде 23 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары мен қосдипломдық бағдарламалары Қазақстанда іске қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектеріне мақсатты білім беру гранты бөлінген болатын. Осы жылы да мақсатты грант бөлінеді. Бұл – атыраулық түлектер үшін зор қолдау, — деді Р.Емелбаев.

Сондай-ақ «MDSG» жобасының батыс аймағы бойынша жоба жетекшісі Еркін Есеркепов грант түрлері мен талапкер жол картасы жайында маңызды ақпараттар берді. Оның айтуынша, былтыр 186 мың түлек мектеп бітірсе, биыл түлектер саны 217 мыңға жеткен. Яғни түлектер санының артып, грант саны азайған сайын мамандыққа түсу де қиындайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 94 251 грант бөлінсе, оның 78 мыңы бакалавр мамандықтарына тиесілі болған екен.

Қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде білім алуына шабыт сыйлайтын ауқымды көрмеге 9-11 сынып оқушылары мен ата-аналары белсенді қатысуда. Өңірдің алыс-жақын аудандары мен Атырау қаласынан жиналған талапкерлер университеттердің білім беру бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері мен оқу шарттары туралы тың мәліметтер алады.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button