Жарнама
БілімҚоғам

Елімен егіз тұлға

С.Мұқашев есімін иеленген Атырау политехникалық колледжі ұжымы көрнекті қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолдарын жас ұрпаққа таныстырып насихаттау мақсатында жыл сайын арнайы онкүндік өткізіп келеді. Биыл да қазан айында бастау алған онкүндіктің жабылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және қайраткердің отбасы, замандастары, туыстары қатысты.

Елімен егіз тұлға

Әсіресе, жаңа форматта студенттер күшімен жасақталған деректі фильм өзінің мазмұны, жинақылығы, түсіру шеберлігі жағынан көпшілік көңілінен шықты. Шараға орай арнайы жасақталған «Мәңгілік ел» қайраткерлері» стендісінде С.Мұқашев атқарған жауапты, әрі лауазымды қызметтер үзінділермен орынды берілген, эпизодтарды топтастыру арқылы оның өмірінің сан қыры шебер көрсетілген. Саламат ағамыздың пайдаланған құжаттары, өз қолымен жазған жазбалары, кездесу сәттері өте нанымды баяндалған.

Дәстүрлі онкүндік аясында өткізілген батыс аймағына қарасты облыстар колледждері өкілдері қатысуымен семинар-практикум, іскер мамандар өткізген шеберлік сыныптары, интеллектуалдық ойындар, ғылыми шығармашылық жұмыстар, эссе, фотосурет байқаулары, зияткерлік сайыстар, дөңгелек үстелдер және басқалары көп көңілінен шығып, мазмұндылығымен әсер етті.

Студенттер қатысуымен сахналық қойылым көрсетілді: …Өткен ғасырдың 70 жылдары… Техникум ғимараты ескірген, қанша маман дайындап жатса да жоғарыдан жеткілікті көңіл бөлінбей-ақ келеді. Оқытушылардың әлеуметтік  жағдайы, ғимаратты қыста жылыту, тазалық сақтау мәселелері жылдан-жылға күрделеніп барады. Әрине, бірінші кезекте жаңа оқу ғимараты қажет, оны  салу үшін қаржы керек. Бұл мәселе КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің құзырында болғандықтан Мәскеуде шешіледі. Техникум директоры Ж.Қазиев осы мәселелермен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Мұқашевтың қабылдауына келеді. Ол Мұнай өнеркәсібі министрі В.Д.Шанинмен жеке таныстығын пайдаланып, телефонмен сөйлесіп, қаржыландыру мәселесін оң шешеді. Ал, ғимараттың жобасын жасау мен мердігер табу мәселесі облыс басшылығына қалдырылады. Бұдан артық қуаныш болар ма?!

Уақыт тығыз болса да Саламат аға бір кезде өзі оқыған техникумның жағдайын, әсіресе, ұстаздарының амандығын сұрайды. А.Ф.Жуков, Е.А.Маркова, А.А.Авксентьев және басқаларына сәлемін жолдайды. Қабылдау соңында С.Мұқашевтың: «Техникумда оқыған тағдырыма, білім мен өмірге берген жолдамасына ризамын» деген жүрекжарды сөзі көрермендерді бір толқытып тастады. Осылайша С.Мұқашевтың тікелей қолдауымен салынған бір кездегі оқу ғимараты бүгін колледжге қызмет етуде.

Ардагер   мұнайшы,

қоғам  қайраткері  Р.Шырдабаев:

– Ел болып еңсемізді түзеуде мұнайдың рөлі ерекше болды. Елбасы басшылығымен 1990 жылдардағы инвестиция тартқан қиын жылдар еске түседі. Сол жылдары Орта Азия елдеріне салынған инвестициялар көлемінің  80%-ы Қазақстан үлесіне тиді. Бұл бізге үлкен мүмкіндіктер берді. Ашылған мұнай орындары барынша тиімді пайдаланылды. Сол кездегі халық шаруашылығына қажет мамандар даярлау үшін колледж, техникумдар жеткілікті салынды. Отын-энергетика саласына ерекше мән берілді. Ғылыми-зерттеу институттары бой көтерді. Ғылымға зор көңіл бөлінді. Өңіріміздің экономикасы алдыңғы саптан көрінді. Осындай табыстарда С.Мұқашевтың  орны бөлек. Оның бойында  жақсы қасиеттері көп болды, — деді.

Жазушы  М.Құлкенов:

– С.Мұқашев көптеген азаматтарды, оның ішінде жергілікті кадрларды тәрбиелеп өсірді,  оларға ұдайы қамқорлық жасап отырды. Ол адамдардың ішкі жан-дүниесіне үңіле білді. Өзінің бай өмірі туралы алты кітап жазды. Онда еңбек адамдарының әдемі портреттерін жасай білді. Сол буын адамдарын қиыншылықтарды көп көрсе де, бақытты адамдар деп есептеймін. Себебі, олар – ел үшін қызмет етудің үлгісін көрсеткендер.

Колледждің Қамқоршылар кеңесінің ұйғарымымен екі студентке жыл қорытындысы бойынша Саламат Мұқашев атындағы шәкіртақы табыс ету ұйғарылған болатын. Осы мақсатта студенттер арасында қатаң іріктеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде лайықты делінген қос студент анықталды.  Оларға «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығының 3 курс студенті Серікқалиев Еркебұлан мен «Мұнай және газды қайта  өңдеу технологиясы» мамандығының 4 курс студенті Кемелхан Жасқанатқа салтанатты түрде шәкіртақы табыс етілді.

С.Мұқашевтың  жұбайы

Мәрия  Сәлімгерейқызы:

– Оқудың қадірін біліп, таңдаған мамандықтарыңды толық меңгерулерің керек. Нәсіп кәсіппен келеді – осыны есте ұстаңдар. Колледж мұражайы туралы бөлек айтқанды дұрыс көріп тұрмын. Шағын залда орналасса да, колледж тарихын, оның түлектерінің өмір жолдарын баяндайтын үлкен сурет галереясы мен тек С.Мұқашев қана емес, Ж.Досмұхамбетов, Т.Жұмағалиев сынды  тұлғалардың деректері және олардың көзі тірісінде қолданған заттары сақтаулы тұр. Бұлардың тәрбиелік мәні зор деп есептеймін.

Өз кезегінде Талап Саламатұлы С.Мұқашев атындағы қордан жоғары белсенділіктері мен үздік табыстары үшін студенттер Елубай Инамат, Нысанбаева Мерует, Калентьев Артем, Қайроллаев Қанатқа бағалы сыйлықтар – ноутбуктер табыстап, оқытушылар А.Нақпаева мен Ж.Жұмашевқа ақшалай сыйақы жолдады.

Онкүндік барысындағы жемісті еңбектері үшін бір топ студент және оқытушылар марапатталып, колледждің «Жас өркен» ұлт-аспаптар оркестрі өз өнерін көрсетті.

Облыс пен ел тарихында орны биік көрнекті қайраткер С.Мұқашевты үлгі етіп, насихаттау арқылы біз болашағымыздың бағдарын анық та дұрыс айқындай алатынымызға сенімдімін.

Бағыт  ШЕРКЕШБАЕВА,

С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің директоры.

Атырау  қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button