ДАРЫНЫМЕН ДАРАЛАНҒАН ДАРАБОЗДАР

Атырауда  өткен  республикалық  пәндік  олимпиадада  анықталды

Биыл республикалық пәндік олимпиадалар еліміздің екі қаласында өтті.  Атырауда дарынды оқушылардың білімін саралаған жалпы білім беретін пәндер бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада өз мәресіне жетті.

Екі турдан өткен білім бәсекесіне еліміздің 16 өңірінен, Назарбаев зияткерлік мектептерінен,  О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық және Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан – барлығы 556 оқушы қатысып, қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті, неміс, ағылшын, француз тілдері, Қазақ-стан тарихы және құқық негіздері пәндері бойынша №35 мектеп-гимназиясында өз білімдерін сынады.

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен олимпиаданың салтанатты жабылу шарасында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аймақ басшысының атынан алты күнге созылған білім додасының сәтті аяқталуымен құттықтады.

– Олимпиадаға қатысқан әр оқушының өзіндік орны бар. Қазақстанда жоғары сынып оқушыларының саны жарты миллионға жуық екен. Атырау мен Оралда өткен олимпиадаға 1300-дей оқушы қатысқанын ескерсек, есептеп қарағанда әрқайсыңыз – 400 оқушының ішінде нөмірі біріншісіздер. Сондықтан, олимпиадада тек жүлдегерлерді ғана емес, барлық қатысушыларды жеңімпаз деп есептейміз. Бүгінгі олимпиаданың сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, олимпиада өз деңгейінде өткен сияқты,-деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы түрлі олимпиаданың бірінші орын иегерлерін ҚР Білім және ғылым министрі   Аслан Сәрінжіповтің атынан арнайы дипломдармен марапаттап, медальдарын тағып, облыс әкімдігі атынан ноутбук компьютерлерін сыйға тартты.

Абай атындағы қазақ ұлттық-педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардан мемлекеттік тілден емтихан алатын лингвистикалық комиссия мүшесі және хатшысы Фаузия ОРАЗБАЕВА да сахна төріне шығып, жылы лебізін білдірді және олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттап, сый-сияпат табыс етті. 

Бұл олимпиаданы жыл сайын наурыз айында өткізу дәстүрге айналған. Бұған дейін жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша білім бәйгесі бірге ұйымдастырылса, соңғы екі-үш жылда жеке өткізу қолға алынған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан ҚИРАБАЕВАНЫҢ айтуынша, олимпиада қорытындысымен үздік шығармалардан кітап басып шығару жоспарда бар.  

 – Батыс өлкесіндегі екі қала – Орал мен Атырауда білім саласында үлкен шара өткізілді. Оны ұйымдастыру жұмыстарын ұқыптылықпен, аса жауапкершілікпен атқарған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке  алғысымыз шексіз. Олимпиада тапсырмалары биыл күрделі бағдарламаға сай болды. Бірақ, балалар шығармалар жазып, мәтін талдап, аударма жасап, тестілеуден өтіп, комиссиямен монолог құрып, өздерінің жоғары білім деңгейлерін көрсете білді. Жүлдегерлер ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес жоғары оқу орындарына түсер кезде мемлекеттік гранттарға ие болады, – деді ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.

Олимпиада барлық талаптарға сай жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл – орталықтан келген мамандардың берген бағасы. Соның айғағындай, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Бе-рікқали Сәрсенғалиевке табыс етілді. Сонымен қатар, орталық директоры Шолпан Ақашқызы түрлі аталымдар бойынша бірқатар оқушылар мен ұстаздарды марапаттады.

Өзінің білімін көрсете білгені үшін «Ауыл мектебінің үздік оқушысы-2015» атағына Батыс Қазақстан облысының Теректі лингвистикалық мектебінің 11- сынып оқушысы Ә.Шуақбаев ие болды. Сонымен қатар, «Үздік ауыл мұғалімі-2015» атағы аталған мектептің мұғалімі В.Тоқтароваға бұйырса, «Үздік ауыл мектебі-2015» атағы Маңғыстау облысының Ақшұқыр мектеп-лицейіне тиесілі болды. Ал, «Ең жас қатысушы» атағымен Қостанай облысының қазақ-түрік лицейінің 8-сынып оқушысы Н.Юртаев марапатталды.

Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық цикл бойынша ең жоғары көрсеткіштерімен танылған Алматы қаласындағы №25 гимназия мен Солтүстік Қазақстан облысындағы «БЭСТ» гимназиясына «Үздік олимпиада мектебі» атағы берілді.

Білім бәйгесінде айрықша жетістіктері үшін ІІІ орынды Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының командасы еншілесе, Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарының командалары ІІ орынға лайық деп танылды. Ал, І орын иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда» атақтары берілген аймақтар арасында Атырау облысы командасы да бар.

Мұнайлы өлкеде өткен білім бәсекесінде атыраулық оқушылар да үздік екендіктерін таныта білді. Айта кетсек, халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар еншілеген 42 оқушы бұл білім бәйгесінде де өз білімін сынаған болатын. Олардың ішінде 17-сі топ жарып, ерекше ізденімпаздығын танытып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Олардың қатарында Дариға Ақболатова, Аружан Балташева, Дариға Жолдасқалиева, Айнагүл Тоғайбаева, Нұргүл Мұхамбетжанова, Жанна Теміртас және тағы басқа атыраулық оқушылар болды. 

Сонымен қатар, жүлде саны бойынша, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалалары командалары да үздік атақтарға ие болды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының «Дарын» орталығының зертхана меңгерушісі Гүлжан Елемесованың айтуынша, облыстан олимпиадаға қатысқан 32 оқушының төртеуі – І, алтауы – ІІ, он екісі ІІІ орын және бес оқушы грамотаға ие болды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі Мехмет Куталмыш пәндік олимпиадада жүлделі орын алуға аз ғана балы жетпей қалған оқушыларды қуантып, аталған жоғары оқу орнында тегін оқуға жағдай жасады. 

Төрт тілде сабақ беретін аталған жоғары оқу орнының гранты негізінде білім алу сертификатына ие болған жиырма шақты оқушының қатарында атыраулық Батыр Менкижанов, Жанна Теміртас және Гүлназ Серікқалиевалар да бар. Сонымен қатар, Нұрия Қабдығалиева Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде 25% жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болды.  Бұл да – олимпиада аясында қол жеткізілген үлкен мүмкіндік. 

Білімді ұрпақ – ұлт болашағы. Білімдерімен сынға түскен оқушылар еліміздің өркендеуіне, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына барын салатынын айтады. Атырауда тұңғыш рет ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада еліміздегі дарынды балаларды анықтауға және олардың білімдерін әрі қарай шыңдауға мүмкіндік туғызды. 

 

Көп  нәрсе  үйрендік

Айшолпан ҚАЗИУЛЛАЕВА, Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10- сынып оқушысы, олимпиаданың ІІІ орын иегері:

– Олимпиаданың өзіміздің қаламызда өткеніне қуаныштымын. Өйткені, бұл – облысымыз үшін үлкен мәртебе. Білім қуу жолында мұндай ауқымды шаралар кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Қазақ сыныптарындағы орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадаға алғашқы рет қатысып отырмын. Қазылар ешқандай қысым көрсетпей, өз жұмыстарын әділ атқарды деп толықтай айта аламын. 

Олимпиада тапсырмалары республикалық додаға сай болды. Осыдан екі жыл бұрын қалалық олимпиадада І орын еншілеген едім. Кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысып, осы олимпиадаға барынша жақсы дайындықпен келген болатынмын.

Денсаулық сақтау саласында қызмет етіп,  еліміздің мақтан тұтар дәрігерлерінің бірі болу – бала кезден бергі арманым. Сол арманыма жету жолында аянып қалмаймын.

Инемен  құдық  қазғандай…

Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Ұлттық мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, олимпиаданың қазылар алқасының мүшесі:

– Бұл біз қатысып отырған бірінші олимпиада емес. Ал, Атырауда мұндай білім сынағы алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Оқушылар өз білімдерінің терең екендіктерін көрсете білді.

Қазір олимпиаданың өту форматы өзгерді. Атырауда Наурыз тойы білім мерекесіне ұласты. Балалардың бал-бұл жанған жүздерін көріп, біз де қуанып отырмыз.

Шәкірттердің барлығы бірдей емес, соған орай, білім деңгейлері де әр алуан. Бірақ, осы ретте атыраулық екі оқушы – Аружан Аманқұлова мен Нұрсейіт Қойшыбаеваның білімін жоғары бағалағанымды айтып өткім келеді. Олардың дайындықтары жаман емес. Соған орай, жинаған ұпайлары да жоғарылау болды.

Арман  жолындағы  асу

Лаура МӨРЛІХАН, Маңғыстау облыстық Ақшұқыр мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, олимпиаданың І орын иегері:

– Олимпиадада өзге пәндер секілді құқық негіздерінен де екі тур бойынша тапсырмалар берілді. Тапсырмалар өткен жылмен салыстырғанда күрделене түсіпті. Ең жоғары балл жинап, талап, еңбегімнің арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Бұл республикалық олимпиада болғандықтан, әр оқушы жүлделі орынға лайық. Өйткені, барлығы – бұған дейін көптеген білім сындарынан сүрінбей өтіп, топ жарғандар. Осы жолы комиссия бізге сұрақтарды көбірек қойып, қабілетімізді тексеріп, жауапкершілігімізді байқады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,

Ерлан АЛТЫБАЕВ және автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз