Жарнама
Білім

«ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ»

Оқу жылының басты сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеу атыраулықтар үшін табысты өтті деуге келмес. Оған қатыс-қан 3 527 түлектің 50 балдық «табалдырығынан» тек 49,7 пайызы аса алды. Тестілеуге қатысқан биылғы түлектер орташа 61 балл жинап, республикада соңғы 16 орында қалып қойғанымен, жекелеген оқушылар арасында сабақты жақсы оқып, үздік нәтижелерге қол жеткізгендері көп.  Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында аймақтан жетпіс оқушы топтан озып, жүлдегерлер қатарынан көрін-гені бар.

Аталмыш облыстық форумды ұйымдастырудағы мақсат – «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, республикалық және халықаралық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының, ғылыми жобалар сайыстарының, сондай-ақ «Зерде» байқауының жеңімпаздарына сый-құрмет көрсетіп, көпшілік алдында ұлықтау, болашақ қадамдарына сәттілік пен ақ жол тілеу.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев форум жұмысын ашып, Салтанат сарайына жиналған дарын иелерін, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады.

– Облыста білім ордаларының материалдық-техникалық базасының дамуына, заманауи жабдықтармен жабдықталуына, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына, сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне барынша жағдайлар туғызылуда. Аймақта өткен  жылы  екі мектеп, бес балабақша салынып, пайдалануға берілді. Биыл жыл аяғына дейін тағы екі мектеп, төрт балабақша іске қосылмақшы.

Дарынды жастар – ұлт бо­ла­шағы. Елбасы Н.Назарбаев «Мен жаңа буын қазақ­стан­дық­тарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы кү­шіне айналуға тиіссіздер» деп  жастарға үлкен сенім артты. Осы жас өрендер білімді, тәрбиелі болса, еліміздің ертеңі мықты болады. Облыс басшылығы еліміздің және шет мемлекеттер жоғары оқу орындарында оқитын дарынды жастарға материалдық көмектерін көрсетуді де ұдайы назарда ұстап, арнайы білім гранттарын тағайындады. Биылғы түлектердің қадамдарына сәттілік тілеймін, – деді Ғ.Дүйсембаев.

Бұдан соң үздіктерді марапаттау рәсімі басталды. Алғаш болып ҰБТ қорытындысында 120 балл жинаған Ж.Досмұхамбетов атындағы Атырау облыстық лицейінің  оқушысы Нұрай Нұрымжанова аймақ басшысы бірінші орынбасарының қолынан «Алтын белгі» мен аттестатын және облыс әкімінің атынан бағалы сыйлығын алды. Өңірлеріне «Алтын белгі» тағылғандардың қатарында Асылай Бейбітқызы, Ақжарқын Баян-ғалиқызы, Нұртас Нұрланұлы және басқалар бар.

Биыл «Алтын белгіге» үміткер болған 100 түлектің 25-і, ерекше аттестатқа үміткер  43 бітіру-шінің 13-і өз білім деңгейлерінің бұған сай екендіктерін дәлелдеді. Үздіктер мен шет мемлекеттерде өткен сайыстардың, халықаралық өнер байқауларының, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жүлдегерлері қатарынан көрінген 70 түлекке, сондай-ақ төменгі сыныптарда оқитын өрендер арасында өткізілген республикалық «Зерде» білім байқауынан жүлдегер атанған он оқушыға облыс әкімінің атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Дарынды жас түлектерді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев құттықтады. Ол Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық негізін қалайтын жастардың болашағынан үміт күтетіндігін айта келіп, ғылымға ынтасы бар жастардың жоғары білім алып, университетте ғылыми жұмыспен айналысуға мол мүмкіндіктің бар екендігін қаперлеріне берді.

Франция ұлттық басқару мектебі магистратурасының түлегі, «Болашақ» стипендиясының иегері, еңбек жолын облыс әкімі аппаратынан бастап, бүгінде Махамбет ауданы әкімінің орынбасары лауазымындағы Азамат Айманакумов былай деді: «Мен үшін Францияның бұрынғы және қазіргі Президенттері, жеті Премьер-министрі білім алған Еуропаның беделді элиталық білім ордасында оқып, туған өлкеде жұмыс жасау – үлкен мәртебе. Қазақстандық жастарға осындай жағдай туғызған Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың  екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, елімізде білім алып, еңбек етемін деген жастарға барлық жағдайлар жасалған. Сол берілген үлкен мүмкіндікті пайдаланып қалуға асығыңыздар. Қазір біз күш пен білекке, қала берді, ақшаның буына сенетін емес, біліммен ғана мыңды жеңетін, білімге ғана сенетін замандамыз. Сондықтан, сіздер-ді Мәңгілік Қазақ елінің кемел келешегі үшін білім алып, киелі тәуелсіздігіміздің мерейін асқақтатып, ел игілігіне қызмет етуге шақырамын».

Форумға қатысушы замандастарын Астанадағы Назарбаев университетінің 2-курс студенті Аслан Табылдиев, биылғы түлектер атынан 2013, 2014 жылдары Мәскеу, Алматы қалаларында өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, облыстық қазақ-түрік лицейінің түлегі Нұртай Бек-арыс, ҰБТ-де жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегері Нұрай Нұрымжанова және басқалар құттықтады.

Еліміздің білімді де, білікті жастарының қатарын көбейту үшін форумға қатысушылар атынан дарынды оқушылардың үндеуі қабылданды.

Дарынды шәкірттердің соңынан еріп келе жатқан кейінгі буын өкілдеріне биылғы түлектер атынан естелікке «Білім» символы табыс етілді.

Форумға қатысушылар мектеп бітірушілер вальсін орындады, ұстазға арналған әндерін шырқап, ортаны көңілді де әсерлі думанға бөледі, 

Түлектермен тілдескенде:

Данияр Мақсатов, қазақ-түрік лицейінің түлегі, халықаралық ғылыми жоба сайысының жүлдегері:

«Он бір жыл бойына білім берген ұстаздарымызбен, алтын ұямыздай болған мектебімізбен қимай қоштасар сәт те келіп жетті. Енді санаулы күндерден соң әрқайсымыз арман қуып, әр жаққа кетеміз. Биылғы түлектерге сәтті сапар тілеймін».

Сағида Жолдасқалиева, республикалық пәндік олимпиада жүлдегері: «Мен үшін бүгін өте қуанышты күн. Ата-анама, білім берген ұстаздарыма мың алғыс. Арманым – Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке оқуға түсу. Елімізге кірпіш болып қалансам ба деймін».

Нұрғабыл Қайроллаұлы, «Алтын белгі» иегері:

 «ҰБТ қорытындысымен 116 балл жинадым. Болашақта      Назарбаев  университетінің инженерия факультетіне оқуға түсу ойымда. Инженер-химик болуды армандаймын».

 

Иә, олардың алдарында толған мақсат, толған таңдау тұр. Білім сайыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шығып, өздерінің бәсекеге қабілеттіліктерін танытқан мектеп бітірушілер кәмелеттік жасқа жетіп, білім жолына аттаған қадамдарына сәттілік тілейміз.  Талаптың тұлпарына мінген бүгінгі түлектердің ертең-ақ өлкеміздің абыройын асқақтатып, тәуелсіз еліміздің көк байрағын биікте желбіретер азамат боларына сенеміз.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button