Жарнама
Білім

Дарынды балалар – ел ертеңінің интеллектуалдық тірегі

Бүгін халықаралық және республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар құрметке бөленді. «Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлт болашағы» атты бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов арнайы қатысып, озат оқушыларды марапаттап, оларға сәттілік тіледі.

Кездесуге барлығы 47 оқушы шақырылып, олардың әрқайсысы пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, шығармашылық байқауларда жоғары жетістіктерге жеткені үшін марапатталды.
Кездесуді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов ашып, жастардың жеңістерінің артында терең еңбек, үздіксіз ізденіс, ұстаздар мен ата-аналардың жанкешті еңбегі тұрғанын атап өтті.
Ал облыс әкімінің орынбасары оқушылардың жетістігіне жоғары баға беріп, бұл жетістіктердің ел болашағы үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
-Құрметті жастар, бүгінгі жеңіс – болашақ табыстың бастауы. Сіздер – еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жаңа буынысыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамытуды – ұлттық басымдық ретінде атап өтуде. Сіздер – осы стратегиялық бағыттың дәлелісіздер. Атырау облысының атын биікке көтеріп жүргендеріңіз үшін шынайы алғыс айтамын. Дарынды жастарға жағдай жасау – бұл болашаққа салынған инвестиция. Бүгінгі үздіктер – ертеңгі ғылым мен технология көшін бастаушылар, – деді Дарын Дүйсембайұлы.
Кездесу барысында дарынды оқушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты және қаржылай сыйақылар табысталды. Марапат оқушылардың рухын көтеріп, оларды жаңа белестерге ынталандыратыны сөзсіз.
Кездесу барысында Мөлдір Мұса, Арсен Қайратұлы өз жетістіктерімен бөлісті. Жолдарындағы кедергілер мен мотивацияны сақтаудың маңызын айтып, дайындық әдістерімен бөлісті.
Іс-шара соңында оқушылар облыс әкімінің орынбасарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өңірдегі қосымша білім беру орталықтарының жағдайы, ауыл мектептеріндегі ғылымға қолжетімділік пен олимпиадалық дайындық мәселелеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Облыс әкімінің орынбасары қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, талантты жастардың бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Атырау өңірінде білім мен ғылымға қызығушылығы жоғары, жігерлі де талапты жастар өсіп келеді. Олардың жеңістері – тек жеке табыс емес, бүкіл облыстың мерейі.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button