Қазақстан жастары Азия мен Еуропа елдерінде қалай тегін білім ала алады? Бұл орайда қандай бағдарламалар қарастырылған? Оның талаптары қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап берген «Халықааралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік қоғамының байқау процедураларын ұйымдастыру департаментінің менеджері Гүлмира Тоқпаева жастарға шетелде білім алудың жолдарын көрсетіп, атыраулықтарға «Болашақ» бағдарламасының талаптарын түсіндірді.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайындаоблыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен шараға университеттердің жоғары курс студенттері қатысты.
«Атырауға келген мақсатымыз – «Болашақ» сынды халықаралық бағдарламалар мен олардың талаптарын түсіндіру. Еліміздің жастары «Болашақ» халықаралық стипендиясымен қатар мемлекетаралық гранттар және шетелдік серіктес университет гранттары арқылы өзге елдерде білім ала алады. Мәселен, мемлекетаралық гранттар аясында Венгрия, Польша, Қытай, Беларуссия, Вьетнам жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік қарастырылған. Солардың ішінде жастардың Венгрия, Қытай елдеріне деген қызығушылығы жоғары» деген маман білім алу үшін жас ерекшелігіне шектеу Қытайда ғана барын айтты.
Оның айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы арқылы еліміздің жастары магистратура, доктарантура, резидентурада оқып, білімін жалғастыра алады. Олардың өзі бірнеше санаттарға бөлінеді. Толық ақпаратты www.bolashak.gov.kz сайтынан алуға болады.
Татьяна ЧЕРНЯЕВА,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті:
— Шетелдерде тегін білім алуға қарастырылған мүмкіндіктер туралы білуге келдім. Өзге елдерде білім алу үшін әрине, алдымен ағылшын тілін меңгеру керек. Өзім көп тілді білім беру факультетінің үшінші курсында оқимын. Сондықтан, «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға толық мүмкіндігім бар.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА