Цифрлық технология және бәсекеге қабілеттілік
Атырау облысы – тек мұнай мен газ саласының орталығы ғана емес, сондай-ақ жаңартылған технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу әлеуеті жоғары өңір. Бұл аймақ Қазақстанның ғана емес, бүкіл Каспий өңірінің экономикалық және технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады. Цифрландыру мен IT технологиялары өңірдің өнеркәсіптік саласының тиімділігін арттыруда және экологиялық мәселелерді шешуде шешуші факторға айналуда. Осы бағытта білім беру жүйесін жаңғырту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту және халықаралық тәжірибені енгізу арқылы жоғары технологиялық даму деңгейіне жетуге болады.
Кадрлық әлеует қалай қалыптасып жатыр?
Атырау облысында IT саласында жоғары білікті мамандарға деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Өңірдегі мұнай-газ саласының кәсіпорындары өндірістік процестерді автоматтандыру, мәліметтерді талдау және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша IT мамандарын қажет етеді. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Ақпараттық технологиялар факультеті жыл сайын IT саласы бойынша жүзден аса маман дайындап, өңірдегі кәсіби кадрлар тапшылығын шешуде маңызды рөл атқаруда. Университет аясында дуальды білім беру жүйесі сәтті жүзеге асырылуда. Бұл жүйе білім алушыларға өндірістік практикадан өтіп, нақты кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бейімделуге мүмкіндік береді. Дуальды оқыту кезінде өңірдегі жетекші IT мамандары өндіріс орындарынан шақырылып, білім алушыларға тәжірибелік сабақтар өткізеді.
Сонымен қатар, университет оқу процесін жетілдіру үшін шетелдік жетекші профессорлар мен сарапшыларды тартып отыр. Мәселен, IT саласындағы халықаралық тәжірибеге негізделген бағдарламаларды дамыту мақсатында шетелден шақырылған мамандар білім алушыларға заманауи технологияларды меңгеруге көмектеседі. Бұл оқытушылардың тәжірибесі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті мамандардың кәсіби дағдыларын күшейтуге ықпал етеді.
Ғылыми зерттеулерді дамыту — басты мақсат
IT саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары технологиялық жаңалықтардың негізін қалайды. Атырау облысында экологияны жақсарту, өндірісті автоматтандыру және өнеркәсіптегі цифрлық шешімдерді енгізу бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізу аса маңызды. Жасанды интеллект – бүгінгі таңда IT саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірі. Бұл технология өнеркәсіптік процестерді автоматтандыруға, күрделі деректерді талдауға, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, жасанды интеллект көмегімен мұнай-газ саласында жабдықтардың күйін алдын ала болжау және тиімділікті арттыру мақсатында үлкен деректерді талдау жүргізуге болады.
Сонымен қатар, университеттер мен өнеркәсіптік компаниялар арасындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу мүмкіндігін арттыруға болады. Жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын енгізу өңірдегі өндірістік компаниялардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Шетелдік сарапшылармен ынтымақтастық артуда
Өңірдегі білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды аспектілерінің бірі – шетелдік сарапшыларды тарту. Атырау мұнай-газ саласының халықаралық деңгейдегі орталығы болғандықтан, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндік бар. Шетелдік профессорлар мен сарапшылардың қатысуымен өткізілетін дәрістер мен семинарлар білім алушылардың білім деңгейін арттыруға және оқытушылардың кәсіби өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламаларды дамыту арқылы Атырау университеттері халықаралық стандарттарға сай мамандар дайындай алады.
Жаңа бағыттардың пайда болуында шетелдік сарапшылардың тәжірибесі ерекше рөл атқарады. Бүгінде әлемнің жетекші университеттері мен IT-компаниялары халықаралық серіктестікке ашық. Олардың білімін, тәжірибесін біздің білім беру жүйесіне енгізу – заман талабы. Біздің университетімізде шетелдік шақырылған профессорларды тарту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және халықаралық академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту қолға алынған. Бұл қадамдар білім беру сапасын арттырумен қатар, IT саласындағы жаңа зерттеулердің негізін қалауға мүмкіндік береді. Шетелдік профессорлармен бірлескен жобалар IT саласында жаңа ғылыми бағыттардың пайда болуына ықпал етуде. Бұл ынтымақтастық білім алушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып қана қоймай, сондай-ақ өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратын жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.
Біліктілікті арттыру — басты назарда
Ақпараттық технологиялар факультеті жаңа білім беру бағдарламаларын ашып, оқу үрдісін үнемі жетілдіруде. Соңғы уақытта «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы бизнес-талдау» және «Геоақпараттық жүйелер» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бағдарламалар өңірдің IT саласындағы сұраныстарын қанағаттандыруға және заманауи технологияларды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, университет аясында бірнеше заманауи біліктілікті арттыру курсы өткізіліп келеді. Олардың ішінде: «Жасанды интеллект арқылы білім беруді цифрлық трансформациялау», «Цифрлық құзыреттілік: компьютермен және онлайн құралдармен жұмыс», «Кәсіби AutoCAD: тәжірибелік оқыту» және «MS Excel бағдарламасының кәсіби деңгейі». Бұл курстар өңірде IT саласында жоғары білікті мамандарды дайындап, цифрлық трансформацияға елеулі үлес қосып келеді.
Атырау облысының ерекшеліктеріне сәйкес, IT саласында келесі бағыттарды дамыту маңызды: жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру және робототехника, геоинформациялық жүйелер, киберқауіпсіздік. Бұл бағыттарды дамыту үшін білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға бейімдеп, өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыста жүзеге асыру қажет. Атырау мұнай және газ университеті осы бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіруде және студенттерге нақты жобаларда жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынуда. Жасанды интеллект әсіресе мұнай және газ саласындағы жабдықтардың күйін мониторингтеу, күрделі өндірістік процестерді басқару, экологиялық жағдайды талдау және ресурстарды тиімді пайдалануды жоспарлау салаларында жоғары әлеуетке ие. Университеттер осы бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы білім алушыларға өндірісте нақты қолданылатын дағдыларды меңгертуге мүмкіндік береді.
Атырау облысында IT саласында даму үшін ұзақ мерзімді стратегия әзірлеу және жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытындағы зерттеулерді қолдау мақсатында арнайы гранттық бағдарламалар ашу қажет. IT стартаптарын дамыту үшін инкубациялық орталықтар мен технологиялық парктер құрып, университеттердің зертханаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, өнеркәсіптік кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибелер ұйымдастырып, жастардың IT саласындағы білімін дамыту үшін гранттар мен стипендиялар бөлу ұсынылады. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске асыру да аймақтың технологиялық дамуына серпін береді.
Түйіндеп айтқанда
Атырау облысы IT саласында даму үшін ерекше мүмкіндіктерге ие. Жасанды интеллект пен өндірісті автоматтандыру сияқты бағыттар өңірдің экономикалық және экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға үлкен үлес қоса алады. Өңірдің ерекшеліктеріне бейімделген білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы біз жоғары технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көтеріле аламыз. С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің Ақпараттық технологиялар факультеті жүзеге асырып жатқан заманауи курстар, шетелдік профессорларды тарту, жетекші IT мамандарын дуальды оқытуға қатыстыру және жаңа білім беру бағдарламалары осы мақсаттарға жету жолында маңызды қадам болып табылады.
Шынар ҚОДАНОВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты