
Цифрландыру балалардың білім алуына мүмкіндік береді
Қазіргі таңда балалардың қосымша білім беру ұйымдарына баруын қамтамасыз ету мақсатында цифрландыру технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап мемлекеттік бюджет есебінен балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорт секцияларына және қосымша білім беру сабақтарына қатысуы қаржыландырылып келеді. Бұл бастама – білім беру саласындағы цифрлық шешімдерді енгізудің нақты нәтижесі.
Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың айтуынша, осы кезең ішінде еліміз бойынша 1 миллионнан астам бала жобамен қамтылған. Жалпы бөлінген қаражат көлемі 100 млрд теңгеден асып отыр. Мәселен, тек Атырау облысының өзінде 38 мыңнан астам бала тегін қосымша біліммен қамтылған. Бұл мақсатта 2025 жылы облысқа 9,5 млрд теңге бөліну жоспарланған.
Жоба аясында білім беру қызметтерін цифрлық форматта ұсыну – ата-аналар үшін де, мемлекеттік органдар үшін де үлкен мүмкіндікке айналды. Алайда, өңірлік әкімдіктермен бірлесе отырып жобаны кеңейтуге қарамастан, оны іске асыру үдерісінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталып отыр. Бұл ретте, заңнамалық базаны және техникалық тәсілдерді жетілдіру қажеттігі туындап отыр.
Бүгінгі таңда ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардан «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 1 800-ден астам өтініш келіп түскен. Бұл – цифрлық платформалардың азаматтық қоғаммен кері байланыстың тиімді құралына айналғанының айғағы.
Еркеназ ҚАЛИЖАН