
Бүгінгі мектеп түлегі — ертеңгі Отан тірегі
Бүгін біз ерекше сәттің куәсі болдық. Мүмкіндігі шектеулі болса да, ешқашан ізгіліктен үмітін үзбей, табандылықпен алға ұмтылған білім алушы өнерлі өрендер мектеп қабырғасында жүріп, көптеген жетістіктерге жетті. Бұл – олардың ерік-жігерінің, еңбекқорлығының және өмірге деген шексіз құлшынысының жемісі, теңдесі жоқ жеңісі.

Осылайша, санаулы сәттерден соң өздеріне сапалы білім мен саналы тәрбие, болашағына бағыт-бағдар берген алтын ұясынан ұшқалы, ұстаздарымен қоштасқалы отырған бүгінгі мектеп түлектері ертеңгі күні Отанының тірегі боларына сенімді. Өйткені, олар өз тұрғыластарына рухыны шынайы батырлық пен рухының мықтылығын көрсетті. Қандай қиындық болса да, мойымай, биік мақсаттарға жетуге болатынын дәлелдеді. Бұл — бәрімізге үлгі, үлкен мотивация!
Облыстық білім басқармасының қолдауымен, облыстық арнаулы мектеп-интернат ұжымының ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің салтанат залында “Бүгінгі мектеп түлегі — ертеңгі Отан түлегі» тақырыбында өткен мәні ерек, маңызы бөлек шарада осыған куә болдық. Көзінің көруінде кемістігі мен құлағының естуінде мүкістігі бар, алайда бойында өмір сүруге құлшынысы басым, өнер мен спортқа бейім балалар тәрбиеленетін мекеменің шәкірттері — санаулы күндерден кейінгі түлектері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй, тамаша демалыс сағатын сыйлады. Соған сай көрермендер де оларға зор құрмет пен қошемет көрсетті. Балаларына қолдау көрсеткені үшін ата-аналар да мектеп басшылығы мен ұстаз-тәрбиешілерге шексіз ризашылығын білдіріп, алғыстарын арнады.
Ендеше, біз де болашағы үміт күттірер балаларға алдағы уақытта да тек жарқын белестерді бағындырып, жаңа табыстарға жете беріңдер, деген игі тілегімізді жолдаймыз! Үлкен өмір жолындағы сапарлардың сәтті болсын, дейміз!
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор