Жарнама
Білім

Бүгін – Ғылым қызметкерлері күні

Ғылым қызметкерлері күнінің символдық мәні зор. Өйткені, дәл осы күні ғалым-геолог, академик, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келіп, адамзат баласы ғарышқа ұшқан. Ұлы Абайдың «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөзі баршаға мәлім, «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп, ғылымға жастай ден қоюдың маңызын атап өткен де Абай Құнанбайұлы еді. Сондықтан, ғылым мен техниканың дамыған заманында университеттердің ғылыммен айналысуы – бүгінгі күннің талабы.

Соңғы жылдары қазақстандық ғылымның дамуына мемлекет пен Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Ғылымды дамыту, ғылым қызметкерлерін қолдау мақсатында тəуелсіздік жылдарында арнайы заңнамалық өзгерістер енгізілді. 1992 жылы алғаш рет «Қазақстандағы ғылым жəне ғылым-техникалық саясат туралы», 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Ғылыми ізденістер нəтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдар қабылданды. Барлығы да саланы дамытуға арналған нақты шараларды көрсетеді. Осыған байланысты ғылымды қаржыландырудың бірнеше кезеңдері мен көздері анықталғанын айтқан жөн. Мемлекет тарапынан жасалған жұмыстар ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, ғалымдарды ғылыммен айналысуға ынталандыруды көздейді. Елде ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық, мақсатты-бағдарламалық сынды үш тетігі қарастырылған.

Сонымен қатар, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге де мəн беріліп отыр. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында «500 ғалымның жыл сайын шетелдік тағылымдамадан өтуі» туралы ұсыныс отандық ғалымдар мен профессура ортасында үлкен қолдауға ие болды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы 2022 жылы алғашқы тағылымдама басталып, бұл конкурсқа Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен қатысқан ғалым-педагогтардың ішінен 6 оқытушы «Болашақ» арқылы Англия, Германия мемлекеттерінде тағылымдамадан өтетін болды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бүгінгі таңда ғылым бағытында экология, био жəне нанотехнология, Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы жəне этнологиясы институттары жұмыс жасап жатыр. Біздің оқытушылар мен магистранттар үшін 1996 жылдан бері арнайы басылым – «Атырау университетінің Хабаршысы» ғылыми журналы шығып келеді. Жылына 4 рет шығатын журналда іргелі жəне қолданбалы зерттеулердің тарих жəне археология, педагогика жəне психология, экономика жəне құқық бағыты бойынша мақалалары жарияланады. Редакциялық кеңестің құрамында Қазақстан, Ресей, Словакия, Түркия, Иран, Ұлыбритания ғалымдары бар. Университетте 2021 жылы жалпы соммасы 42,1 миллион теңгелік 14 ғылыми жоба, 1 экспедиция жобасы жүргізілді. Оның 6-уы республика Білім жəне ғылым министрлігінің гранты арқылы қаржыландырылса, 4-і университетішілік, 2 – халықаралық жоба. Былтыр жобаларға бөлінген қаржы биылғыдан 10 миллион теңгеге артып, тағы 3 жоба қосылған. Былтыр республика Президентінің тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша комиссия құрылып, барлық өңірде арнайы жұмыс топтары зерттеу жұмыстарын бастады. Атырау облысы бойынша құрылған жұмыс тобында университеттің 16 ғалымы зерттеулерге қатысты. Биыл да ішкі ғылыми жобалар конкурсын өткізіп, университеттік қаржыландыруды жалғастырамыз.

Сонымен қатар, республика Білім жəне ғылым министрлігі өткізетін ғылыми жобалар конкурсына да тұрақты қатысып отырамыз. Министр Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен жақында өткен мəжілісте жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу институттарымен байланысын кеңейту, бірлескен диссертациялық кеңестерді ашу мəселесі көтерілді. Атырау университетінде де ғылыми əлеуетті көтеру үшін соңғы 5-6 жылда мақсатты докторантурада оқытуды қолға алдық. Бұған дейін 58 маман докторантурада оқыды. Мұнда оқып, PhD дəрежесін алған 20 докторант арасында экономика, қаржы, юриспруденция, экология, математика, информатика, психология саласы мамандары бар. 11 оқытушы докторантурада білім алып жүр. Ғылымға жастардың келуін осы арқылы жандандыра түсеміз деп ойлаймын.

Ғылыми жұмысын қорғап келген соң біржолғы сыйақы беру сияқты механизм де қарастырылған. Бұл – жастарды ынталандырудың бір тəсілі. Ғылыммен айналысуды жандандыру үшін 2020 жылдан бастап университетішілік гранттық қаржыландыру жолға қойылғанын да айта кетейік. Сонымен қатар, жұмыс дағдысына енгізілген KPI механизміне сəйкес əр оқу жылының соңында ғылыми нəтижесі жоғары педагогтар жалақысына қосымша ақша алады. Ғылым саласына қатысты басқа да кешенді жоспарлар бар. Ғылыми зерттеулердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, оны заман талабына сəйкестендіру мақсатында оқу орнының базасынан «Индустриялық дамуды цифрландыру саласында технологиялық құзырет орталығын құру» да күн тəртібінде тұр. Отандық ғылым саласы бойынша жасалған жалпы талдау негізгі 5 проблеманы анықтап берді. Олар – ғалымдардың қартаюы, ғалымдарға қойылатын жүктеменің көбеюі, шетелдік басылымдарға жарияланымдардың талап етілуі, ғылымдағы менеджменттің əлсіздігі жəне ғылыми нəтижелерді коммерцияландырудың төмендігі. Олардың біздің оқу орнына да қатысы бар екенін мойындауымыз керек. Алда тұрған маңызды мəселенің бірі – сол проблемаларды оң шешуге жұмыстану.

Дегенмен, кейінгі жылдары елімізде жас ғалымдардың саны артып келе жатқаны қуантады. Жақында университетте өткен «Жастар жəне ғылым: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық конференция оған тағы бір мəрте көзімізді жеткізді. 2018 жылы 8 мыңнан астам, былтыр 9200 жас қызметкер еңбек етеді. Ал, Қазақстанда 1991 жылы ғылыми зерттеумен шұғылданушылар саны – 42000 адам болса, қазір бұл көрсеткіш 22 мыңға дейін төмендеген. Соның 34 пайызы – орта жасқа толмаған жас зерттеушілер. «Цифрландыру, ғылым жəне инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы бойынша биыл ғалымдардың санын 1,5 есеге, яғни 34 мыңға арттыру, оның ішінде жастардың пайыздық үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы — ректор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button