«БРЕЙН РИНГ» – БІЛІМ ДОДАСЫ

Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы «Ақ сұңқар» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, ағымдағы жылы облыс көлемінде жастардың интеллектуалдық әлеуетті арттыруға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыруда. Солардың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «БРЕЙН РИНГ» интеллектуалдық сайысы.

 

Студенттер арасында интеллектуалды орта құру мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Мейірім Қалауи қатысып, сәттілік тіледі.

– Мұндай білім сайысы республика көлемінде әлі де өткізіліп жатқан жоқ. Бұған дейін оны Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында студенттер арасында өткізу қолға алынған. Сол өңірлермен байланысқан атыраулық жастардың қоғамдық қоры жергілікті жерде мұндай сайысты тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. Егер қолдау тапса, болашақта оны айына немесе аптасына бір рет өткізу жоспарымызда бар. Бұл бастамаға басқарма тарапынан қаржылық қолдау білдірілуде, – деді Мейірім   Жоламанұлы.

Ойынға 13 оқу орнынан командалар қатысып, 70-тен астам студент өз біліктілігін сынады. Жеребе тарту рәсімімен басталған білім додасында алғашқы болып Каспий маңы өңірінің қазіргі замандағы колледжінің «ПСК» және «APEC Petrotechnic» командалары кездесті. Ойын екі команданың бірі бес ұпай жинаған уақытқа дейін жалғасты. Ал, жиырма секунд ішінде қос команда да қате жауап берген жағдайда келесі сұрақтың ұпайы екі еселеніп отырды. Нәтижесінде, «APEC Petrotechnic» командасы алғашқы болып жартылай финалға жолдама алды.

– Студенттердің ой-өрісін дамыту мақсатында өткізіліп отырған іс-шарада алғашқы болып ойынды бастадық. Келесі кезеңге жолдама алып отырмыз. Жеребе тасталып, бірінші болып сынға түсетініміз анықталғанда, әрине, қобалжыдық. Алайда, қарсыласты айқын басымдықпен ұта білдік. Ең бастысы, нақты жауап беру керек. Мұнда студенттер ақша үшін емес, өз білімдерін жетілдіру үшін келді деп есептеймін. Өйткені, интеллектуалдық ойындар біздің білімімізді одан әрі шыңдай түсіретіні анық, – деді «APEC Petrotechnic» командасының капитаны Мұратбек Сәттіғұл.

Сұрақтардың басым бөлігі Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті пәніне арналып құралған. Ұйымдастырушылар сұрақтарды жергілікті тарихшылармен, оқытушылармен бірігіп дайындаған.

Жартылай финалға 13 команданың жетеуі шығып, әрі қарай бір-бірімен білімдерін сынасты. Олардың қатарында, «APEC Petrotechnic», «Аджип» компаниясы оқу орталығының «Эни», атыраулық еріктілерден құралған «ABK», Атырау мұнай және газ институтының «Пантион», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика факультетінің «Қыран» және Атырау агроколледж және медициналық колледждері командалары болды.

Тартысқа толы болған ақтық сында «Пантион» мен «Қыран» командалары кездесті. Мұнда ұпай саны жетіге дейін көтеріліп, болашақ журналистер жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңімпаздар басқарма тарапынан сыйлыққа 150 мың теңгенің сертификаты мен кубогын еншіледі. Ал, финалдық кезеңге жолдама алған өзге командалар сыйлықтармен марапатталды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз