БОЛАШАҚҚА – БЕРІК ҚАДАММЕН

Қырық жеті түлегіне қоңырау сыңғыры соңғы рет соғылған қазақ-түрік лицейінің шарасы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.

Соңғы қоңырау салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев болашақ жүгін аманат қылып арқалаған жас өрендерге сәт-сапар тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен мемлекетімізде білім саласына ерекше мән беріліп отыр. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдайлар жасалуда. Облыста 195 жалпы білім беретін орта мектепте 96 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың талапқа сай білім алуы үшін облыс мектептері қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, жұмысын жасауда. 2013-2014 оқу жылында республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 29 үздік түлекке Ресейдің Уфа қаласындағы жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар, 85 аз қамтылған отбасының балаларына Қазақстандағы және 18-і шет елдегі жоғары оқу орындарына тегін білім алуына жағдай туғызылуда. Мұның барлығы – бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан игі жұмыстар, – дей келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы лицей ұжымын оқу жылының сәтті аяқталуымен облыс әкімінің атынан құттықтады.
Атырау қаласындағы қазақ-түрік лицейі – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған іргелі білім ошағы. Жалпы, осындай лицейлерді бітірген жастардың әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндігі бар. Өйткені, мұнда оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеріп шығады. Барлық оқушылар мен ұстаздар қауымын, мектеп түлектері мен олардың ата-аналарын осынау ерекше мерекемен құттықтаған лицей директоры Исмаил Эльма аяқталған оқу жылының ерекше табысты болғанын, биылғы оқу жылында лицейдің он бес түлегі халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жүлдегер атанғандықтан, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылғанын мақтанышпен айтты.
Мектеп қабырғасында өткен қызыққа толы күндер артта қалды. Енді алда түлектерді білім сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Лицейдің үш түлегі «Алтын белгіге» үміткер болса, сегізі «Үздік аттестат» иегері атану үшін білімін саралайды.
Соңғы қоңырау салтанатында лицей түлектері «Білім символы үкісін» ізбасарларына тапсырып, білім қуу жолында үлкен жетістіктерге жете берулерін тіледі.
Сахнаға көтерілген ата-аналар ұйымының төрағасы Бақытжан Қалиев ұстаздарға шексіз алғысын білдіріп, түлектерге сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ, түлектердің сынып жетекшілері де шәкірттеріне жылы лебіздерін аямады.
Салтанатты шара оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз