Білім

БОЛАШАҚҚА – САПАЛЫ БІЛІММЕН

ОҚУ ҚҰРАЛЫМЕН
ҚАМТУҒА – ЕРЕКШЕ НАЗАР

Қаладағы 55 жалпы білім беретін мектептердің арасында 51 орта, 4 негізгі мектеп бар. Қазақ тілінде 30, қазақ және орыс тілінде 23 мектеп болса, орыс тілінде дәріс беретін 2 мектеп қызмет етеді. Жаңа 2013-2014 оқу жылынан бастап Геолог-2 мөлтекауданында жаңадан жалпы білім беретін №36 орта мектеп іске қосылып, қала мектептерінің саны артып отыр.
Республикалық бюджеттен жалпы білім беретін №3, №8, №9, №12, №13, №25, №26, №33, №35, Смағұлов атындағы және Бесікті мектептеріне химия кабинеттері құрал-жабдықтары алынды. Спорттық тауарлармен 35 мектеп жабдықталды. №32, №4, №5, Жамбыл, Бесікті, Нысанбаев мектептеріне оқушыларды тасымалдайтын автобус, қосымша білім беру мекемелеріне де музыкалық аспаптар алынды.
Оқушылардың барлығы 100 пайыз оқулықтармен қамтылған. Жаңа оқу жылында мектепалды даярлық, 2, 9 сыныптың оқулықтарын сатып алуға бюджеттен 50 млн. 620 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті оқулықтар сатып алынды. Мектепке дейінгі мекемелерде балаларды тәрбиелеу мен оқытатын 51 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. 35 бюджеттік, 1 ведомостволық, 11 жекеменшік, 3 шипажай, 1 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы балабақша, 39 шағын орталық бар.
«Балапан» бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда 4015 орындық 16 балабақша және 12 балабақша жанынан жапсаржай ғимараттары іске қосылды.
«Алмагүл» мөлтекауданынан «Аджип» компаниясының демеушілігімен 320 орындық балабақша ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. 2012-2013 оқу жылы ішінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларының білім сапасы 51,5 пайыз көрсетіп, өткен оқу жылымен салыстырғанда 0,5 пайызға жоғарылап отыр. Жалпы орта білім беретін 48 мектепті өткен оқу жылы бітірген 1798 оқушының 1563, яғни, 86,9 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден 81,4 жалпы орта балл көрсеткішті көрсетті. Ең жоғары 106,6 балл жинаған ағылшын тілін тереңдете оқытатын техникалық гимназия (директоры Әлібаева София Ғинаятқызы) мен 103,5 балл жинаған Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектептің (директоры Мырзағалиев Ақылбек Қишуұлы) педагогикалық ұжымдарының енбектеріне үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДАН – ҮЛКЕН ҮМІТ

Бұл жұмыстың көрсеткіші — ғылыми жобалар сайысы және негізгі пәндер олимпиадалары.
Республикалық олимпиаданың екінші кезеңі — қалалық олимпиадаға қатынасқан 1702 оқушының жеңімпаз атанған 47 оқушысы облыстық олимпиадаға, жеңімпаз алты оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алды. Сондай-ақ, республикалық, облыстық пән олимпиадаларына, ғылыми жобаларға қатысып, орын алған ағылшын тілін тереңдете оқытатын техникалық гимназияның, №19 орта мектептің, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің, №10 орта мектептің, №6 орта мектептің оқушыларының жетістіктері айтарлықтай.
Қайыршақты балалар саз мектебінің оқушылар ұлт-аспаптар оркестрі де ағымдағы жылы алған жетістіктері молынан болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2012 жылдың 15 қарашасындағы №175 бұйрығымен «Үлгілі» атағы берілген Қайыршақты балалар саз мектебі оқушылары ұлт-аспаптар оркестрінің өткен оқу жылында да қол жеткізген жетістіктері көңіл қуантады.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, қала деңгейінде дарынды балалармен жұмысты қарқынды жүргізуді талап етеді.

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОҚУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2012-2013 оқу жылында №№1,2,3,4,11,12,13,27,28,30 мектептер электрондық оқыту жобасына енгізіліп, жұмыс жасауда. Жаңа оқу жылынан бастап №№5,6,7,8,9 мектептерге электрондық оқыту жүйесі енгізілмек.
Жалпы білім беретін мектептерде еңбек ететін 3763 мұғалімнің жоғары санаттысы–565, бірінші санаттысы–1375. Осы оқу жылында жоғары санат–73, бірінші санатты мұғалімдер саны 100 бірлікке артып отыр.
Оқу жылы ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы — облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында үшінші (базалық) деңгей бағдарламасымен оқытудың үш айлық курсынан 191 педагог Алматы қаласындағы екінші (орта) деңгейдегі курстан 13 педагог өтті. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығында бірінші (ілгері) деңгеймен оқытудың үш айлық курсына 33 педагог жіберілді.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін тарататын базалық №16 және №31 орта мектептің базаларында төрт рет қалалық семинар өткізіліп, бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттер, білім беру жүйесін жетілдіру, оны ұйымдастыру жолдары туралы жан-жақты талқыланып, жаңа форматтағы сабақтар үлгілері көрсетілді.
Мұғалімдердің білімі мен білігін, озат тәжірибелерін жинақтау, тарату мақсатында дәстүрлі қалалық педагогикалық оқулар өткізіліп, жеңімпаз 63 педагог облыстық педагогикалық оқуларға жолданды. 58 мұғалім жеңімпаз атанды.
Дәстүрлі қалалық «Жыл мұғалімі-2013» байқауында Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназияның география пәні мұғалімі Жібек Мағзомова бас жүлдені, І орынды №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жауыр Гүлбаршын жеңіп алды.
Қалалық педагогикалық оқуға 930 мұғалім қатынасып, 359 мұғалім түрлі дәрежедегі дипломға ие болды. Облыстық педагогикалық оқуға 84 мұғалімнің жұмысы жолданып, 50 мұғалім жүлделі орындарға ие болды. Республикалық оқуға қатынасқан №22 орта мектептің мұғалімі Гүлайым Әндірбаева ІІ орын иеленді.
Қалалық педагогикалық оқуға қатынасушылардың «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудағы тиімді тәсілдер» атты баяндамалар жинағы арнайы мемлекеттік тіркелімнен өткізіліп, жалпы оқырман қауымға арналған 200 данасы шығарылды.
Өткен оқу жылында қала мектептерінің мұғалімдері үшін 46 рет түрлі тақырыптарда тәжірибе алмасу семинарлары ұйымдастырылды. Екі рет «Қазақстандық мұғалімдердің қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында кәсіби дамуы» бағдарламасы аясында Кембридж университетінің Білім факультетінің тренер-консультанты Джозеф Мишель мырзаның мектеп мұғалімдерімен кездесу шарасы өтті.

ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ – ТӘРБИЕШІ

Қалалық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде қамқорлыққа алынған 216 жетім бала есепте тұр. ҚР Үкіметінің №893 қаулысына сәйкес, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы асырап-бағуға арналған 15826,0 мың теңге қаржы бөлініп, ай сайын 10 есептік айлық көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленді.
Білім беру мекемелерінде жетім балалардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен оқу-тәрбие дәрежесін үнемі бақылауда ұстау мақсатында әрбір мектепте қорғаншылық комиссиясы құрылып, арнайы әлеуметтік педагог қызмет жасайды.
Өткен оқу жылында республикалық «Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіліп, жалпы білім қоры арқылы және демеушілердің көмегі арқылы аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларының оқулықтармен толық қамтылуына жағдай жасалды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында да республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда. Сонымен қатар, үйден оқитын мүгедек 53 баланы компьютер, оған қосымша құрал-жабдықтар 13 млн. 745 мың теңге қаражатқа сатып алынса, биылғы жылы қосымша құрал-жабдыққа 3 млн. 600 мың теңге қаржы бөлінді.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей қолдауымен Атырау қаласында алғаш рет 2012-2013 оқу жылынан бастап қала мектептерінің аз қамтылған отбасының 1107 баласына және 53 мектептің 1-4 сынып аралығындағы 19210 оқушысына ыстық тамақ ұйымдастырылды. 2012 жылы 1-4 сыныптың оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға және асхана құрал-жабдықтарын алуға барлығы 230 582,0 мың теңге қаражат бөлініп, игерілді.
Сондай-ақ, мектептерде бүгінгі күні 40 мектеп инспекторы педагогикалық және оқушылар ұжымымен бірлесе жұмыс атқарып келді. Жыл ішінде қалалық ішкі істер бөлімі, қала әкімі аппараты, балаларды оқшаулау бөлімінің қызметкерлерінің біріккен комиссиясы әрбір тоқсан сайын халықтың көп шоғырланатын жерлеріне сабақ уақытында көшеде жүрген оқушыларды анықтау мақсатында (базарлар, кафелер мен ресторандар, компьютерлік клубтар) рейдтер жүргізілді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасауға арналған алты балалар саз мектебі мен екі мектептен тыс мекемеде 4014 бала әртүрлі 56 үйірме мен музыкалық кластарда білім алды.

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ?

Өткен жылдың жазғы демалысы кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін 1-10 сыныптар аралығындағы 38458 оқушының 35679-ы жазғы демалыспен қамтылды.
Жалпы білім беретін 25 мектеп жанынан екі маусымдық үш мезгіл тамақтандыратын лагерьлер ашылып, онда 1066 бала демалып қайтты. Жекеменшік «Тағылым» лагерінде екі кезеңде 120 балаға демалыс ұйымдастырылды.
12 аз қамтылған отбасының баласы Италия қаласындағы «Чезанатико» лагеріне, 50 жетім, аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары Алматы қаласына АДЖИП КҚО компаниясының демеушілігімен «Өрнек» лагеріне жіберілді.
Сонымен қатар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, Ауған соғысы ардагерлерінің балаларына облыстық білім беру басқармасы «Қазақстан геологі» мекемесі арқылы Железноводск қаласына 128 бала демалуға жіберілді. Облыстық «Тұлпар» лагерінде 60 бала, ата-ана, ірі кәсіпорындар, жалпы білім қоры арқылы 2057 бала облыстан тыс және шет елдерге демалысқа жіберілді.
Облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, жоғарғы және арнайы білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің қоғамдық көліктерде (таксиден өзге) жеңілдікпен жол жүруіне арналған әлеуметтік жәрдемақыға 68 225,0 мың теңге қаржы бөлінді. Аталған жәрдемақы қала көлеміндегі 17 жоғары және арнаулы оқу орындарының орта есеппен 18000 студентіне аударылды.

Алпамыс ҒИЛЫМОВ,
қалалық білім
бөлімінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button