Біз 1960 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетінде Асан Сапаровпен курстас болып, бірге оқыдық. Біз – педагогикалық институттың алғашқы түлектеріміз.
Жан-жаққа жолдамамен кетсек те, көп кешікпей жұмыс бабының түрлі өзгерулеріне орай, қаладан табысып, 40-50 жылдай бірге тіршілік кештік. Жанұяларымыз жарасқан, аралас-құралас, қызықтарымызды да, қиындығымызды да бірге көріскен жандар болғанбыз.
Бірімізге тапсырма жүктеп, бірімізге жол көрсетіп, ақылын айтып отыратын да осы Асекең-тұғын. Елу жылдан аса араласып, жұбымыз жазылмай келе жатқан жолдастардың қатары да жыл өткен сайын сиреп барады. Әрине, бұл өмір заңы. Кімге қанша ғұмыр жазулы екендігі бір Аллаға ғана аян. Жасымыз ұлғайған сайын қимас досқа, жора-жолдасқа деген құрмет арта түседі екен.
Біз бір ұжым сияқты едік. Оны «өзіміздің президентіміз» деп атадық. Оның «орынбасарлары» ауысқанымен, президентіміз «өзінің қызметіне» ерекше адал болды.
Асанмен доспыз, жолдаспыз десек те, оның ой-өрісі, адамгершілік, адами болмысы біздерден әлдеқайда биік еді. Ол біз ойлай бермейтін мәселелермен толғанып жүретін. Басшылық қызметтегі адамдармен де араластығы бар, достары көп, жолдастыққа жарайтын жандары мол, көпшіл адам еді. Ол кәсіптік-техникалық училищелердің бірінде директор болып, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловты кейбір тоңмойын басшылар жұмыстан шеттете бастағанда ешбір кедергі, тосқауылға қарамай, өзіне жұмысқа қабылдады. Батырдың барлық жерге емін-еркін барып, ел аралауына жағдай туғызды. Бұл, әрине, оның кең жүректі азамат, мейірімді де қайырымды жан екенін әйгілей түседі. Досқа адал, жолдасқа құрметпен қарайтын.
Кезінде түрлі жағдайларға байланысты басына дұрыс белгі салынбағандықтан бейіті жермен-жексен болған бабасы Есентемірге белгі орнатып, ас беріп, оған деген ұрпақтарының ілтипатын көрсетті. Ата жолын сыйлағандық деген осы болар, сірә?!
Біз екінші курсты бітірген соң әскери комиссариаттан өткенде менің өкпемде кінәрат бары анықталды. Кәсіподақ ұйымы маған Алматыдағы шипажайда емделуге жолдама берді. Бұл 1957 жыл болатын. Сол кезде Гурьев педагогикалық институтынан бір топ студент Мәскеуде өтетін жастар мен студенттердің фестиваліне жолдама алу үшін Алматыға жарысқа келіпті. Бір топ студенттің арасында Асан Сапаров та бар екен. Алматыға жетісімен, елден сұрастыра жүріп менің жатқан шипажайыма келді. Екеуміз арқа-жарқа болып әңгімелесіп, көңіліміз көтеріліп қалып еді. Сол кездесу есімнен кетпейді.
Ертеңіне М.Горький атындағы саябақтағы «Спартак» стадио-нында жарыс басталды. Осы сайыста Асан өзімен күрескен балуандарды бет қаратпай жеңді.
Асекең біздің ортамызда өтетін қандай шара болсын, өзі ұйымдастырып, басқарып, асқан шеберлікпен өткізетін. Шаруашылық жағын да үйлестіре білетін. Өзі өткізетін, жиын, мереке, той болсын, дәл уақытында бастайтын Асекең еді. Уақыты болғанда есікті жабатын да, келген адамдармен бастай беретін. Ал, кешіккендер есіктің сыртынан қайтады. Содан кейін де көпшілік Асан шақырған жиын, мерекеге мерзімінен 10-15 минут ерте жиналуға дағдыланды. Осы тәртіпті ол өзгелерден де талап ететін. Мінездің адамы еді. Біреу өтірік айтса, біреуге көпе-көрнеу жала жапса, әдепсіздік танытса, сол мезетінде орнына қойып, кесіп түсетін. Тіпті, өз шаңырағының төрінде отырса да жеріне жеткізе оңдырмай, турасын айтып тастайтын.
Біздің курстастарымыздың ішінде облыстық партия комитетінің бюросы номенклатурасына еніп, соның шешімімен түрлі қызметтерге тағайындалып, тұралап қалған мекемелердің еңсесін тіктеуіне зор еңбегін сіңірген де осы Асекең болатын.
Атыраудың атпал азаматы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Асан Сапарұлының жарқын бейнесін, ғибратты өмірін, туған өлкесіне сіңірген еңбегін кейінгі толқын жастар жадында сақтай білуі қажет. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, өзі көп жылдар басшылық еткен қазіргі «Атырау көлік және коммуникация» колледжіне белгілі педагог Асан Сапарұлының есімін берсе, құба-құп болар еді деп ойлаймын.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
Атырау облысының және Индер, Исатай, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет», «Азамат» ордендерінің иегері.