
Биыл Атырау облысында 220-дан аса мектепте соңғы қоңырау соғылды
Мектеп түлектерінің оқу жылын тәмамдауына байланысты іс-шаралар осы жылы 23 және 24 мамыр күні ұйымдастырылды. Мұндай жиын Атырау облыстық Дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназияда да өтті. Оған облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, білім беру саласының қызметкерлері, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жалпы 2024-2025 оқу жылында өңірдегі мектептерде 152 мыңнан аса бала білім алды. Биыл 7378 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның 222-сі «Алтын белгіден» , 353-і «Үздік аттестаттан» үмітті.
Осы оқу жылында облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиядан 58 оқушы түлеп ұшты.

Салтанатты іс-шара барысында “Гимназия үздігі — 2025” марапаты 5 түлекке табысталды.
Басқарма басшысы 11-сынып оқушыларына сәттілік тілеп, ата-аналар мен ұстаздардың ерең еңбегін атап өтті.

— Бүгін сіздер үлкен өмірдің табалдырығын аттайын деп тұрсыздар. Мектеп – өмір жолындағы алып бекет. Сіздер осы балалықтың ұясынан өмірдің қиясына қанат қағасыздар. Сол сапарда асығым алшысынан түссін десеңіздер, оқыңыздар, үйреніңіздер, ізденуден жалықпаңыздар. Уақыт пен жастық жігерді білім мен дамуға жұмсаңыздар. Жарқын болашақ пен жетістіктің кілті оқу мен білімде екенін естен шығармаңыздар. Мен сіздерге сенемін! Сіздерді мектеп бітірулеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жауапты сынақтар — қорытынды аттестация мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеймін, — деп лебізін білдірді М.Әбуов.
Басқарма басшысы өңірде білім сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды. Анығын айтқанда, осы оқу жылында пайдалануға берілген 6 білім ордасының үшеуі – жайлы мектеп. Қазіргі уақытта 15 мектеп бой көтеруде. Оның алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тиесілі. 2024-2025 оқу жылында 12 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс апатты жағдайдағы және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектеп мәселесін шешуге оң ықпал етіп отыр.

Оқушылардың халықаралық стандарттарға сай, материалдық-техникалық базасы жетік, қолайлы ортада білім алуы облыстағы білім сапасының артуына өз септігін тигізетіні белгілі. Осы оқу жылында 100-ден астам оқушы республикалық олимпиада мен ғылыми жоба байқауларында топ жарды. 9-11 сынып оқушыларының республикалық пәндік олимпиадасында Атырау қоржынына түскен 27 медаль — биылғы оқу жылының жарқын жаңалығы.