Жарнама
Білім

Бір шаңырақта – үш «Алтын белгі»

«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп дана Абай айтқандай, адамның өмір жолында білімнің алар орны айрықша. Білім – тек болашаққа бастар баспалдақ қана емес, әрбір жанның абыройы мен асыл қаруы. Осыны тереңтүсінген атыраулық Сүлейменовтер әулеті – ұрпақ тәрбиесіндеөнегелі жол көрсетіп отырған отбасылардың бірі. Әулеттің үшбірдей перзенті мектепті үздік нәтижемен тәмамдап, «Алтынбелгі» иегері атаныпты. Оның үстіне үшеуі де мемлекеттік білім грантына қол жеткізген.

da30670e 665d 4df8 b09c 7a8c6c6b8d84

Әкеден – ақыл, анадан – мейірім

Отбасы – қасиетті қара шаңырақ, тәрбие – сол шаңырақтыңалтын діңгегі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендана халқымыздың сөзі бүгінгі күннің де айнымас шындығы. Адам баласының кісілік келбеті мен азаматтық болмысы, өмірге деген көзқарасы алдымен ата-ананың тәлімінен бастауалады. Әкеден – ақыл, анадан – мейірім дарыған жердеұрпақтың ұлылығына еш күмән жоқ. Расында да бір әулеттенүш бірдей «Алтын белгі» иегерінің түлеп ұшуы – жай ғанақуаныш емес, нағыз елді сүйсіндірерлік, өзгеге өнегеболарлық оқиға.

Шырайы асқан шаңырақтың иесі Тілекқабыл Сүлейменов – физика мен математиканың қыр-сырын меңгерген, бүгіндекәсіпкерлікті қолға алып, адал еңбекпен отбасының нәсібінарттырып отырған азамат. Ал оның жары Эльмира – Құрманғазы ауданының Нұржау ауылынан түлеп ұшып, Атырау төрінен өз орнын тапқан, бала тәрбиесін өмірлікмұратына айналдырған ардақты ана. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ» демекші, осы қос тірек бір-бірін толықтырып, перзенттеріне өнегелі өмірдің сара жолын салып келеді.

Бұл үйде білім – бірінші орында. Бірақ олар ұл-қызыныңсанасына білімді қыспақтаумен емес, ынталандыру арқылы, қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен сіңірді. «Жастай бергентәрбие – жас шыбықты игендей» демекші, ерлі-зайыптыСүлейменовтер балаларына қатаң талап қоймай-ақ, жүреккежол таба білген. Әкесі – демеу, анасы – арқау. Балалардың әрқадамына қуанып, әр жеңісін бірге тойлап, әр сәтсіздігіндедем беріп отырды. Эльмира ананың: «Басты мақсатымыз – перзенттеріміздің адал, еңбекқор, жауапкершілігі мол адамболып өсуі еді. Білім – сол қасиеттердің алтын арқауы» дегенсөзі олардың өмірлік ұстанымын айқындайды. Қарапайымғана әкенің баласын жарыстарға жеткізіп салуы, анасының«оқыңдар, ізденіңдер, дамыңдар» деген бір ауыз сөзі ұрпақтыңболашағына салынған ең асыл инвестиция болды.

Білім биігі – маңдай тердің жемісі

Отбасының тұңғышы Әсем Елемесова – Атырау қалалықлицейінің түлегі. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзгеденоза шауып, тек білімде ғана емес, қоғамдық өмірде декөшбасшы бола білді. Мектеп президенті болып сайланып, жасындай жарқыраған ұйымдастырушылық қабілетінтанытты. Ғылымға деген құштарлығы халықаралық ғылымижобалар байқауында ІІІ орынға жеткізді. Ал математикадан республикалық олимпиадаға қатысып, білім додасында да жоғары деңгей көрсетті. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 ұпай жинап, Халықаралық Бизнес Университетінің «Есеп және аудит» мамандығына ректор грантымен қабылданған Әсем қызыл дипломмен білімін аяқтап, бүгінде HyundaiCentre компаниясында бас есепшінің орынбасары болып еңбек етіп жүр. Жас болса да, білімнің арқасында үлкен сенімге ие болғаны – оның талпынысы мен табандылығының айқын айғағы.

Ортаншы қыз Асылай Елемес – Атырау облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей интернатының түлегі. Ол да әпкесінің жолын жалғап, білім биігінен көріне білді. VII сыныпта оқып жүргенде «Зерде» ғылыми жобасынан І орын алып, зерделі ойы мен талпынысын дәлелдеген. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлейтін дәрежеге жетуі оның болашақ мамандығын таңдауда айқын бағыт берді. Ол да ҰБТ-дан 125 балл жинаған ол Сүлеймен Демирел атындағы университетте «математика пәнінің мұғалімі» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік грант негізінде магистратурада оқып, ғылымның даңғыл жолына қадам басқан.

Кенже ұл Назымбек Елемес – Атыраудағы «Dostyk HighSchool» жекеменшік мектебінің түлегі. Ол апаларынан өзгеше, өнер мен шығармашылыққа ерекше жақын болып өсті. Ән-би сайыстарына қатысып, қалалық «Күзгі балда» жүлделі орын иеленіп, мектептің белсенді оқушыларының бірі атанған көрінеді. Мектеп газеттерінде мақалалары жарияланып, «Дарынды бала» форумдарында өнер көрсетіп, көпшілікке танылған. Биыл ҰБТ-да 90 балл жинаған Назымбек Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылданыпты. Өнерге құштар, білімге ынталы жас өзінің жаңа белестерін енді бастамақ.

Үш түрлі мектеп – үш түрлі орта. Бірақ үшеуін тоғыстырған бір ғана құндылық бар: ол – ата-ананың ақ ниетімен ұштасқан білімге деген сүйіспеншілік. Әсемнің ізденісі Асылайға бағдар болса, Назымбек үшін екеуі – шынайы үлгі. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» дейді дана халқымыз. Бұл отбасындағы тәрбиенің құдіреті – әр баланың бойына талапшылдық пен еңбекқорлықты дарытып, олардың тұлға болып қалыптасуына жол ашқаны.

Болашаққа ұмтылыс

Үлгілі отбасының балаларында болашаққа деген ұмтылыс мол. Әрқайсысының арманы мен жоспары бар, бірақ олардың санасында бірінші орында – отбасы құндылығы. Бүгінде Әсем мен Асылай өмірлік жарын жолықтырып, бір-бір шаңырақтың түтінін түзу түтетіп отыр.

7b464f1f 1642 4084 b3b5 6d9342e9a594

Шаңырақтың отанасы өз ойларын бөлісе отырып: «Қандай жоспар құрса да, олар мақсатына жететініне сенемін. Біз әрдайым тілекшіміз, қолдан келгенше қолдау көрсетуге дайынбыз» — дейді. Оның сөзінен ата-ананың балаларына деген шынайы махаббаты мен қамқорлығы байқалады.

Эльмира Өтепбергенқызы басқа ата-аналарға ақыл айтуға асықпаса да, жүрекжарды пікірін бөлісуден тартынбады: «Әр бала әртүрлі. Сондықтан бір үйдің тәрбиесі өзге үйдегі тәлім-тәрбиеге ұқсамайды. Бірақ балаға ауыр салмақ салып, қинамаған жөн. Ол оқығысы келмесе, оқымай-ақ қойсын. Бастысы – жаны сүйген іспен айналыссын. Сол кезде ғана шынайы жетістікке жетеді» — деп кеңес берді.

Отбасының бұл тәжірибесі – қазіргі ата-аналарға үлгі. Шынында да, әр бала ерекше, әрқайсысының қабілеті мен талпынысы бөлек. Сүлейменовтер отбасы дәл осы қағиданы ұстанып, ұл-қызының өз бақытын табуына, өз мүддесін жүзеге асыруына толық мүмкіндік берген. Мұндай тәрбие мен қолдау балаларға тек білім мен өнерде ғана емес, өмірдің барлық саласында биік жетістіктерге жетуге көмектеседі.

Түйін

Бір үйдің үш перзенті Әсем, Асылай және Назымбек – тек отбасының емес, бүкіл өңірдің мақтанышы. Дана Абай айтпақшы, «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген» осындай жігерлі жастардың болуы – елдің еңсесін тіктейтін қуат, ұлттың болашағына сенім ұялататын қуаныш. Олардың әрбір жетістігі кейінгі буынның қиялына қанат, жүрегіне жігер сыйласын деген тілегімізді біз де арнаймыз.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттер отбасылық мұрағаттан алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button