Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары жоғары білімді адамдар саусақпен санарлықтай болса, қазіргі күнде екінің бірі – институт, университет, академияның түлегі. Себебі, қарыштап дамыған қоғамда қай маманның да өзі таңдаған саласы бойынша білімінің терең болғаны абзал.
Мәселен, бір мекемеге жұмысқа орналасайын деп екі жас маман келді делік: бірі – жоғары білімді, екіншісі колледж бітірген. Мекеме басшысы, әрине, бірінші кезекте жоғары білімі бар маманды қабылдағысы келеді. Міне, сондықтан да қазіргі жастың бәрі өзінің қабілетіне қарамастан, жоғары оқу орындарына түсуге құмар. Бұрын бір орынға бірнеше абитуриент таласып, қайсысының жинаған балы көп – сол студент атанып, жинай алмағандары «құлап» қалатын. Әп дегеннен армандарына қолдары жетпей қалған олар жыл бойы оқулықтан бас алмай, келесі жылғы сынаққа тағы келетін. Үлкен дайындықтың арқасында ақыры олар өз мақсаттарына қол жеткізетін.
Иә, қазіргі жағдай тым бөлек. Мектеп бітірушілер ҰБТ тапсырады. Бірі шарықтаған балл жинап, бөріктерін көкке лақтырып мәз болса, енді бірі шекті балды да жинай алмай, көңілдері пәс болады. Жастарымыздың жоғары білім алуға деген ынтасы зор. Оны біз, сөз жоқ, құптаймыз. Биыл да еліміз бойынша білім гранттары конкурсына 75 мыңнан астам жас қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа арттырылып, білім гранттарының саны 54 мыңға жуықтады. Қазіргі күнде еліміз бойынша 530 мыңнан астам студент өздері қалаған мамандықтары бойынша білім алуда. Өкінішке орай, олардың бәріне бірдей студенттер жатақханасынан орын болмады. Сол себепті олар үйлерінен ақша сұратып, пәтер жалдауға мәжбүр. Біз қай қаладағы жалдамалы пәтердің бағасын алып қарасақ та, арзан емес. Мұндай қиындық студенттердің ойдағыдай білім алуларына кедергі келтірмей қоймайды. Сондықтан Президент алдағы жылдары 75 мың орынға арналған жатақхана құрылысын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл іс 2022 жылға дейін жалғасады.
Жанна ШАЯХМЕТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің кафедра меңгерушісі,
заң ғылымдарының кандидаты, профессор.