Жарнама
Білім

БІЛІМДІ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

— Ағымдағы оқу жылына Атырау облысы бойынша біліктілік арттыру курсынан 557 педагог қызметкерді өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде орта деңгей бағдарламасы бойынша ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтынан 30 педагог қызметкер, базалық деңгей бағдарламасы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығын 22 педагог қызметкер, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 206 педагог қызметкер біліктілігін арттыру курсынан өтіп, емтихан тапсырды. Бірінші деңгей бағдарламасы бойынша 90 педагог қызметкер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында біліктілігін арттыру курсынан өтуде.
— Бүгінде мұғалім кадрлармен қамту жайы қалай? «Дипломмен –ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?
— Қазіргі таңда 2013-2014 оқу жылына жалпы облыс бойынша білім беру ұйымдарынан 241 педагог маманға жалпы сұраныс түсіп отыр. Білім беру ұйымдарында жетіспейтін педагог кадрлардың басым бөлігі қазақ мектептерінде орыс тілінен сабақ беретін аралас мектептерде орыс сыныптарындағы математика, физика, химия, биология, тарих, география пәндері және бастауыш сынып мұғалімдері болып табылады.
Бұл сұраныстар жоғары оқу орнын бітіріп келетін жас мамандармен қамтамасыз етілетіндіктен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтынан және т.б. жоғары оқу орындарынан оқу бітіретін жас мамандар бойынша ақпараттар жинақталды. Сонымен бірге сәуір айында өткен жоғары оқу орнының түлектерін білім беру ұйымдарына орналастыру комиссиясына қатысу шаралары жүргізіліп, алдын ала берілген сұраныстар бойынша жас мамандар білім беру ұйымдарына бөлінді.
— Мектептердегі ер мұғалімдердің аздығы жайлы мәселе аз көтеріліп жүрген жоқ. Осы мәселе сізді облыстық білім беру басқармасының бастығы ретінде толғандырды ма? Біздің облыстағы ер мұғалімдердің көрсеткіші қандай?
— Расында да, айтылып жүрген мәселе. Алайда, әйел адамдардың қатары көп екен деп, өз ісін жақсы меңгерген мұғалімдердің жұмыс жасауына да тиым салынбаған. Педагог болу — әркімнің оқи салатын мамандығы емес. Бұл – жүрекпен таңдап қол жеткізетін ең жауапты, құрметті мамандық деп айта аламын.
— Қанша жаңа мектеп салынса да, оның материалдық, техникалық базасы дұрыс болмаса, сапалы білім беру туралы айту ертерек. Облыстағы бұл мәселе қалай қалыптасуда?
— 2013 жылы білім беру ұйымдарын күрделі жөндеуге 1 млрд. 438 млн. теңге қаржы бөлінді (республикалық бюджеттен — 825,9 млн. теңге; жергілікті бюджеттен – 508 млн. теңге; «Бір салалы қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен Құлсары қаласының алты мектебіне – 103,889 млн. теңге). 142 мектеп пен колледждерге 290 млн.теңгеге 2234 дана компьютер алынып берілді. Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткен мектептердің негізгі құрал-жабдықтары жаңартылуда. Оған 225 млн. теңге қаражат бөлінді. 2012-2013 оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыстық білім беру ошақтарынан 4141 оқушы қатысып, мектеп бітіруші түлектердің 82 пайызын құрады.
Облыстық білім сапасының орташа балы 74,1 пайызды көрсетті. Бұл былтырғы 2011-2012 оқу жылындағы көрсеткіштен үш пайызға жоғары. Облыс бойынша 176 үміткердің 68-і «Алтын белгіге» ие болды, «Үздік аттестатқа» үміткер 89 түлектің 58-і өз білімдерін дәлелдеп шықты. Республика бойынша ең жоғарғы 125 балл жинаған жеті түлек болса, солардың үшеуі — біздің облысымыздың түлектері. Бұл — біз үшін мақтаныш.
Облыста 23 халықаралық, 32 республикалық олимпиада және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары бар. Осыдан үш жыл бұрын инновациялық бағытта жұмыс жасайтын облысымызда 10 мектеп болса, қазір олардың саны 13-ке жетті. Мектептерде білім берумен қатар оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсету, ыстық тамақпен қамту қызметі де жолға қойылды.
— Ал, шалғайдағы мектептердің жайы қандай деңгейде?
— Биыл облыс бойынша бастауыш сыныптың 186 (интернатсыз), жалпы білім беретін мектептің 37318 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Сонымен бірге, 5146 бала аз қамтылған отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Облыс бойынша ыстық тамақпен қамтылған оқушылардың жалпы саны – 42464. 2012 жылы ыстық тамақ ұйымдастыруға 183 млн. 595 мың теңге қаржы бөлініп, игерілді. Сонымен бірге, 162 мектеп асханаларына 285 млн. 183 мың теңгеге құрал-жабдықтар алынды.
— Қазір балабақшада кезекте тұрғандар саны көп. Осы орайда жаңа тұрғын үйлердің төменгі қабаттарын балабақша ету жөніндегі бастама жалғасын таппай қалғаны үлкен мәселе болып отыр. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
— «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 9536 жаңа орын іске қосылып, мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған балалар саны 28 мыңнан асты. Қазір облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 55,1 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағыларды қамту 78,1 пайызын құрайды. 5-6 жасар балалар толықтай мектепалды дайындықпен қамтылған. Бүгінде облыста жалпы қуаты 2240 орындық сегіз балабақшаның құрылысы және 2 балабақшаны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шешімін тапқанда кезекте тұрғандар саны азаятыны сөзсіз.
— Биыл оқу орнын бітірген түлектердің жоғары оқу орындарында түсу ерекшелігі қандай болды? Еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс зор деп айта аласыз?
— Атырау қаласында мұнай-газ саласының кадрларын даярлайтын өңіраралық кәсіптік орталық ашылды. Оның ерекшелігі — оқу бағдарламалары, жұмыстың ұйымдастырылуы халықаралық талаптарға сай келеді. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Болашақта орталық мұнай-газ және құрылыс салаларының 13 мамандығы бойынша кадрлар даярлайтын болады. Қазір орталықта 100 оқушы оқуда. Оларға Канададан арнайы шақыртылған мамандар дәріс беруде.
Облыстағы бес техникалық және кәсіптік білім беру орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылды (интерактивтік, лингафон кабинеттері, автобус, спорт құралдары, жылыту қазандары, жылжымалы тақталар, көрнекі құралдар алынды).
Жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі жөнінде 601 келісім жасақталып, жүзеге асырылды.
Мемлекеттік тоғыз оқу орны халықаралық сапа менеджментінің ИСО 9001-2000 сертификатын алған. Тағы 9-ы бұл жұмысты осы жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бірақ, қай кезде де педагог кадрлар қажеттілік болып қала береді.
— Бүгінгі күні балалардың бос уақыттарын мәнді де мағыналы етіп өткізуге қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?
— 1964 жылы Ресей Федерациясы, Железноводск қаласы, поселкесінде негізі қаланып, 2001 жылы Атырау облысы әкімінің шешімі негізінде мемлекеттік кәсіпорын ретінде құрылған «Қазақстан геологі» емдеу пансионатында балалар жазғы демалыстарын өткізіп келеді. Кәсіпорын өз жұмысын ҚР Конституциясына сәйкестендіре білім беру жүйесінде сауықтыру және балаларды жазғы лагерьде демалдыру қызметімен байланыстырады. Көп жылдан бері шешімін таба алмай келген пансионаттың жылжымайтын мүлкіне деген меншіктік мәселесі облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының тікелей араласуымен биылғы жылы оңтайлы шешілді, яғни Ресей жеріндегі сауықтыру орталығы Атырау облысының меншігіне айналды және аталмыш сауықтыру орталығының дамуында елеулі өзгерістер болды. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен пансионаттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаржы бөлініп, алты дана автокөлік, (оның екеуі — демалушыларды Астрахан қаласынан сауықтыру орталығына тасымалдайтын, қолайлы жағдайлары бар автобустар), емдеу корпусына қазіргі заманауи талаптарға сай медициналық және кір жуғыш құрал-жабдықтар, жатын корпустарға кілем-төсеніш-жамылғылар, теледидарлар, бөлме шамдары алынды.
Екінші үлкен жаңалық, биылғы жылдың 30 мамырынан «Атырау-Минеральные Воды-Атырау» бағытында тікелей әуе қатынасы ашылып, жалпы демалушылардың жол қатынасын жеңілдетті.
Он екі кезеңнен тұратын кесте үзіліссіз орындалып, облыс көлеміндегі 363 жартылай жетім, аз қамтылған отбасы балалары аталмыш сауықтыру орталығына ұшақпен жеткізіліп және кері бағытта да ұшақпен қайтарылды. Осы балалардың демалуына және ұшақпен ұшуларына облыстық бюджеттен 32 500 мың теңге қаражат бөлінді, ал 2012 жылы 279 баланың демалуына 18 млн. теңге бөлінген болатын.
— Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button