БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ БІРЕГЕЙ ОРДАСЫ
Х.Досмұхамедов есімінің Атырау мемлекеттік университетіне берілгеніне 20 жыл толуына арналған ғылыми кеңестің салтанатты мәжілісі Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткізілді. Салтанатты мәжіліске облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, халықаралық конференция қатысушыларына облыс әкімдігінің атынан ризашылық білдіріп, табыс тіледі.
— Физика-математика ғылымдарының қазіргі білім беру кеңістігіндегі рөлі тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтуі үлкен мәртебе деп ойлаймын. Өйткені, физика-математика ғылымы барлық елде ерекше орын алады.
Осыдан 20 жыл бұрын еліміздің тәуелсіздігімен қатар түрлі салаларда болған өзгерістердің бірі – біздің Атырау университетіне Халел Досмұхамедов есімінің берілуі. Осылайша, Атырау мемлекеттік университеті тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда еліміздегі, оның ішінде батыс өңірдегі университет атағын алған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болды. Содан бері аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дамуына қажетті бірнеше жаңа мамандықтармен толықтырылып, облыстың тыныс-тіршілігіне тынбай араласып, өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің егемендігімен бірге есейіп, келешекке қарышты қадамдар жасаған университет – бүгінде зиялы қауым ордасы. Елдің ертеңі білім мен ғылымда десек, жастар терең білім алып, өздерін жан-жақты дамытуға оқу орнында барлық жағдай жасалған. Бүгінде университет республикадағы және шет мемлекеттердегі белді оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасуда. Оқу үрдісін жетілдіруге бағытталған халықаралық деңгейдегі келісім-шарттар – осының айғағы.
Халықаралық, республикалық байқауларда талай мәрте жүзден жүйрік шыққан жастарымыз – Атырау облысының ғана емес, барша Қазақстанның абыройы, әрі мақтанышы. Бүгінде университет алдында тың міндеттер тұр. Ол міндет – профессор-оқытушылар құрамының, қызметкерлердің және университет студенттерінің жоғары жетістіктерінің көп болуы. Білікті де білімді, зиялы шәкірт даярлауда университет ұжымының жауапкершілік үдесінен шығатынына сенім зор, — деді облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Аймақ басшысы мерейлі күнге орай білім ордасына «LED экран» сыйға тартты.
ӨТКЕН ЖОЛДА БЕЛГІ КӨП
Халықаралық конференцияға Ресей, Өзбекстан, Грекия, АҚШ елдерінен және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері қатысты. Олар өз кезегінде баяндамалар оқып, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Еңсегенов, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы А.Айталы және физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Н.Данаев, АҚШ-тың Білім корпорациясы президенті, профессор Т.Норман, Өзбекстан Республикасы М.Улугбек атындағы ұлттық университетінің физика-математика ғылымдарының докторы, профессор З.Юлдашев, Қазақстан-Американ университетінің ректоры, профессор Е.Мәмбетқазиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор А.Иманғалиев, ҚР Жоғары оқу орындары ассоциациясы вице-президенті, халықаралық көшбасшылар институты директоры, профессор Ә.Әбішев, Грекияның Индианаполис университеті профессоры РhD докторы С.Михаилиди, осы университеттің профессоры В.Гейлс, Медиаиндустрия академиясы профессоры К.Мажейка да тәжірибелерін ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Конференциядағы негізгі мәселелер бойынша Атырау мемлекеттік университеті ректоры, профессор Бейбіт Мамраев «Университеттің даму жолы: тарих және болашақ» тақырыбында баяндама жасады. Ғылыми кеңестің салтанатты мәжілісінде Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаевқа және ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиевке берілді.
Еліміз егемендік алған бастапқы кезеңде білім саласы да көптеген өзгерістерді қажет етті. Білім-ғылым жолында үздіксіз қызмет етіп, сол кездегі оқу орындарына университет дәрежесін алып беруге еңбек сіңірген Ережеп Әлхайырұлының Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін құрудан бастап, еліміздің Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Талдықорған және Атырау облыстарындағы педагогикалық институттардың университет атануына септігі тиген.
«Тек ғылым, білім саласы емес, мәдениет, өнерді де қамтитын оқу ордасын Атыраудан ашқан едік. Биыл жиырма жыл толды. Егер пединститут болса, жай мұғалім дайындар едік, қазір бірнеше факультетте экономиканың әр саласына қажетті көптеген маман даярлап отырмыз. Сондықтан, бұл оқу ордасының батыс аймақтағы орны бөлек», — дейді Ережеп Әлхайырұлы.
«Бұрынғы Гурьев педагогикалық институтын бітіргеніме биыл елу жыл толды. Өзінің оқу орнын бітіріп кеткеннен кейін ұмыту – мәдениетсіздіктің белгісі. Сондықтан, өзім оқыған білім ордасынан ешқашан қол үзген жоқпын. Мүмкіндігіме қарай келіп, шараларға қатысып тұрамын. Университеттің Құрметті профессоры атағын алдым. Қазір өзім Ақтөбе мемлекеттік университетінде қызмет етемін. Баспасөз бетінде университет туралы пікірлер айтылып жатса, жақсылығына қуанып, үнемі оқып жүремін», — деп, талай лауазымды қызметтерді атқарған профессор Амангелді Айталы өзінің сүйікті оқу ордасы жайында осылай сүйінішті лебіз білдірді.
ШАРАЛАР ЛЕГІ ШАЛҚЫДЫ
Дәстүрлі «Академик З.Қабдолов оқулары-2014» аясындағы «Физика-математика ғылымдарының қазіргі білім беру кеңістігіндегі рөлі» атты халықаралық ғылыми конференциясының секциялық, пленарлық мәжілісінде З.Қабдолов атындағы гуманитарлық зерттеу орталығында «Дін және дәстүр» тақырыбында «дөңгелек үстел», «Фолиант» баспасының «Кітап – мәңгілік құндылық» атты кітап көрмесі, сондай-ақ, жүзтомдық «Бабалар сөзі» жинағы мен Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі С.Ананьеваның «Морис Симашко. Опыт филологического прочтения» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, өнертанушы, суретші, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөлімінің биылғы түлегі, атақты композитор Илья Жақановтың сурет көрмесі мен «Две палитры» тақырыбында суретшілер Эльмира Жұмабаева мен Манарбек Дәулетияровтың көркемсурет көрмесі де көпшілікке таныстырылды.
Сондай-ақ, университеттің дамуына елеулі еңбек сіңірген байырғы ректорлар Х.Табылдиевтың, Ғ.Дайыровтың аудиторияларын ашу, кезінде экономика және құқық факультетінің негізін қалаған, көп жылдар бойына университет проректоры қызметін атқарған экономика ғылымдарының докторы, академик Ғ.Нұрышовтың, Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің деканы, сырттай оқыту және оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін абыройлы атқарған тарих ғылымдарының кандидаты И.Камешұлының атына аудиториялар ашу рәсімі өтті.
Ғылыми-тәжірибелік бағыттағы конференция аясында жалпы жиырмадан астам іс-шара жоспарланыпты. Оның ішінде аталған оқу орнының түлегі, даңқты спортшы Әмин Тұяқовтың құрметіне арналған жүгіруден жарыс, ұлдар, қыздар арасындағы кіші аяқдоптан біріншіліктер мен ұлттық қолөнер, көркемсурет көрмесі, ұлттық ойындар концертік бағдарламасы да жоғары деңгейде өткізілді.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.