
Білім мен біліктілік тоғысқан жол
Еңбегімен елге танылып, есімі тұтас бір саланың немесе дәуірдің символына айналған тұлғалар – халықтың асыл қазынасы. Олар уақыт елегінен өтіп, адалдық пен табандылықтың үлгісіне айналған, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар. Мұндай жандар тек кәсіби салада емес, бүкіл қоғамда оң өзгерістерге ұйытқы болады. Солардың бірі әрі бірегейі – ғұмырын ғылымға арнап, ел мүддесі үшін аянбай тер төккен Раушан Сармурзина екенін зор мақтанышпен айта аламыз.
Ол – Қазақстанның мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібінің болашақ келбетін қалыптастырған көрнекті ғалым, терең ойдың, тынымсыз ізденістің иесі. Оның өмір жолы – бұл тек ғылыми жаңалықтар мен жетістіктердің шежіресі ғана емес, шынайы жанкештілік пен елге деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі.
Раушан Ғайсақызы жүріп өткен әрбір белес – жаңа көкжиек, жаңа мүмкіндіктер. Ол ғылым мен өндірісті, мемлекет пен қоғамды жалғаған алтын көпір іспеттес. Оның ғибратты ғұмыры – ғалым мен мемлекет қайраткерінің тағылымды жолы ғана емес, кемелдікке ұмтылған адамзат баласына үлгі боларлық өнегелі өмір.
Раушан Ғайсақызы – ғылым мен өнертапқыштықтың биігін бағындырған дара тұлға. Ол КСРО Өнертапқыштар қоғамы сыйлығының лауреаты, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің үш алтын, екі күміс және бір қола медалінің иегері, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі «Бермингем алауы» сыйлығының иегері. 360-тан астам ғылыми еңбек, соның ішінде 5 монография, 56 авторлық куәлік пен 70-ке жуық халықаралық және инновациялық патенттің иесі.
Раушан Сармурзина – бар саналы ғұмырын, яғни 60 жылға жуық кәсіби жолын Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың сала – мұнай-газ химиясын қалыптастыруға арнаған жаңашыл ғалым. Оның бастамасымен мұнай газының әлеуеті толық іске қосылып, түрлі синтетикалық өнімдер мен материалдарға айналды. Бүгінде бұл өнімдер еліміздің шикізаттық емес, терең өңдеуге негізделген жаңа экономикалық бағыттарының біріне болып отыр.
Өз естелігінде Раушан Ғайсақызы былай деп жазады: «2000 жылы министрлікті Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы басқарды. Ұзақбай Сүлейменұлының қабылдауына үшінші әрекеттен кейін ғана кіруге мүмкіндік алдым. Сол кезде мен газ құрамын зерттейтін мәліметтерді мұнайхимиктерге беру туралы өтініш білдірдім. Бұл деректер құпия саналып, саланың өз мамандарына да қолжетімсіз еді. Ұзақбай Сүлейменұлы мені қолдап, деректерді беруді тапсырды. Қолымызға тиген мәліметтер бізді таң қалдырды. Теңіз бен Қарашығанақ газы этанға өте бай екен. Бұл — жаңа мүмкіндік, жаңа бағыттың бастауы еді…».
Расында, мұнай-химия саласын ілгерілетуде бұл шешім – бетбұрыс кезең болды. Ел игілігіне айналған бағдарламалардың бірі – 2004–2010 жылдарға арналған мұнай-газ химиясын дамыту жоспары. Тұңғыш рет полимер өндіретін кешен құрылысы басталды. Бұл бастама елімізде мұнай-газ химиясы саласының қарқынды дамуына жол ашты. Уақыт өте, «Самұрық-Қазына» қоры құрылып, жобаның операторы ретінде Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) компаниясы бекітілді. Жоба «ҚазМұнайГаз» қарамағына өткеннен кейін құрылыс үдерісі жеделдей түсті. Пандемия жағдайында небәрі 2,5–3 жыл ішінде 500 мың тонна этан өңдейтін зауыт іске қосылды. Бүгінде зауыт бұрын елімізде өндірілмеген полипропилен маркаларын шығарады. Жаңа заман талабына сай кадрлар даярланып, бүгінде «ҚазМұнайГаз» сияқты жетекші компанияларда қызмет атқарып жүр. Осы орайда, мұнай-газ химиясы саласының орнықты дамуы – білікті кадрларға тікелей байланысты екенін атап өтуге тиіспіз. Бұл бағытта ерекше миссияны арқалаған оқу орны – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті. Мұнайлы өлкеде орналасқан университет ғылым мен өндірісті ұштастыратын маңызды білім ордасына айналды.
Университет дуалды білім беру бағдарламаларын белсенді түрде енгізіп, KPI Inc., KMG PetroChem, Silleno, Butadiene сынды алпауыт компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Газ өңдеу, тасымалдау, автоматтандыру, жаңа материалдар әзірлеу бағыттары бойынша білім беруге баса назар аударылуда. Студенттер теориямен қатар, нақты өндіріс алаңдарында тәжірибе жинақтайды. Осы оқу орнының айрықша мақтанышы – академик Раушан Ғайсақызы Сармурзинаның белсенді қатысуы. Ол университеттің Индустриалды комитетінің мүшесі ретінде жаңа буын мамандарын даярлау ісінде ғылыми, әдістемелік және стратегиялық қолдау көрсетіп келеді. Оның жетекшілігімен оқу курстары жаңарып, заманауи талаптарға сай біліктілікті арттыру бағдарламалары жасақталуда.
Раушан Ғайсақызы сынды тұлғалар – еліміздің мұнай-газ химиясындағы технологиялық серпілістермен қатар, интеллектуалдық биіктерді бағындыруға жол ашып отырған шын мәніндегі Ұлттық құндылық. Оның есімі – ұлт рухының, ғылым қуатының және болашаққа деген сенімнің айқын нышаны.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры