
«Білім-Инновация» лицейлеріне оқушыларды қабылдау жұмыстары басталды
«Білім-Инновация» лицейлеріне оқушыларды қабылдау 1 ақпан мен 12 сәуір аралығында жүргізіліп, 11 мамырда арнайы емтихан өткізіледі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, үміткерлерді онлайн тіркеу bilemtihan.kz сайтында іске асады. Конкурсқа қатысу үшін ЖСН көрсетілген үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3х4 көлеміндегі фотосурет және ата-анасының өтінішін тіркеу қажет. Ал оқушының отбасы әлеуметтік осал топқа жатса, оны растайтын құжатты да жүктеген жөн.

–Жылдағы статистика бойынша конкурсқа өтініш тапсыратын 6 — сынып оқушыларының саны 2500-ден асады. Биылғы жоспарға сәйкес 50 бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар былтырдан бастап қабылдау емтиханында бір ғана кезең болып келеді. Яғни, тестілеу кезінде 60 сұраққа 110 минут уақыт беріледі. Математика және логика пәні бойынша 50 сұрақ болса, оқу сауаттылығынан 10 сұрақ ұсынылады, — деді «Білім-Инновация» лицейінің басшысы Қуаныш Құралбаев.
Лицейдің ерекшелігі — жаратылыстану бағыты мен шет тіліне басымдық беру. Білім ордасында геометрия, алгебра, химия, биология, физика және информатика пәндері ағылшын тілінде өтеді.