БИЛ – білім саласының баламасы

roldzh Білім

Биыл Атыраудағы «Білім-инновация» лицейінің негізі қаланғанына – 30 жыл. Оқу ордасы 1993 жылдан бері бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, талай дарын мен үздіктерді ұшырды. бүгінге дейін лицейді 1200 түлек тәмамдаған.

Білім ордасының мерейтойы «Жайық» мәдени-спорт кешенінде жоғары деңгейде аталып өтті. «Білімдегі жарқын 30 жыл» бөлімінде бұған дейін жеткен жетістіктері көбірек айтылып, жалауша ұстаған чемпиондар зор қошеметпен сахнаға көтерілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеп, жеке тұлғаның жан-жақты қабілетін ашуды, интеллектуалды ойын дамытуды мақсат тұтқан оқу ордасының облыстағы білім саласында орны айрықша. Жыл сайын түлектердің жоғары оқу орнына түсу көрсеткіші де жоғары. Білім бәйгелерінде оза шауып, ең әуелі алға шығатын да осы орданың шәкірттері. Тек биыл ғана 20 оқушы республикалық, 15 оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Мұның барлығы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек етіп жатқан лицей педагогтарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі, – деді Жасұлан Орақұлы.

Білім ордасының директоры Қуаныш Құралбаев салтанатқа жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, мерекелік лебіз білдірді. «Ұстаздарға мың алғыс!» бөлімі де ерекше форматта өтті. «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының вицепрезиденті Ержан Әубәкіров аталған лицейлердің республикада білім жүйесінің дамуына айрықша үлес қосып жатқанын атап айтты.

– Ел Тәуелсіздігінің тарихымен бірге жасасып, білім бәсекелерінде оза шауып, бәйге алатын шәкірттер шоғырын тәрбиелеп отырған лицейдің жетістіктері аз емес. Біздің шәкірттер Халықаралық олимпиадаларда 4 мыңнан астам, республикалық олимпиадаларда 5 мыңға жуық, ал облыстық деңгейде 17 мыңға жуық медалге ие болды. Түлектер Қазақстанның және әлемнің үздік университеттерінде білім алып, қазір елдің әр саласында қызмет атқарып жатыр. Бүгінге дейін лицейлерді 30 мыңға жуық түлек бітірген. Атырау «БілімИнновация» лицейі соңғы 1 0 жылда білім сапасында алдыңғы орында келе жатыр. Ол үшін педагогтар мен ата-аналарға алғысым шексіз, – деді Ержан Бисембекұлы.

Ал, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы аталған шаңырақтың облыстың білім саласындағы басты баламасы екенін атап көрсетті. Халықаралық «Тurkvision» ән байқауының лауреаты, 2022 жылғы лицей түлегі Нұрдәулет Тілекқабыл ұжымдағы ұстаздарға алғыс айтты. Бірқатар педагог Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен мапаратталды. «Түлектер» қауымдастығының басшысы Қанат Абдешев барша түлектер атынан құттықтау лебізін жолдады.

– Бұрын лицейде алған білім мен тәрбиеміз бүгінгі күнде өмірімізге азық. Түлектер тарапынан көптеген жобалар жасалып, іске асып жатыр. Соның бірі – төрт жыл бұрын «Атырау «Білім-Инновация» түлектері Ассосациясы» құрылып, білім ордасынан ұшқандар осы қорға топтасты. Дегенмен, жан-жаққа қанат қағып кеткен түлектердің барлығын бірдей қамту мүмкін емес. Сондықтан, «қайтсек бәрінің басын біріктіреміз?» деген сауалмен талмай ізденіп, «Orta» деп аталатын мобильді қосымшаны ойлап таптым, осы жазда толық іске қосылады. Қазір өзім Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қоғаммен байланыс факультетінде оқып жатырмын. Диссертациялық жұмысымның тақырыбы да осы бағытты қамтиды. Сондықтан, бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп жүрмін. Қосымшаны іске қосқан соң, оны жаңғыртудың тетіктері де зерттеледі, – деді Қ.Абдешев.

Қанат – лицейдің 2006 жылғы түлегі, Доссор кентінің тумасы. Қауымдастық құрылғалы бері жасалған жұмыс та аз емес. Яғни, лицей түлектері тың жаңалықтар ойлап тауып, таңқалдырудан шаршамайды. Ұстаздарын да жыл сайын құрметтеуді ұмытқан емес. Былтыр 8 педагогқа Астана қаласына барып демалып қайтуға мүмкіндік туғызды. Биыл 4 мұғалімді Еуропаға саяхатқа жіберуді жоспарлап, салтанатты шара барысында оларға жолдаманы ерекше ықыласпен тарту етті. Мерекелік кештің «Білімге жетелеген ұшқыр қиял» бөлімінде оқушылар лицей тарихын баяндайтын театрландырылған көрініс қойды. Оқу ордасындағы әдемі естеліктерімен бөлісті. Лицейдің әнұраны орындалып, көңілді тапқырлар клубының өнері тамашаланды. Концерттік бағдарлама қойылып, оқушылар флеш-моб биледі. Шара соңында барлық қатысушылар «Самға» әнін хормен шырқады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз