Батпақта тұрған мектептің бағы қашан жанады?
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалса да мектептердің барлығы бірдей оқушыларды қабылдауға дайын емес. Өңірде 200-ден астам мектеп бары белгілі. Бірақ, мұнайлы өңірде орын тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Соның салдарынан алдағы жаңа оқу жылында да бірқатар білім ұяларына жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне және «апатты» деп танылуына байланысты балалар өзге мектептерде оқуға мәжбүр.
Мұндай жағдай балалардың алаңсыз білім алуына қолайсыздық туғызғанымен, шынын айту керек кейбір мектептерде жұмыстар аяқталмақ түгілі әлі басталмаған. Сыртқы келбетінің өзі жұртта қалған дүниедей сүреңсіз тартып тұрған мектептерге қашан «жан бітеді»? Сонда оқушылар өзге оқу орындарында жылдап білім алуға мәжбүр ме?! Жөндеу жұмыстарының уақытылы басталмауының басты себебі неде? Мұндайда жұмысына салғырт қараған жауапты орындар басшыларының жазасы қандай болмақ?
Мәлім және беймәлім
Иә, біз бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Себебі, қаланың қақ ортасында тұрса да қаңырап қалған мектептер баршылық. Соның бірі – Атырау қаласындағы C.Мұқанов атындағы №10 орта мектеп.
Білім ошағы «апатты» деп танылғандықтан, ғимаратты бұзу туралы қаулы шыққан. Ескісінің орнына жаңасын салу мақсатымен 2023-2024 оқу жылынан бастап оқушылар жақын маңдағы оқу орындарына орналыстырылып, оқытылуда. Содан бері бұзуға дайындық жұмыстары жүргізілуі керек болатын. Алайда, ол әлі күнге дейін не сүрілген де жоқ. Есесіне айналасындағы тұрғын үйлердің балалары аңғал-саңғал жатқан білім ұясының (өздері қиратқысы келді ме?!.) есік-терезесін сындырып бітірген.
Өткен айдың соңында балалардың мектеп шатырына шығып жүрген бейнекөрінісі әлеуметтік желілерде тарап, тұрғындар арасында түрлі пікірлер туындаған еді. Үнемі күзет тұратын мектепте балалардың қалай төбеге шығып кеткеніне де таңымыз бар. Осыдан соң бізді де «батпақта тұрған мектептің қашан бағы жанады?» деген сауал мазалай бастады. Ал, оқушылары ше, қайда білім алады?
Редакциямызға хабарласқан көпбалалы ата-ана Әйгерім Мақсотқызы (өтініші бойынша есімі өзгертілді) балаларына өзге мектептерде білім алуы қолайсыздық тудырып жүргенін жасырмай айтты. Өйткені балалар өздері алғаш табалдырығын аттаған білім ұясында оқығысы келеді. Өткен оқу жылын тар жапсаржайларда оқып келген балалар кең сарайдай білім ұяларын әбден сағыныпты. Алайда, қайтадан салынатын мектептің әзірге қабырғасы сөгіліп, кірпіші де құлатылмаған. Сондықтан оның қашан, қалай тұрғызылатынын ешкім де нақты айта алмайды.
Мұғалімдер дәлізде отыр
Аталған мектептің іргетасы 1960 жылы қаланып, 1976 жылы қолданысқа берілген. Білім ошағы үш қабатты, 640 орындықтан тұрады, 25 оқу кабинеті, 1 спорт зал, 1 акт залы мен асханасы болған. Құрылыс алаңы 1403,4, ал жалпы алаңы 3532, 8 шаршы метрді құрайды. Өткен ғасыр ұрпақтарын да сауаттандырған іргесі мықты білім ұясының директорының міндетін атқарушы Арай Мұсағалиева бізбен әңгімесінде оқушылардың жаңа оқу жылында өзге мектептерде білім алатынын айтады.
– Бұл оқу орны қазіргі уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. «STROYCORP» ЖШС-нің 2023 жылғы 26 мамырдағы №299 техникалық қорытындысы негізінде мектеп ғимараты апатты деп танылды. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап бастауыш сыныптар (I-IV сыныптар) №34 көпсалалы мектеп-гимназия базасының жапсаржайына, ал Атырау қаласы білім бөлімінің «Мекеме теңгеріміндегі ғимаратты есептен шығару туралы» 2024 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығы негізінде мектептің V-XI сыныптары №27 И.Тайманов атындағы орта мектептің жапсаржайына көшірілді. Оқушылар №34 көпсалалы мектеп-гимназиясы базасының 6 оқу кабинетінде, №27 И.Тайманов атындағы орта мектептің жапсаржайының бас-аяғы 7 кабинетінде үш ауысымда оқып, оқу жылын аяқтаған болатынбыз, — деді ол.
Мектеп басшысы уақытша амалдап тұрған жапсаржайларда сынып бөлмелерінің жеткіліксіз екендігін жасырмады. Қазіргі кезде барлық маман бір шағын кабинетте отырады. Ал, сыймаған қызметкерлер дәліз бойында жұмыс жасауға мәжбүр.
Мектеп құрылысына байланысты құжаттар 2024 жылдың ақпан айында облыстық құрылыс басқармасына жолданды. Ғимараттың бұзылуы мен қайта салынуы құрылыс басқармасының құзыретінде. Қазіргі кезде мектеп ғимараты қауіпті жағдайда. Оның қашан бұзылатындығын жауапты басқармадан сұраған кезде «сметалық жобасы жасалып жатыр» деген хабар алдық. Биылғы оқу жылында да осы аталған екі мектептің жапсаржайында оқимыз, — деді мектептің уақытша басшысы.
12 мыңнан астам орын ашылады
Мұнайлы өңірде балабақшалар мен мектептерге деген сұраныстың жоғары екендігін жасыра алмаймыз. Мәселен қазір облыста 10 үш ауысымды және 7 апатты мектеп бар. Дегенмен келер жылдың соңына дейін бой көтеретін оқу орындарында 12 мыңнан астам орын ашылып, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі-мыс…
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтан анықтап білгеніміздей, C.Мұқанов атындағы №10 орта мектептің орнына жаңа 300 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Сондай-ақ, бұдан өзге қазіргі кезде аймақта 10 жаңа мектептің және «Жайлы мектеп» жобасы аясында 9 білім беру нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
–Атырау қаласының өзінде 600 орындық 5 мектептің құрылысы жүруде. Олар – Өрлеу (Тасқала), Көктем шағынауданы мен Бірлік, Еркінқала, Ақжар ауылдарында салынуда. Сонымен қатар, Дамбы ауылында 300, Индер ауданы Есбол ауылында 320 және осы ауданның Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің 120 орындық жапсаржай құрылысы жүргізілуде. Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №20 орта мектепке 180 орындық қосымша құрылыс та қолға алынды, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, Исатай ауданы Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебі және Атырауда Томарлы ауылында 150 орындық музыка мектебі бой көтереді. Демеушілер қаржысы есебінен 1500 орындық 2 білім ошағының (Атырау қаласы Талғайраң ауылынан 900 орындық, Жылыой ауданы Құлсары қаласы Береке шағынауданындағы 600 орындық орта мектеп) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Мектеп аз, бала көп
Иә, мектеп аз. Бала көп. Мұны өңірдегі, қала берді елдегі басты проблеманың бірі десек қателеспейміз. Жылдан-жылға халықтың саны артып, 20 миллионға жеттік деп «бөркімізді аспанға лақтырғанымызбен» балаларды балабақша, мектеппен қамтуда мәселе бары шындық. Облыста 200-ден астам жалпы орта білім беретін мектеп болғанымен, ол өңірдегі оқушы санына жеткіліксіз. Жоғарыда аталған үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің орнын басып, «жыртығымызды жамайтын» – «Жайлы мектептер».
«Жайлы мектеп» жобасы оқушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, салаға да жаңа серпін бермекші. Өйткені, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың ішінде Атырау қаласындағы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 шағынаудандарында және Ақсай-2 ауылында 900 орындық, Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында және осы ауданның Ақкөл ауылында 600 орындық мектептер салынуда. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық, Сарыөзек ауылында 300 орындық, Береке ауылында 1200 орындық орта мектептердің құрылысы қарқын алған. Жылыой ауданы Құлсары қаласының Атырау шағынауданында бой көтеріп жатқан 1200 білім ұясы да өңірдегі жайлы мектептердің қатарын толықтырмақшы.
Түйін:
Аймақта демографиялық көрсеткіштің қарқынды өсуінің нәтижесінде білім алушылар контингентінің өсімі де әжептәуір байқалып отыр. Мәселен, осыдан оншақты жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы 109 392 оқушы білім алса, өткен оқу жылында оның саны 149289-ға жеткен. Ал, аталған жоба аясында білім беру мекемелері салынар болса, мектепке деген сұраныс әлдеқайда азайып, оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай жасалады. Өңірде әлі күнге дейін үш ауысымды мектептің болуын осылай демографиялық өсіммен байланыстырып жататынымыз рас. Орын тапшылығы алдын-ала ойластырылғанында бұл да сылтау болмас па еді, бәлкім?!
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген Е.АЛТЫБАЕВ
Марат ӘБУОВ,
облыстық білім беру басқармасының басшысы:
«Оқушылар өзге мектептерде оқиды»
– Атырау қаласы, Н.Тілендиев көшесі, 21 мекен-жайында орналасқан дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясы (үш тілдегі) «Эсперт-Q» ЖШС-нің 2021 жылғы 12 желтоқсандағы және Атырау қаласы, Т.Қалмұханова көшесі, 1 мекен-жайында орналасқан М.Ломоносов атындағы орта мектеп «Эксперттік құрылым» ЖШС-нің 2021 жылғы 26 қаңтардағы техникалық қорытындылары негізінде «апатты» деп танылды. Мектеп ішіндегі мүліктер пайдалануға жарамсыз деп танылғандықтан есептен шығару жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде облыстық құрылыс және сәулет басқармасы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.
№30 мектеп-гимназиясының I-IV сыныптарындағы 268 оқушы №3 Білім-инновация лицейінің ғимаратына, ал II-IV сыныптардың 224 оқушысы Көлік және коммуникация колледжінің ғимаратына орналастырылады. V-XI қазақ сыныптарының 278 оқушысы Энергетика және құрылыс колледжінде, сондай-ақ V-XI орыс сыныптарының 586 оқушысы И.Тайманов атындағы орта мектепте білім алатын болады.
М.Ломоносов атындағы мектептің I-IV сыныптарының 505 оқушысы Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп ғимаратында, V-XI сыныптардағы 677 оқушы М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектепте оқиды.
Атырау қаласындағы С.Мұқанов атындағы №10 орта мектепке қатысты да облыстық білім басқармасы өз тарапынан облыстық құрылыс және сәулет басқармасына апатты ғимаратты бұзып, жаңа мектеп салу қажеттілігі туралы салалық қорытынды жолдады. Аталған басқарма қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Осылайша «апатты» деп танылған мектептердің ұстаздары мен оқушыларын уақытша өзге мектептерге орналастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.