Жарнама
Білім

Бақыт мекеніндегі баланың күлкісі

Былтыр облыс бойынша «Үздік балабақша» атанған Құрманғазы ауданындағы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасында бүгінде 254 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жас ұрпақтың бойына әдептілік, инабаттылық, мейірімділік сынды қасиеттерді сіңіретін қастерлі мекенде айта қаларлықтай игі істер көп.

– Балабақшаға келген кезден бастап «Заманауи педагог, ұшқыр ойлы түлек, қабілетті бала» моделін құруды қолға алғанбыз. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында балаларға жайлы, қауіпсіз түрлі ойындар ұсынып, олардың ой-өрісін дамытып келеміз. Балабақша – бақыттың баспалдағы болғандықтан, бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет, — дейді бөбекжай-балабақшасының басшысы Жанар Абдуллина. 

Иә, балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуі жолында тынымсыз қызмет етуде. Барлығы өз ісіне берілген бір үлкен тату отбасы іспетті. Балабақша мектепке дейінгі оқытудың мемлекеттік стандарты бойынша жұмыс жасайды. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де, балабақша ұжымы қазірдің өзінде біршама жетістіктерге қол жеткізген. Соның бірі – тәрбиеленуші бүлдіршіндер «Өнерлі бала» байқауына қатысып, Құрманғазы ауданынан бас жүлде, облыстан I орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Облыс көлеміндегі семинарлар да аталған балабақшада жоғары дәрежеде ұйымдастырылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, «Балбөбек» балабақшасы бүгінде балалардың саялы мекеніне айналған.

Облыстық білім басқармасының өкілдері өңірде жүзден жүйрік көрінген осындай тәрбие ошақтарының аз еместігін айтады. Олардың мәліметінше, өңірде 34677 баланы қамтитын 334 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 151 мемлекеттік, 83 жекеменшік бақша бар. Мектеп жанынан мектепке дейінгі білім беретін  100 шағын орталық  ашылған. Жеке иеліктегі мекемелерде 7011 бала тәлім алады. Балабақшаға кезекті жою мақсатында облыс бойынша 2025 жылға дейін 56 мектепке дейінгі білім нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өткен жылы өңірімізде балабақшамен қамту көрсеткіші 82%, мектепалды даярлықпен қамтамасыз ету 100%-ды құраған.

Бала – біздің болашағымыз, қуанышымыз. Балабақша – ертеңгі ел басқарар, жер-суына иелік етер, ел келешегін гүлдендірер, мерейін асқақтатып, мәртебесін өсірер жасампаз ұрпақты шыңдап, өмірдің ең алғашқы сатысын қалайтын киелі ұя. Ол – баланың екінші үйі. Мұндағы тәрбие мен білім бүлдіршіндердің табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға баулиды.

Құрманғазы аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 23 мектептің жанынан мектепке дейінгі білім беретін  шағын орталық ашылған. Бұл нысандар балалардың денсаулығын нығайту және сақтауды, балаларды ерте әлеуметтенумен қамтамасыз етуді, жеке мүмкіндіктерін ескере отырып балалардың танымдылығын, дене бітімі, ақыл-ойын дамыту, ата-аналармен психологиялық-педагогикалық тұрғыдан ағарту жұмыстарын жүргізуді негізгі міндеттері санайды. Орталықтар мемлекеттік стандарт талаптарына сай мүлікпен, ойыншықтармен, техникалық құралдармен жабдықталған. Күн тәртібі балалардың психологиялық және жас ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылған. Оқу сабақтары, ойын қызметін кезектестіру балалардың дене бітімі мен ақыл-ойының дамуына оңтайлы әсер етеді.

Алдағы уақытта аталған ауданға қарасты Бірлік, Хиуаз, Орлы, Қиғаш ауылдық округтерінде және Құрманғазы ауылының Кадырка елді-мекенінде балабақша салу жоспарлануда. Қынжылтатыны, кейбір балабақшалардың материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етеді. Елімізде білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында ауылдық жерлерде мектептер мен балабақшалар салуға тиісті көлемде қаржы бөлінсе жөн болар еді. Әсіресе, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, тәрбиешілердің біліктілігі мен жалақысын көтеру шаралары үздіксіз жүргізілсе деген көптің тілегі бар.

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында «Тағы бір маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет» деген еді.

Расында да, білім беру жүйесінің іргетасы – балабақша. Ендеше, бала болашағының негізі қаланар балабақшалардың жай-күйіне немқұрайлы қарамаған жөн.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button