Балаға ұрыспайтын апай
Әдетте, Әмина апай жұмысқа жақындағанда ата-анасын жібермей, арадай буатын сәбилер тәрбиеші апайының жанына жинала қалады. Себебі күні бойғы қызық ойын мен түрлі шараға толы күн осынау өмірде қабағын шытпайтын, артық кетсең, ұрыспай ғана сабаңа түсіретін абзал апаймен бірге өтетінін бала жаны түсініп алған…
Тәрбиеші Әмина Қазмағамбетова 1964 жылы Қарабау ауылында өмірге келді. 1981 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін жас талаптың тәрбиеші мамандығына ниеті ауған еді. Себебі, Әмина көп балалы отбасы, майдангер Балмұқан Қазмағамбетовтің қызы болатын. Жалынды жас 1983 жылы сол кездегі Гурьев педагогикалық училищесіне (қазіргі Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі) түсіп, екі жылдан соң орта буынды маман болып шықты. Еңбек жолын жолдамамен іргедегі Мақат ауданында «Теремок» балабақшасынан бастап, кейін сүйікті жұмысын туған ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасында жалғастырды. Содан бері де арада 40 жыл уақыт өтіпті. Туған топырақтан табан аудармаған бала жанының бағбаны – бүгінде отбасында әже атанып, туған ауылының алғысына бөленген айтулы тәрбиеші. Әмина тәрбиелеген буынның жасы бүгінде 40-тан асып, ата-ана атанса, алды немере-жиен сүйіп отыр. Ол еңбек еткен жылдары Қарабаудағы балабақшадан тәлім алған ұрпақтың ішінде оншақты мұғалім, 5 кәсіпкер, 2 дәрігер мен көптеген орта буын медицина маманы өсіп шығыпты. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей» демекші, сәби санаға Әмина еккен ізгілік ұрығы аядай ауылдан осыншама маманның өсіп шығуына игі ықпал еткені анық.
– Әмина апай бізді адалдық пен қазақы салт-дәстүрдің қайнар бұлағынан сусындатты, — дейді осы балабақшаның түлегі, бүгінде Доссор кентіндегі белгілі білім ошағының бесаспап маманы, мектеп директорының орынбасары Ақгүл Ақылбекқызы. Табиғатынан «білсем, білгенімді жас ұрпақ тәрбиесіне жаратсам» дейтін Әмина апай қат-қабат жұмыстан уақыт тауып өз білімін жетілдіруді де жадынан шығарған емес.
Шынында, бала жанының бағбаны үшін басты бағыт – замана талабын тамыршыдай тап басу болса, Әмина Балмұқанқызы 2000 жылы облыс орталығынан «Міндетті мектепалды даярлық» курсын тәмамдап, 2007 жылы «Балбөбек» бағдарламасы бойынша білімін толықтырды. Осындай курстардан алған тәлімін өз жұмысына шебер пайдалана білген тәрбиеші бүгінде ауылдың ақылман анасына айналып келеді.
Осылайша 40 жылдан астам уақыт тәрбиеші болған Әмина апай 1988 жылы бір сыныпта оқыған Мұңал Бисенғалиевпен бас құрады. Өмірлік жарын тапқан ол тек келін емес, әулеттің анасына айналарын сезіп келген-ді.
– Осы отбасына келін болып түскенде мені анасынан ерте қалған төрт бірдей бала күтіп алған еді. Самал ерте ұзатылды, Төлеген, Жамал, Жеңіскүл қолымда өсті. Сырт қарағанға «келе бәйбіше атанған, ененің түртпегін көрмеген біз секілділер бақытты келін» саналатыны анық. Бірақ басына түскен ғана біледі, енем Дәнекер ерте өмірден озған екен. Ал атамыз Жолдас өмір бойы қосағын жоқтаумен өтті. Қараусыз қалмағанмен ана құшағын жоқтайтын жетімдер үшін маған үлкен жауапкершілік артылған еді. Тіпті, тұрмыстағы Қарлығаш апамыздың перзенттері Гүлшара, Махамбеттер қара шаңыраққа келгенде алдынан ақ күн туғыза алмасам да, ұрпақ ұясын сақтауға тырыстым. Бағым болар жан-жарым Мұңал бетіме жел боп тиген жоқ. Өмірдің қиындығын да, қызығын да иық түйістіріп, бірге көтере білдік. Анығында, біз өмірдің өнегесін бірге оқып үйрендік. Содан ба, бүгінде отағасым күллі әулетке ата атанса, мен ананың орнын жоқтатпадым. Кейін өзімізден ұрпақ өрбіді. Шүкір, бір ұл, үш қыз сүйдік. Қазір олардан өрбіген 10 немере-жиен бар. Бұл да Тәңірдің бергені болар, — дейді бүгінде әулет анасы атанған Әмина апай.
Иә, өмір өзгереді, ұрпақ алмасады. Бірақ бала тәрбиесін ақсатуға болмайды. Оны жұмысқа қабылдаған Дәмет Самалиева, жатқан жері жарық болғай, балабақша үшін жанын беруге даяр адам еді. Кешегі заманда кеңшардың бастауыш партия ұйымына жетекшілік еткен, кейін жұмысшылар комитетін басқарған Дәмет апай шын мәнінде «адам жанының инженері» бола білді. «Сәбиді жылатсаң, Тәңірі қарғайды, бір баланы қуанта білсең, қырық періште күліп, жолыңа бақ тілейді» деп өмірлік тәлімін талай жастың санасына құйып отыратын марқұм. Кешегі 90-жылдардың қиындығында қазіргі «Қарлығашты» жаптырмай алып қалған да, есіміне аудан басшылығы да жақсы қанық қайраткер апаның арқасы еді.
– Осы 40 жылдан астам уақытта алдымнан қанша сәби өтті, қаншасына тәлім бере алдым, ол – уақыттың еншісінде. Тек қуанатыным, солардың алды ат жалын тартып мініп, азамат атанды, туған ауылына, қала берді Ұлы Отанымыз – Қазақстанға еңбек етіп жүр. Ендеше, осынша жыл төгілген теріміз текке кетпепті, — дейді әзиз апай Әмина.
Арыстанбек КЕНЖЕ,
Ақпарат саласының үздігі
Қызылқоға ауданы