Атыраулық ұстаздардың «ақылды үйі»
«Бұл туралы Атырауда «Шеврон» компаниясы іске қосқан «JasSpace» бағдарламасы арқылы білім алған мұғалімдердің бірі Гүлшат Бөлекбаева айтып берді.
Энергетика және құрылыс колледжінің оқытушысы Гүлшат Бөлекбаева информатика, роботехника пәндерінен сабақ береді.
«Біз колледжде тас қалаушы, электрик, сантехник, құбыр жөндеуші мамандарын дайындаймыз. Осы курста үйренген сабақтарымды шәкірттеріме үйретіп, стартап топ құруды жоспарлап отырмын. «Ақылды үй» жобасына топтағы барлық мұғалімдер қатысты. Жобада электронды кілт, робот машина, лед дисплей, автоматты қақпа және ақылды жарықтандыру желісі қарастырылған. Қазіргі құрылыс компаниялары салып жатқан үйлердегі «Ақылды үй» жобасы қаржылық тұрғыда тым қымбатқа түседі. Біздің жобамыз Arduinо арқылы жүзеге асады. Arduinо арқылы жасалған жоба экономикалық тұрғыда тиімді. Әрі жөндеуге де оңай. Біздің жобамыз жарықты үнемдеуге, күннен энергия алып, пайдалануға, қауіпсіздікті жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Осы жобамызды жетілдіріп, құрылыс компанияларына экономикалық тиімді ұсыныс бергіміз келеді» дейді Гүлшат Бөлекбаева.
Еске сала кетелік, Атырауда мұғалімдер STEAM біліктілігін арттыру курсынан өтті. Атырау облысы бойынша барлығы 160 мұғалім біліктілігін арттырған курс аясында оқытушылар инженерия, физика, математика, химия, информатика, биология, роботехника салалары бойынша жаңартылған әдіспен білім алу мүмкіндігіне ие болды. Курс қорытындысымен оқытушыларға сертификаттар табыс етілді. Біліктілікті арттыру курстарын «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатқан «JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия қоры ұйымдастырды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА