
Атыраулық студент Еуропада үздік атанды
Еуропаның ең ірі кәсіби шеберлік чемпионатында Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің 4-курс студенті Бақдәулет Қуаныш ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жас маман «CAD инженерлік графика» құзыреттілігі бойынша бақ сынап, халықаралық додада өзінің кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде дәлелдеді. Нәтижесінде ол «Үздік маман» медальонын иеленіп, Қазақстанның кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің мәртебесін асырды.
Бұл жеңіс – бір ғана студенттің табысы емес, тұтас еліміздің, соның ішінде Атырау облысындағы техникалық және кәсіптік білім саласының үлкен жетістігі. Ол – табандылық пен еңбектің, үздіксіз ізденістің нақты жемісі.

– Жастарымыздың осындай биік белестерді бағындыруы – ертеңгі жарқын болашағымызға деген сенімді нығайтады. Бұл – білімге, еңбексүйгіштікке және жаңашылдыққа құрылған табыс, — деді колледж директоры Бағыт Шеркешбаева.
Жас жеңімпазға алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа белестерді бағындыруды тілейміз.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ