Атыраулық оқушылар әлемдік робототехника үздіктері қатарына енді
«Meb Robot Yarismasi-2023» робототехника бойынша мектеп оқушылары арасында халықаралық бәйгеге әлемнің 19 елінен 170 команда қатысқан.
Атырау облысындағы ең ірі STEAM білім беру орталығы – JasSpace кеңістігінің шәкірттері робототехника бойынша Түркияның Бұрса қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, әлемдік деңгейдегі ТОП-20 команданың рейтингісіне ілікті.
«Meb Robot Yarismasi-2023» робототехника бойынша мектеп оқушылары арасында халықаралық бәйгеге әлемнің 19 елінен 170 команда қатысқан.
«Ғылым бәйгесіне қатысуға бастапқыда 600-ден астам команда өтінім берген. Алайда, «шағын сумо» санатында өткен байқауға 170 команда ғана іріктеуден өтіп, қатыса алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен мықтылар қатысқан конкурста бәсекелестік жоғары болды. Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған атыраулық JasSpace командасы конкурс қорытындысымен робототехника бойынша халықаралық ТОП-20 команданың құрамына енді. Бұл біз үшін үлкен абырой», – дейді оқушыларды ғылыми бәйгеге дайындаған JasSpace кеңістігінің робототехника бойынша тәлімгері, «ҚазРобоСпорт» қоғамдық ұйымының Атырау облысы бойынша филиал директоры Асқар Алдан.
Команданың құрамында Әбілмансұр Жақсылық, Нұрсұлтан Ғалымжан, Парасат Сәкішев, Әбілмансұр Арал, Диана Ахметқалиева және Айсұлу Маратова есімді жас таланттар өнер көрсетті.
«Робототехника саласы мен үшін өте қызық. Бұл шығармашылық пен технологияның тоғысқан әлемі десек те болады. Біздің конкурсқа апарған роботтарымыз өзіндік функционалдық ерекшеліктерімен дараланып тұрды. Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды», – дейді жеңімпаз команда мүшесі Парасат Сәкішев.
Еске сала кетелік, JasSpace бағдарламасы Атырау жастарын дамыту бастамасы аясында «Chevron» компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия қорымен жүзеге асырылып келеді.
Баян Жанұзақова