Атыраулық оқушылар республикалық олимпиадаға жол тартты
Облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері Қазақстан темір жолы Атырау вокзалында «IQanat» республикалық олимпиадасына қатысатын оқушыларды Алматы қаласына салтанатты түрде шығарып салды.
«IQanat» олимпиадасы аудандық, облыстық, республикалық болып үш кезеңге бөлінген. Алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар ендігі уақытта республикалық деңгейде бақ сынайды. Бүгінде топ жарып, іріктелген 33 оқушы Алматы қаласына жол тартты.
-Әр облыстың кәсіпкерлерінің қолдауымен өтетін олимпиада биыл да өз жалғасын тауып отыр. Ауыл мектебіндегі оқушыларға білім сапасын көтеруге зор мүмкіндік ұсынылуда. Олимпиада Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өтеді. Егер оқушылар бұл кезеңнен де сүрінбей өтсе, Ақмола облысы Бурабай ауданындағы IQanat High school мектебі бөлген 100 грантты ұтып алады, — дейді Атырау облысы бойынша координатор Сәуле Құбашева.
Олимпиада 17-20 маусым аралығында ұйымдастырылады. 17 маусым күні финалистер тест тапсырып сынға түссе, ал 20 маусымда «Медеу» спорт кешенінде білім бәйгесінің салтанатты түрде жабылуы өтеді.
Айта кету керек, финалистер олимпиададан өтпей қалған жағдайда, оларға «IQanat» ҰБТ-ға тегін дайындалуға және түрлі сайыстарға қатысып, білімін шыңдауға көмектеседі.
Ұлболсын МАРСОВА
Суретті түсірген автор