
АТЫРАУЛЫҚ ЕКІ ҰСТАЗ «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» АТАНДЫ
Кеше бірнеше кезеңге созылған республикалық «Үздік педагог-2021» байқауы қорытындыланды, — деп хабарлайды atr.kz
Бәсі биік додада еліміздің түкпір-түкпірінен 172 мұғалім бақ сынады. Оның ішінде мектеп мұғалімдерімен қатар балабақша, қосымша білім беру педагогтері және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 40 педагогі де бар. Олар сайыс кезінде төрт кезең бойынша сынға түсті.
Қатысушылардың жұмысын ҚР БҒМ бұйрығымен бекітілген 20 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде атыраулық екі мұғалім үздіктер қатарынан көрінді.
Осылайша, Атырау қаласы М.Бекмұханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жұмажан Бекбосынова мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагог-психологы Күнайым Рабай «Үздік педагог-2021» жүлдесімен марапатталды.

