Атыраудағы Халықаралық интеллектуалды ойын мәресіне жетті
Халықаралық «SPE PETROBOWL» дәстүрлі интеллектуалды ойыны биыл Атырауда алғаш рет UTEBAYEV UNIVERSITY базасында өтті.
Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнай инженерлері қоғамы (SPE) ұйымдастырған чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Әзербайжан елдерінен жеті команда — Nazarbayev University, Kazakh-British Technical University, Azerbaijan State Oil, Industry University, Almetyevsk State Oil Institute, Baku Higher Oil School және Atyrau Oil and Gas University білімгерлері қатысты.
—Зияткерлік байқауда студенттер мұнай-газ саласын қамтитын викториналық сұрақтарға жауап береді. Сұрақтар қабаттарды игеру, ұңғымаларды бұрғылау, геология, геофизика, мұнай тарихы, геосаясат секілді маңызды салаларды қамтиды. Жарысқа қатысушы студенттер осы байқау аясында әлемдік аудиторияға өз тәжірибелері мен білімдерін көрсетуге мүмкіндік алады, — дейді Ресей және Каспий маңы елдері SPE бастамасының өңірлік директоры Алексей Борисенко.
PetroBowl чемпионатының қорытындысы бойынша жеті команда ішінен екі үздік топ өз білімдерімен алға шықты. Аймақтық іріктеуде қазақстандық Kazakh-British Technical University және әзербайжандық Baku Higher Oil School жеңімпаз атанды. Олар енді АҚШ-та өтетін шешуші кезеңде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 32 командамен білім бәйгесіне түседі.
Асылым ЖАҢАЙ