Атырауда жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды

screenshot 20220406 114522 Білім

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында «Атырау инженерлік-гуманитарлық институты» мекемесіне қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 409-бабының 7-бөлігімен (Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнаманы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық туралы әкімшілік іс қаралды.

Бұл туралы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен білдік. Сотта анықталғандай, «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің» жоғары және  жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысымен Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнаманы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін «Атырау инженерлік-гуманитарлық институты» мекемесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталған.

Биылғы 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында мекемеде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Институттың білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік қағидаларына бұрын анықталған сәйкессіздіктерді орындамағандығы анықталды. 31 наурыздағы сот қаулысымен жоғарыда көрсетілген мекеме ӘҚБтК-тің 409-бабының 7-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған бір ай мерзімге рұқсат беру құжатынан айыра отырып, 107 205 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз