Жарнама
Білім

Атырауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салынады

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудың бірінші кезектегі шаралары талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, басқарма басшылары, облысқа қарасты коммуналдық мекеме басшылары және мердігер мекеме өкілдері қатысты.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысын жүргізетін мердігерлер арасында жергілікті компанияларға басымдық беріледі. Сонымен қатар оларға бірқатар жеңілдік қарастырылады.

— Жергілікті мердігерлерге жұмыс тәжірибесіне қарай 5% жеңілдік беріледі және бұл өзге өңірден келген мердігерлерге жүрмейді. Бірақ мердігер банк авансты кепілдігі түрінде растау шарт. Өңірдің ішінде әр мектепке әр түрлі мердігер мекеме конкурс арқылы таңдалады. Сонымен қатар, салынатын мектептердің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптама қорытындысын алып береміз. Құрылыс жұмыстары басталған кезде құрылыс алаңына бейнекамералар орнатылып, интернет қолжетімді болуы қажет. Өйткені жұмыс барысы тәулік бойы қадағаланады. Бұл жұмыстың сапалы аяқталуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мердігер мекеме басшылары әр апта сайын құрылыс жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп отырады,-деді М.Айманбетов.

Кеңесте инфрақұрылым жүргізу, мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту сынды мәселелер талқыланды.

Облыс әкімі білім ордаларын салатын мердігер мекемеге «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жасақтаған жеңілдіктермен келісетінін, алайда материалдық-техникалық базаны алып тастау бөлімін қайта қарауды ұсынды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік сатып алу заңына бірқатар өзгеріс енгізу туралы нақты тапсырмалар берді. Алайда біз өз тарапымыздан жеңілдетеміз деп, бәрін құрдымға жібермесімізге кім кепіл? Мердігер мекеме бекітілгенмен, оның не жұмысшысы, не материалдық-техникалық базасы болмаса жұмыс жүрмейді. Ал оны өзге мекемеден жалға алуға ірі компаниялар келіспейді. Кейін олқылықтар орын алады. Мен бұл мектептерді тек Атырау облысындағы мердігер мекеме салсын деп тұрғаным жоқ. Өзге өңірден де келсін, бірақ өзінің барлық құрал-жабдығымен келіп, сапалы жұмыс істесін. Сондықтан бұл бөлімді қайта жасақтауды сұраймын,-деді С.Шәпкенов.

Айта кетейік, Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынады. 9 мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде, 3 мектеп 2025 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button