Атырауда тұңғыш Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ашылды
Мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бүгін оқушыларға өз есігін айқара ашты. Салтанатты іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Бүгінгі білім ордасының ашылуы, облыс көлеміндегі спорт саласына жаңа дем береді. Мектеп қабырғасы 120 оқушыға жоспарланғанымен, сұраныстың көп болуына байланысты, облыс әкімінің қолдауымен 200 балаға дейін орын санын көбейтуге шешім қабылданды. Бұл мектеп Атырау облысының ғана емес, еліміздің атын асқақтататын, спортшыларды шығаратын мекенге айналады деген сенімдемін, — деді М.Мурзиев.
Аталған білім ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Закиеваның айтуынша, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне төрт спорт түрінен, яғни, бокс, дзюдо, еркін күрес, таеквандодан 200 бала оқуға түскен. Соның ішінде боксқа — 41, дзюдоға — 92, еркін күреске — 55, таеквандоға — 12 бала қабылданған. Дәлірек айтқанда тамыз айының 21-не дейін оқуға құжат қабылданып, 22 және 23 тамыз күндері оқушылар дене дайындығынан, таңдаған спорт түрінен және мектеп пәндерінен емтихан тапсырған.
Г.Закиева оқу орнының ерекшеліктеріне тоқтала отырып, алдағы уақытта мектеп-интернаты жанынан колледж ашылып, оқушылар өз білімдерін ары қарай жалғастыра алатынын атап өтті.
— Бұл Атырау облысы тарихында тұңғыш рет ашылып отырған спорт және білімді қатарынан алып жүретін мектеп. Олимпиада резервтерін дайындау мақсатында төрт спорт бағытында ашылып отыр. Мектептің ерекшелігі — олимпиада резервтерін дайындайды және білім стандарттарын қатар алып жүреді. Білім беру бағдарламасына тоқталсам, басқа мектептерден еш айырмашылығы жоқ. Бірақ көркем еңбек пәнінің орнына жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта жанымыздан колледж ашқалы отырмыз. Оқушыларымыз сол колледжде өздерінің білімін ары қарай жалғастыратын болады, — деді Г.Закиева.
Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылына сыныптар жасақталып, жаңа оқу жылын бастап отырғанын жеткізді. Дегенмен спорт мектеп-интернатында жылына екі рет, желтоқсан және мамыр айларында оқушылардың білімі, тәртібі және спорттық нәтижесі бойынша талдау жасалмақ. Төмен нәтиже көрсеткен оқушылар мектеп тәртібі бойынша оқудан шығарылады.
Ал оқу орнының тәрбиеленушісі Елдос Ұлықпан жаңа мектебін қызығушылықпен аттап отырғанын айтты.
— Менің осы спорт мектебіне түсудегі мақсатым — Елдос Сметов ағаларымыз сияқты олимпиада чемпионы болғым келеді. Интернаттың іші жақсы, барлық жағдай жасалған, тамақтары да өте керемет. Жаңа достармен де танысып жатырмын, — деді жас спортшы Елдос Лұқпан.