2021 жылдың 9 айында сенім телефонына 243 қоңырау түскен, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың арасындағы суицид фактілерінің алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар сөз етілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуованың айтуынша, 2018 жылдан бері «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Суицид превенциясын енгізу жол картасын» жүргізу аясында облыста психикалық денсаулық орталығының жанынан суицидологиялық жұмыспен айналысатын бөлім құрылған. Сонымен қатар, арнайы сенім телефоныда жұмыс жасайды.
- Облыстық психикалық денсаулық орталығында 20-53-30 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс жасайды. 2021 жылда 243, оның ішінде қала бойынша – 241, аудан бойынша – 2 қоңырау түсті. Хабарласқандардың арасында жасөспірімдер жоқ, ересек адамдар, — деді Жанар Садуова.
Атырау облысы әкімінің орынбасары кәмелетке толмағандар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын-алу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.
Айта кетейік, жиында «Bilim Foundation» қоғамдық қорының басқарушы директоры Жанат Досжанова www.BFLine.org сайтында жасөспірімдер мен ата- аналар, педагогтар үшін ақысыз, құпия психологиялық көмек алу мүмкіндігі барын атап өтті.