
Атырауда «Study in Kazakhstan» білім көрмесі өтті
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мектеп және колледж түлектеріне арналған «Study in Kazakhstan» ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл ауқымды іс-шара жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді таныстыру және талапкерлерге нақты бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілді. Бұл туралы аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Р.Емелбаев арнайы қатысып, 2025–2026 оқу жылындағы ЖОО-ға қабылдау ережелері, бейіндік пәндер комбинациясы, мемлекеттік білім гранттары туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.
Университеттің басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова өз сөзінде көрменің еліміздің жастары үшін маңыздылығын атап өтті.
-Бұған дейін бұл көрме алыс және жақын шетелдерде өткен болатын. Енді өңірімізде өтуі — талапкерлерге мамандық таңдауда жол сілтейтін үлкен мүмкіндік. Бұл – білім мен ғылымға ұмтылған жастар үшін нақты қолдау, – деді ректор.

Көрме барысында университеттің факультеттері мен білім беру бағдарламалары таныстырылып, талапкерлерге жаңа мамандықтар, оқуға қабылдау шарттары, зертханалар, студенттік клубтар мен ғылыми үйірмелердің жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар тақырыптық шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды.

Іс-шараға университеттің серіктестері — KPI, OPEN Training Centre және басқа ұйымдар қатысып, өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар М.Губкин атындағы РМУ филиалына сынақ емтихан тапсыру мүмкіндігі қарастырылды.
«Study in Kazakhstan» көрмесі талапкерлерге болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесетін, нақты ақпарат пен тәжірибелік кеңес алуға болатын маңызды алаңға айналды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА