Атырауда қандай мамандықтар тегін оқытылмақ?
Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы жылы 918 адамды жергілікті бюджет есебінен 158,6 млн. теңгеге оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Теңізшевройл» мекемесінің қаражаты есебінен 1000 адам оқытылады. Осы ретте, 4-ші шілдеден бастап облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС-гі арасындағы келісімге сәйкес, «APEC PetroTechnic колледжінде» 11 мамандық бойынша жұмысшы мамандықтарына қысқа мерзімді оқытуға Атырау қаласы мен барлық аудандарда жұмыссыздарды іріктеу жұмыстары басталды. Курстар «APEC PetroTechnic колледжі», «Ақтау» оқу орталығы, «ILT» оқу орталығы оқу орындарында, құрылыс ағаштарын монтаждаушы, жалпы құрылыс жұмыстары жөніндегі жұмысшы-бетоншы, қалыптаушы және арматуршы, құбыр монтаждаушы, металл конструкцияларын монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, металл конструкцияларын дәнекерлеуші, бояушы, оқшаулаушы және тағы басқа мамандықтар бойынша оқытылады.
Іріктеуден кейін тестілеу жұмыстары 6-9-ші шілдеде, сағат 10.00-де Атырау қаласы Нұрсая ықшам ауданы, Елорда 24 мекенжайында «APEC PetroTechnic колледжінде» өтеді, деді А.Мәмбетов.
Айта кетейік, бюджет есебінен қысқа мерзімді оқу курстарын жұмысшы мамандықтары бойынша 61 адам бастады. «Теңізшевройл» мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылған оқуға жұмыссыздарды іріктеу жұмыстары қала мен барлық аудандарда жүргізілуде.