Атырауда облыстық «Цифрлы ұстаз» байқауы қорытындыланды
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ұйымдастырған ұстаздардың облыстық байқауы қорытындыланды.
Өңірдегі педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін ұйымдастырылған байқауға 25 жаңашыл мұғалім қатысып, бақ сынады.
Байқауға қатысушыларының жұмыстары «instagram» әлеуметтік парақшасында #atyraupedagogkonkurs хэштегімен жарияланды.
Әлемдік деңгейде пандемия жарияланған кезде барлық жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері мәжбүрлі түрде қашықтан оқуға көшті.
Осы орайда, ұстаздар цифрланған жүйеге көшу арқылы жаңа технологиялармен жұмыс істей бастады.
Байқау қатысушыларының кейбірі байқаудың мазмұнын түсінбей, тақырыптан ауытқып кеткен болса, қатысқан мұғалімдер арасында білім беру мен тәрбие ісінің тың тәсілдерін ұсынған үздік педагогтер де байқалды.
Оқушылар мен студенттер үшін тиімді әдіс-тәсілдер цифрланған Bilim land, Kahoot, Online mektep, Neaprod, Twig, Itest, Zoom, Іmektep т.б. бар.
Қазылар алқасының шешімімен осындай заманауи бағдарламаларды атап қана қоймай, жұмыс жасау процесінде көрсеткен Индер ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қайырбек Кенжәлиев жүлделі І орынға ие болды.
ІІ орынға 16 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Саргужиева, ІІІ орынға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы Жауһардария Ерсайынова лайықты деп танылды.
Сондай-ақ байқауға қатысқан барлық педагогтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Жүлдегерлерге ноутбук, телефон, планшет табысталды.
Марапаттау шарасында «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директоры Ысқақ Егембердиев қатысушыларға ризашылығын білдіріп, осындай жаңашыл бағыттағы байқаулар заман талабы екеніне тоқталды.
Айта кетейік, келер жылы да аталған байқау жалғасын таппақ.
Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА,
Суреттер Ерлан Алтыбаевтікі